Лондон Олимпиадасының жүлдегері қазалылықтармен кездесті
ҚАЗАЛЫ. ҚазАқпарат - Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Марина Вольнова жерлестерімен жүздесті, деп хабарайды ҚазАқпарат тілшісі. Бұл шараны Қызылорда облыстық жастар саясаты басқарамасының қолдауымен аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығы ұйымдастырды. Туған топырағына табаны тиген атақты спортшы әуелі аудандық спорт кешеніне барып, жас боксшылармен жүздесті. Жігерлендіретін жалынды сөздерін арнап, ашық пікір алысты. Одан соң аудандық мәдениет үйіне келіп, жанкүйерлерімен, ұстаздарымен, сыныптастарымен және алғаш бокс қолбағын кигізген бапкерімен кездесті. Кездесу барысында Олимпиада ойындарының жүлдегері Марина Вольнова спорттағы жүріп өткен жолдарын, жетістікке жетудің қыр-сырын айтты. Одан бөлек спортшы балалардың орны, жетістікке жеткен шебер спортшы ғана емес, отбасы ұйытқысына айналған адал жар, қамқор ана атанудың құпияларымен бөлісті. Ұстаздары ыстық лебіздерін білдіріп, спортшының балалық шағынан естеліктер айтты. «Туған жеріммен сағына қауышып отырмын. Төрт жыл бала күтімімен демалыста болдым. Енді жаттығуларға кірісіп, бабыма келуім керек», - дейді Марина Вольнова. Көпшіліктің сұрауы бойынша ертең спорт кешенінде шеберлік сағаты өтеді. Онда Марина спорт әлеміне енді қадам басқан жас боксшылармен кездесіп, білген-түйгендерін ортаға салады. Айта кетейік, Марина Вольнова Қазалыда алғашқы спорттық жаттығуларын бастаған. Ол осындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде дзюдо күресінен жаттыққан. Марина бүгінде ҚР еңбегі сіңген спорт шебері. АҚШ-тың Барбодос қаласында өткен Әлем чемпионатының күміс, Олимпиада жүлдегері.
Сәрсенқұл НАЗАР
inform.kz