Кеңес Дүйсекеев, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері: «Жүзім суық, жүрегім жұмсақ»
– Кеңес аға, туған жерге қош келдіңіз. «Өнер жолы – ауыр жол» дейді. Сол жолда қиындықты қайыспай көтеріп келе жатқан жанның бірі өзіңізсіз. Бойыңыздағы осындай саф өнерге деген тазалық тұнығын қайдан алды?
– Өнерге адам кездейсоқ келмейді. Егер кездейсоқ келген болса, ол тудыратын туындылар да өміршең бола алмайды. Жастайымнан Сыр бойының жыр-термелерін, күйлерін құлағыма сіңіріп өстім. Өнер – қанмен келетін, жаныңа киедей қонатын қасиет. Оның аманаты ауыр, жүгі жеңіл емес. Осындай қастерлі жолға, сазды салаға деген құштарлық бойыма бала күннен бастап бітті. Мектеп қабырғасында жүріп, бір-екі күйді үйрендім. Аудандағы музыкалық білім беретін мектептен домбыра сыныбын тәмамдадым. Нота таныдым. Өнерге деген құштарлығымды оята түстім. Менің алғашқы ән-күйлерім де осы кезде шыға бастады. Орта мектепті бітірген тұсымда бойымдағы қабілетімді байқаған Рахатдин ағам қазақ музыкасын зерттеуші, көрнекті ғалым, белгілі композитор, дирижер, профессор, академик Ахмет Қуанұлы Жұбановқа ертіп апарды. Ол кісі менің өнерімді ықыласпен тыңдап, ақ батасын берді. Музыкалық білімімді жетілдіру қажеттігін айтты. Ағама: «Баланың қабілеті бар екен, сондықтан оған жақсы білім алу керек. Сол үшін, менің тілімді алсаңдар, алдымен музыкалық училищені бітіргені жөн. Сосын консерваторияны дайындық курсынан бастап оқуы керек. Сонда ғана білімі толық болады», – депті.
Сөздің қысқасы, мектепте жақсы оқысам да басқа институтқа мойын бұрмай, музыкалық училищеге ырғақты есту қабілетінен емтиханды ойдағыдай тапсырып, оқуға қабылдандым. Осылайша алдымен Чайковский атындағы музыкалық училищені, соңынан консерваторияны бітірдім. Қарап отырсам, өмірімнің он жылын өз мамандығым бойынша білім алуға жұмсаппын. 1974 жылы 28 жасымда композитор және музыка пәні мұғалімі деген мамандықтың дипломы қолыма тиіп, оқуды бітірдім.
– Бір сұхбатыңызда өзіңізді «сазгер» деп атаған азаматтарға өкпе-налаңызды білдірген екенсіз. Сіздің ұғымыңызда композитор арнаулы музыкалық жоғары білімі, үлкен талғамы бар жан. Ал, Балуан Шолақ, Ақан сері, Иманжүсіптерді неге біз «халық композиторлары» деп жүрміз? Қазіргі таңдағы композиторлар кімдер?
– Рас айтасыз, бұл жайлы айтылып та, жазылып та келеді. Халық талғамы төмен деп айта алмаймын. Алайда композитор – арнайы консерваториялық білімі бар, саз жанрын жан-жақты меңгерген маман. Әрине, арнайы білім алған соң композитор саналасың, бірақ композиторлығың мойындалу үшін туындыларың елдің көңілінен шығуы керек.
Оқуды бітіргесін үш жыл өткенде (1977 жылы) КСРО Композиторлар одағының мүшесі болдым. Одаққа мүшелікке өту үшін арнайы білімің және классикалық жанрларда жазған бірнеше үлкен шығармаң болуы тиіс. Оны алдымен Мәскеуге жіберуің керек. Сол жақта шығармаңды оркестрлерге салып орындатады, сосын тыңдап, авторын Композиторлар одағына алу туралы мәселе шешіледі. Әлі есімде, Одаққа өтерде жүз жиырмадай музыкант орындайтын оркестрдің үлкен құрамына арнап концерттік симфония жазып тапсырғанмын.
Сіз айтып отырған «сазгер» саз, әуен шығарып, оны жеңіл-желпі әнге айналдыратын өнерпаз. Кәсіби тұрғыдан қарағанда, олар жасаған туындының өрісі оншалық кең болмайды. Өйткені, сазгерлер фортепьяноға, тағы сол сияқты аспаптарға арнап шығарма жаза алмайды. Кеңестік кезеңде сазгерлерді «әуесқой композитор» дейтін еді. Сол үшін ыңылдап ән шығаратындарға сазгер деген атау келеді. Ал композиторлар, бұлар кішігірім ән-әуеннен бастап, үлкен көлемдегі симфония, концерттік шығармаларға дейін жаза алатын, арнайы музыкалық білімі бар шығармашыл тұлға. Ол музыкалық туындыны тудырып қана қоймай, оны нотаға түсіре алады, оркестрлерге арнап партитуралар дайындайды. Бір сөзбен айтқанда, композитор» дегеніміз латын тілінде compositor – құрастырушы, ойдан музыка шығарушы, яғни, музыкалық туындылардың авторы, музыка жазатын адам.
Соңғы кезде ыңылдап ән шығаратындар талғамды бұзып жатыр. Шынында, өнерге композитор профессионалдық деңгейде қарауы керек. Ондай азаматтар саны аз болса да бар. Жоқ деуден аулақпын. Болашақта да болады.
Балуан Шолақ, Ақан сері, Иманжүсіптер – халық композиторлары. Халық әндерінің, халықтық музыкасының терең иірімдерін меңгерген мұндай жандар, шынында, композитор деуге лайықты. Ал, бүгінгі сазбен әуестеніп жүргендерді бұлармен теңестіру әсте мүмкін емес.
– Қазірде симфониялық, камералық оркестрлерге арнап күрделі шығармалар жазып жүргендігіңізден хабардармыз. Тыңдарман жұртшылық жаңа әндеріңізді сағынып қалған жоқ па?
– Оны өзім де білемін. Бірақ композитор болғандықтан менің алдымда атақ-абыройыма сай шығармалар жазу міндеті тұр. Бұл – парыз. Өткен жазда трубамен орындауға арналған концертті бітірдім. Сосын Құрманғазының «Ақсақ киік» деген күйінің әуендік интонациясын пайдалана отырып, хорға арналған шығарма жаздым. Камералық шығармалар да бар. Арасында әндер де жоқ емес. Шығармашылық тоқтамайды ғой. Қалыптасқан дүние солай жалғаса береді.
Жаңа әндер жазылуда. Дегенмен уақытымның көбін жас таланттарды баулып, тәрбиелеу бағытына арнаудамын. Қазіргі таңда Астанадағы өнер университетінде сабақ беремін. Жалпы, саннан гөрі сапаға назар аударатын азаматтар қатарындамын.
– Сіз түрлі деңгейдегі байқауларға қазылық етіп жүрген өз салаңыздың жетік маманысыз. «Дүйсекеевтің әндерін орындаған әншілердің бағы жанады» деген сөз бар ел арасында. Жалпы, қазіргі жас эстрада өкілдеріне көңіліңіз тола ма, олармен байланысыңыз қандай? Сіздегі өнерге деген талап туралы білсек…
– Байқау – әншілердің профессионалдық деңгейін байқататын өнер додасы. Жас орындаушылар түрлі байқаулар арқылы ысылады, танылады, өседі. Өнерде әділетсіздіктің орын алуы қиын нәрсе. Талай әншіге ән жаздым. Талай әндерім таланттардың бағын ашты. Өнерде кеңістік болмайды. Талантты, талапты жастар қазіргі Қазақстанның жас эстрада өкілдерінің арасында да бар. Ақыл-кеңестерімді айтып та тұрамын.
– Сіз үшін хакім Абай айтқан «толық», яки «кемел адам» кім? Нені, кімді кешіруге болмайды?
– Толық адам кісіге тән құндылықтарды бойына сіңіріп, одан нәтиже шығарған, сондай-ақ жадындағы жақсылығын айналасындағыларға дарыта білген жан. Әркім өзінің мамандығын толық игеріп, белгілі деңгейде биігін бағындырса, кемелдікке бой алдыруы деп айта аламыз.
Екінші мәселеңізге келсем, адам бойындағы кешіруге болмайтын ғадет – сатқындық пен екіжүзділік. Жүрегі, жаны таза емес адамнан таза, шынайы шығарма тумайды.
– Білетіндер «Дүйсекеев бірбеткей, қыңыр» деп жатады. Өзіңізді өзгелерден даралап тұратын бойыңыздағы ешкімге ұқсамайтын мінез қайдан берілді?
– (Ұзақ күліп алып). Әрине, қанмен келген қасиет. Бойымда Жалаңтөс, Әйтекенің қаны тұрғанда бірбеткей болмау мүмкін емес. Адам табиғатына тартып туады. Мен де Қазалы сияқтымын. Жүзім суық, жүрегім жұмсақ.
– Тағылымды әңгіме, сүбелі сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан: Алтын ҚОСБАРМАҚОВА.