Ұлттық құндылықтарды ұлықтауға тиіспіз
Қызылорда облыстық телеарнасының негізін қалаушылардың бірі, ақпарат саласының үздігі Айткүл Шалғынбаева бүгінде құрметті еңбек демалысында. Ол 1991 жылдың 30 сәуірі күні облыс тарихында тұңғыш рет орталық алаңдағы 1 мамыр парадынан жылжымалы телестанса арқылы тікелей репортаж жүргізді. Алты жыл бойы «Қазақстан» Ұлттық арнасының облыстағы меншікті тілшісі қызметін қоса атқарып, аймақ жаңалықтарын республикаға жеткізді.
Айткүл Жетібайқызы облыстық телеарналардың ішінде алғаш рет 1997 жылы сараптамалық авторлық бағдарлама дайындап, елдік деңгейдегі мәселелерді көтерген бірден-бір білікті журналист. Мақтаншылықты жаны сүймейтін Сырдың сақа журналисі өзге де басылымдардан түскен ұсыныстарға күнделікті графигінің тығыздығынан көбіне бас тартады екен. Ал біздің аудандық «Қазалы» газетіне сұқбат беруге келісімін берді. Осындай керемет тілдесуге қасиетті Қазалы халқына құрметі ретінде әрі шәкірті болғандықтан уақыт тауып, көңіл бөлгеніне риясыз алғыс білдіреміз.
– Айткүл Жетібайқызы, журналистикаға қалай келдіңіз?
– Журналистиканың саяси қызмет һәм шығармашылық екенін білмеген кезеңде, мектеп қабырғасында облыстық газетке мақала жазып, өлеңіміз басылғанда мәз болып жүрдік. Жоғары класта Балажан апайым туралы “Қазақстан мұғалімі” газетіне жазып, ол мақалам апайымның суретімен үшінші бетке шығып, өзімді нағыз журналист сезінгем. Сөйтіп осы сала ауылына басқан қадамымыз құт болып жалғаса берді.
1978 жылы Казгу-дің журналистика факультетіне түстім. Маман кез келген салада ысылады. Менің ойымша жас журналист ең бірінші информация – ақпарат, репортаж жазып үйренуі керек. Осы екі жанрды шұғыл, тез арада жаза білген адамнан журналист шығады.
– Өзіндік көзқарасы бар өткір сараптамалық материалды тігісін жатқызып, жүректен жүрекке жеткізу үшін неден бастау керек?
– Әрине сараптамалық материалды дайындау – мақала жазудан күрделі. Сараптама жасау үшін материал жан-жақты зерттеледі, зерделенеді. Неге, қалай, қайтіп деген сауал туындап, бір саланың айналасында, бірнеше саланы саралап, бір сөзбен айтқанда дәлелің де, дерегің де, нақты істер де сарапталып, материал дайын болады. Өресі жетсе, шешілу жолдарын да айтып, қозғап отырған саланың мамандарымен бірдей түсініп, бірге ұсыныс жасауға болады.
Сондықтан журналисттің барлық саладан хабары болуы тиіс. Егер ізденгіш, көп оқитын болса, кез келген саланың мамандары айтып тұрған терминдерді бірден түсініп, әрі қарай дамытып, сұрақ қойғанда да қиналмайды әрі оны жақсы түсініп тұрған тілшімен сала маманы не басшысы сөзі жарасып, тақырып тез ашылады.
– Қазір телевидениеге актерлер мен әншілер көптеп тартылуда. Неге? Олар жүргізетін бағдарламаға қарапайым журналистің табылмағаны ма?
– Қазір журналистердің нанын актер мен әншілер тартып алды. Бірақ олар жүргізген бағдарламалар – сайқымазақ, концерт, жеңіл әрі мағынасыз болғандықтан оны журналистер жүргізбес те еді.
Халықтың ой-санасы бүгінде сол жеңіл күлкіге құрылған дүниелерге үйренді. Бұл саясат та болуы мүмкін. Халық теледидар алдында топан күлкіге кенеліп қызықты өткеніне мәз. Сондықтан актер мен әншілер жүргізетін хабарлар жабылу керек. Оның орнына ойлы, тарихи-танымдық бағдарламаларды көбейту қажет.
– Ғұмырыңыздың басым бөлігін журналистикаға арнадыңыз. Бүгінде қадірлі зейнет жасындасыз. “Әттең” деген тұстар мен өкпе-назыңыз жоқ па?
– Иә, бұл салаға 17 жасымда келдім. Газет, радиоға материалдарым шыға бастағаннан өзімді журналистпін деп білем.
Көбіне ұлт мәселелерін көтердім. Ел дамуындағы үлкен түйткілдер мен жетістіктерді жаздым. Айтқым келген және айтуға тиіс болған шындықты айттым, жаздым.
Тәуелсіздігімізді алған алғашқы жылдарда егемен елдің ұлттық идеологиясының қалыптасуына, халықтың ой-санасын жаңа қоғам, жаңа заман, ұлт мұраты жолына бағыттауға үлес қостым деп ойлаймын.
– Қаламгер, сарапшы журналист ретінде облыстың су жағдайы мен трансшекаралық су мәселесін 30 жылдан бері айтып келесіз. «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің Солтүстік бөлігін сақтау» жобасының екінші фазасы жайлы тарқатып берсеңіз...
– «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің Солтүстік бөлігін сақтау» жобасының бірінші кезеңі толық жүзеге асты. Көкарал бөгеті көтеріліп, Кіші теңізге су толды, балық шаруашылығы дамыды.
