Мемлекеттік сатып алудағы серпінді жоба
Аудан әкімдігінде Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңына енгізілген өзгерістерді түсіндіруге байланысты семинар-кеңес өтті. Оған кент, қала және ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім, мемлекеттік мекеме және кәсіпорын басшылары мен мемлекеттік сатып алуға жауапты мамандар қатысты.
Басқосуды ашқан аудан әкімі аппаратының басшысы Нұрғиса Жалғасбаев семинардың маңыздылығына тоқталды.
– «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңына 2019 жылы енгізілген өзгерістерге байланысты, оның ішінде конкурстарды қарау тәртібі, тікелей келісімшартпен отыруға рұқсат берілген баға шегі ұлғайғаны белгілі. Мысалы, аудандағы кент, қала және ауылдық округтерге тікелей келісімшарт арқылы бір көзден 3000 АЕК, яғни 7 575 000 теңгеге дейін жұмыстар, қызметтер және тауарлар сатып алуға рұқсат берілген. Ол өз кезегінде елді мекендердің санитариялық қызметін, автомобиль жолдарын және жарықшамдарды күтіп ұстау жұмыстарына көп көмегін тигізді. Одан әрі 2020 жылы мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнамаларға көптеген өзгерістер енгізу күтілуде. Соның ең бастысы – «Орталықтандырылған мемлекеттік сатып алулар» атты пилоттық жобасы. Аталған жоба елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында және Қызылорда, Қостанай, Батыс және Шығыс Қазақстан облыстарында бір жыл көлемінде жүргізілетін болады, – деген Нұрғиса Жаппарбергенұлы жаңа жобаның тиімді жақтарын назарға алды.
Нұрғиса Жаппарбергенұлының айтуынша, пилоттық жобаның негізгі мақсаты – мемлекеттік сатып алулар процесстерін жеңілдету, республика көлемінде тапсырыс берушілердің санын азайту. Мемлекеттік сатып алуға бөлінген қаржыны тиімді және оңтайлы жұмсау, сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу. 2020 жылдың нәтижесіне орай болашақта бұл пилоттық жоба 2021 жылдан бастап барлық облыстарда қолданысқа енгізілетін болады.
Күн тәртібіндегі мемлекеттік сатып алу заңнамасы жөнінде және 2020 жылы енгізілетін өзгерістер бойынша аудандық мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы Нұрлан Толыбаев, мемлекеттік сатып алу саласындағы жергілікті қамту мәселесі жөнінде мемлекеттік сатып алу бөлімінің бас маманы Тойлыбек Талғатбеков, «Орталықтандырылған мемлекеттік сатып алулар» пилоттық жобасы аясында жүргізілетін мемлекеттік сатып алулар тәртібін ұсынуы жайында мемлекеттік сатып алу бөлімінің бас маманы Ақжол Жүсіпов баяндама жасап, заңға енгізілген өзгерістерді жан-жақты түсіндірді.
Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі