Дәметкен Келімбет: Ел намысын құрама қатарында қорғайтын болдым
Әйелдер боксы жаңа ғасырда кең танымалдыққа ие болып келеді. Бұрымдылар чемпиондық атаққа таласып, олимпиада ойындарына қатысып жүр. Ерлерден қалыспай, түрлі бокс додасында көрерменнің көзі тоятын кездесу өткізіп, сонысы үшін қомақты қаражат алады. Олимпиадаға әйелдер боксы алғаш рет 1904 жылы енгізілген. Сент Луиста өткен жарыста 11 қатысушы болыпты. Бірақ комиссия мүшелері бұл спортқа қос қолдап қарсы шыққан. Соның себебінен 11 қатысушы тек көрермен есебінде болды. Оларды ашылу, жабылу салтанатына шақырған.
2012 жылы ғана бұл жаңа спорт түріне саналып, олимпиадаға енді. Соның арқасында сол жылы Қазалы бокс мектебінің түлегі Марина Вольнова қазақ тарихында тұңғыш болып, Лондондағы олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды. Маринадан кейін Қазалы топырағының тумалары әйелдер боксы бойынша ел ішінде өзіндік қолтаңбасын қалдырып келе жатыр. Дәметкен Келімбет – спорттық мансабы өсіп келе жатқан қаракүшке ие қазақ қыздарының бірі. Жақында Голландия астанасында өткен айтулы жарыстан жүлдемен оралған гүрзі жұдырықты жерлесімізді әңгімеге тартқан едік.
– Дәметкен жеңісіңіз құтты болсын, бөлісетін қандай жаңалығыңыз бар? Бокстағы алғашқы қадамыңыз қалай басталды?
– Осы жыл мен үшін жемісті болды. Қазақстан Республикасының «спорт шебері» атағын алдым. Артынша ұлттық құрамаға шақырту келді. Енді ел намысын құрама қатарында қорғайтын болдым. Мен алғаш бокс үйірмесіне 2012 жылы барып, содан бастап спорттың бұл түрі өмірімнің маңызды бөлшегіне айналды. Айналысқаныма дәл қазір жеті жыл болыпты.
Өзімді осы салада ғана көргендіктен 2013 жылы Қазалы гуманитарлық-техникалық колледжінде «Дене тәрбиесі және спорт» мамандығына оқуға түстім. Спорттың айналасында жүріп, тек осы жолға бар уақытымды арнаған маған бұл дұрыс таңдау болды. Себебі екі жақтың да көздейтін мақсаты бірдей болған соң бір-біріне зиянын тигізбейді. 2016 жылы білімімді тереңдетіп, жаттығуды жетілдіру үшін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде аталған мамандығыма сәйкес құжат тапсырып, бітіріп шықтым. Қазір аптаның жеті күні бойы жаттығу залында жүрмін.
– Жаттықтырушыңыз жайлы айтып өтсеңіз...
– Өмірдегі екінші әкем деп арқа сүйейтін бапкерім, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы – Бақытбек Құлбаев. Қарамағындағы қыздардың бәріне бірдей қарап, қанатының астына алып жүреді. Бірақ кәсіби тұрғыдан өте қатал жан. Жалқаулық пен өзіңе бос қарау неге әкеліп соқтыратынын ескертіп, алға қойған мақсатқа жету үшін ұмтылыс пен жалынды жігер керек екенін үнемі айтып отырады. Тәжірбиесі әлдеқайда көп адамның ақылын тыңдап, бағыт берген жолынан адаспасаң, арманыңа қол жеткізетінің даусыз. Бақытбек ағай да біздің бокстағы бағдаршамымыз.
– Жеті жылдық жетістігіңізге тоқтала кетсек және Қазақстанда кездескен ең қиын қарсыласыңыз?
– Аллаға шүкір, көптеген жарыстардан жүлдегер атанып жүрмін. Ең ыстығы 2013 жылы Қазақстан чемпионатында қола медаль алған кезім. Бұл менің бокстағы алғашқы үлкен жеңісім болды. Әрі қарай өзіме маңыздыларын атап өтсем: 2014 жылы Өзбекстан мемлекетінің Бұқара қаласында болған ашық турнирде екінші орын бұйырды. 2017 жылы әйелдер арасындағы бокстан «Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің кубогы» халықаралық сайысында 57 келіде бақ сынап, бірінші орыннан табылдым. Сербияның Сомбор қаласында өткен 7-ші халықаралық кубок сарапқа салынған бәсекеде үшінші орын иелендім. Және соңғысы биыл Голландияда өткен «Эйндховен кубогі – 2019» турнирінің жеңімпазы атандым. Жиырмаға жуық түрлі жарыстарға барып, құр қол қайтқан кезім жоқ.
Барлық қарсыластар осал емес. Және шаршы алаңға шыққаннан кейін қарсыласты бағаламай, өзіңе қатты сеніп қойсаң да қате болады. Себебі үлкен жарыстарға жүздеген боксшының арасынан суырылып шыққан шымырлар келеді. Әрқайсысына жекелеген дайындық керек. Осал тұстарын тауып, тактика бойынша жұмыс істеген дұрыс.
– Марина Вольнованың Лондондағы жеңісі жайлы ойыңыз...
– Ол елдің спорт тарихында олимпиададан орын алып, озып шыққан алғашқы қазақстандық қыз ретінде қалатыны анық. Қазалы бокс мектебінен шыққан Маринаның мерейі үстем болуы аудан халқына ерекше әсер ететіні сөзсіз. Оның артынан өсіп келе жатқан жерлес ізбасарларының көкейіне сенім ұялап, Маринаның жеткен биігін бағындыруға тырысады. Сол тізімде мен де бармын. Оның Лондондағы жеңісі қыздар боксына тың серпіліс әкелді. Яғни бұл жаққа да жеткілікті деңгейде қолдау көрсетіліп, қадағалау да күшейді.
– Қазан айындағы Қазалы халқы үшін жағымды жаңалықтың бірі – Голландия елінде өткен «Эйндховен – 2019» турнирінде сіздің жеңіске жетіп, алтын таққаныңыз болды. Осы жарыс жайлы бір-екі ауыз сөз...
– Амстердам қаласында өткен жарыс мен үшін жемісті болғаны рас. Бапкерім уақыт жақындаған сайын дайындықты күшейтіп, психологиялық тұрғыдан даярлады. Нәтижесі өздеріңізге аян. Ол жақта 3 кездесу өткіздім. Алғашқыда франциялық қызбен шығып, бағым басымдау болып жеңіс бұйырды. Екіншісінде Италия елінен келген боксшымен бақ сынастым. Өзімді салқынқанды ұстап, қарсыластан айламды асырдым. Кездесуді уақытынан бұрын аяқтап, финалға шықтым.
Ақтық сындағы жекпе-жекте Мали мемлекетінен келген боксшымен тайталастым. Жеңіс тұғырына тұрақтауға соңғы қадам қалғанда дегбірсізденіп, бойымда қорқыныш пен сенім арпалысып жатты. Бірақ ұрған соққымның көбісі дәл тиіп, ұпай бойынша ұтып шықтым. Мойныма алтын медаль тағып, көздеген мақсатты орындадым.
– Жаттығуды күшейтіп жүрмін дедіңіз. Алдағы уақытта қандай ауқымды турнирлер бар?
– Осы жылы олимпиаданың жолдамасы сарапқа салынатын жарыстар көп. Жақын арада Ғалым Жарылқапов атындағы турнир келе жатыр. Сонда қатысып, алтын алу ойда бар. Жалпы қазіргі таңда қыздар боксына жақсы көңіл бөлінеді. Бұрын бұл салада нәзікжандылардың жүруі біртүрлі көрінетін. Қазір түсінік өзгерген. Ата-аналар да түсіністікпен қарап, боксқа бойы бейім қаракөз қыздарының таңдауына таласпайды. Қолдау білдіріп, қолпаштап жатады.
– Әлемге танымал боксшылардан кімді үлгі тұтасыз?
– Маған бокс тарихындағы жарқын жұлдыздың бірі – Мұхаммед Әли қатты ұнайды. Оның ойын көрсету стилі, спортшы ретінде өзін ұстауы бәріне үлгі болған. Спорттық жетістіктерінен адамгершілікті биік қойып, өзі өмір сүретін АҚШ-та Вьетнам соғысына ашық наразылық білдіреді. Соның кесірінен барлық атағынан, медальдан айырылды. Бірақ шаршы алаңға қайтып келіп, барлық жіберген есесін қайтарып, атақ-даңқын аспандатты.
Одан бөлек, кәсіпқой бокстың құбылысы Майк Тайсонды ерекше атап өтуге болады. Ұрғанын құлататын алып күштің иесі боксты шоу ретінде жаңа деңгейге шығарған. Аталған екеуі де ислам дінін қабылдағаны мақтанарлық жайт. Қазіргілерден Ломаченконың кездесулерін жібермей қарап жүремін. Соның жанкүйерімін десем де болады.
– Олимпиадаға жолдама алу арманыңыз ба?
– Әрине. Олимпиадаға жолдаманы ұтып алып, әлем назарын тігетін негізгі турнирде ел намысын қорғау кім-кімнің де арманы. Және туған жерінен жалғыз олимпиада жүлдегері шыққан Қазалы қыздары үшін бұл басты мақсат саналатыны айтпаса да түсінікті. Бап пен бағы сәйкес келсе қазалылықтар үшін бұл жеңіс әбден мүмкін нәрсе. №17 спорт мектебінде менімен бірге жаттығатын қыздардың ішінде осалы жоқ. Токиоға жол түсіп, алтыннан алқа тақсақ басты арманымның орындалғаны деп білемін.
Әңгімелескен
Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