Теңіз айдыны бұрын Арал қаласынан 75 шақырымға алыстап кеткен болса, осы ара қашықтық бүгінде 17 шақырымға қысқарды. Теңіз акваториясы да өсті, мұндағы су көлемі 15 миллиард текше метрден 27 миллиардқа ұлғайды.
Бұған қоса, өңірдегі көлдер жүйесі де сулана бастады. Солтүстік Арал суының минералдануы төмендеді. Ал Кіші Арал суының тұздылығының азаюы оның байырғы кәсіптік маңызы бар балықтарының өсіп-өнуіне қолайлы жағдай туғызды. Су айдынында бұрын жоғалып кеткен балықтың түрлері қайта түледі. Бұл теңіздің флорасы мен фаунасының қайта жандануына әкелді. Балықшы қауымның үкіліген үміті ақталды.
Жобаның сәтімен жүзеге асуы Арал өңірі тұрғындарының әлеуметтік жағдайы мен экологиялық ахуалының жақсаруына ықпал етті. Елден көшіп кеткен балықшылар қайтып оралды. Жалпы ауданның экономикасын көтеруге оң әсерін тигізді.
Осындай нәтиже берген САРАТС-1 жобасы әрі қарай жалғасып, САРАТС-2 боп, жүзеге асуы тиіс еді.
Алайда екінші кезең 15 жылдан бері тартысқа түсіп, итжығыспен келеді.
САРАТС жобасының екінші кезеңінің бірінші нұсқасында Көкарал бөгетін көтеру болса, екіншісінде тағы да Көкаралға қосып, Сарышығанақтан “Сарышығанақ” бөгетін салу көзделген.
Соңғы нұсқа мамандардың айтуынша, Кіші Аралдың су алабына, оның флорасы мен фаунасына, қоршаған ортаға теріс әсер береді. Мысалы, балықтың уылдырық шашуына кедергі жасауы мүмкін. “Сарышығанақты” толтыру үшін де тағы екі нұсқа қаралған. Сырдариядан канал тарту немесе сол каналды Саршығанаққа Қамбаштан тарту. Бұл екеуі де тиімсіз. Өйткені канал құмның үстімен жүргізіледі. Аптап ыстықта ауаға ұшу, құмға сіңу сияқты суды жоғалту процесі көп болады. Сосын Қамбаштың суы бүгінде тартылып, жоғалып барады. Одан канал тарту мүлдем мүмкін емес. Экологтар оған рұқсат бермейді деп ойлаймын.
Жалпы Сарышығанаққа бөгет салу, оның эксплуатациясы қып-қызыл шығын. Сырдария онсыз да судың азаю процесінде тұрғанда “Сарышығанақты” көтеру өте тиімсіз. Экологиялық және экономикалық жағынан екі бөгетті ұстап тұру үшін облыстық бюджетке салмақ түседі. Сондықтан Көкаралды тағы да 48-52 метрге дейін көтерсе, онда Арал теңізінің Солтүстік бөлігін сақтап қала аламыз, теңіз суға толады және Арал қаласына дейін барады деп атақты сушылар ақиқатын айтып отыр.
– Өмір тәжірибеңізде кездескен түсірілім кезіндегі қызықты сәтті еске алсаңыз...
– Тікелей эфирде 18 жыл жүргізген сараптамалық бағдарламамды жаз мезгілінде жүргізетінмін. Тап-тар студияда ауа жоқ, терезелер қалың пердемен күн сәулесі түспейтіндей қымталған. Әрі ауа кіретін саңылау да жоқ. Эфир басталғанда есік құлыпталып қалады. Он шақты ыстық прожектор маған қаратып, 1 сағат бойы шақырайып, жанып тұрады. Далада 40 градус, іште 10 прожектодың ыстығы, содан бірде ауа жетпей, құлап бара жатқандай болдым. Тікелей эфирде алдыма кәдімгі телефон аппаратын қойып қойғанбыз.
Режиссермен келісім бойынша, егер ауа жетпей, жүрегім шыдамаса, мен телефон тұтқасына қолымды апарамын. Дәл сол сәтте режиссер бірден мені эфирден алып тастайды да, орныма келесі камерада тұрған заставканы қосуы керек. Бір кезде жүрек қысылып, бетім дызылдап, ұйып барады. Дереу телефонның трубкасын ұстай бергенімде, заставка қосылды. Операторлар жүгіріп, қасыма дайындап қойған мұз суды бетіме шашып, есімді жиғызып алды да, режиссер мені қайта қосты. Өзім де: “Мен дайынмын, қос!” дедім.
40 секундтық паузада мұз суды ішіп, бетіме сеуіп үлгеріп, көрермендерден түк болмағандай, сіп-сібежи болып, техникалық олқылықтар үшін кешірім сұрап, сараптамамды қайта жалғастырғанмын.
– Бұрынғы мен бүгінгі телевидениенің айырмашылығы қандай?
– Әрине бұрынғы телевидение мен қазіргі телевидениенің айырмашылығы жер мен көктей. Мәселен, мен суфлерды 90 жылдары қолдан жасадым. Ол кездері кәдімгі ыстық, күйіп тұрған прожекторлардың астында 15 жыл отырдық. Кейін холодный – суық прожекторлар келіп, эфирді рахаттанып жүргіздік. Монтажный столдың өзі жаңа заманғы жұмыс жасауға қолайлы. Айырмашылық көп.
Қазір цифрлық технология. Телевидениедегі жастарға бейнет жоқ, рахат қой. Ізденем десе, алдында компьютер. Тек оқы, оқы, ізден, біз бар бейнетті атқарып, телевидениені қалыптастырып бердік. Телевидение журналистикасына бүгінде белгілі журналистер: Алтынай Молжанова, Мөлдір Құлмұрзаева, тағы да басқа көптеген журналисті баулыдық.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА