Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Шағала – шаттық ордасы

Шағала – шаттық ордасы

Қазалы қаласының етегінде орналасқан “Шағала” демалыс орталығын білмейтін бала кем де кем. Өйткені үш айлық демалысқа шыққан жас өскіннің барлығы дерлік бір рет болса да осында болғаны анық. Бүгінде ғимараттың іргетасы қаланғанына 60 жылдан аса уақыт өтсе де маусым сайын жүздеген балақайдың демалыс күндерін тиімді өткізуін өз дәрежесінде үйлестіріп отыр. Жақында аталған мекеме басшысы Берік Әбиевпен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Берік Ұлықсатбайұлы, лагерьдегі ұйымдастыру жұмыстарын қалай үйлестіресіздер?
– Қазіргі таңда мұнда 16 адам тұрақты жұмыс істейді. Тағы 23 маман маусымдық қызметке тартылған. Демалыс орталығы 2001 жылы аудандық білім бөлімінің теңгеріміне берілді. Содан бергі уақытта мекеме ұжымы балалардың ойдағыдай тынығуы үшін барынша жағдай жасап келеді.
Бұл істе нысанның материалдық базасы үлкен рөл атқаратыны белгілі. Орталықтың жер көлемі 19 гектар болғандықтан демалушылардың кәдесіне жарайтын барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Оның ішіне екі бірдей жатақхана, медпункт, балаларға арналған бассейн, душ, жаздық клуб, асхана, кіші футболға арналған жасанды жасыл алаң кіреді. Бұдан бөлек, демалыс орталығын таза ауамен, дәмді жеміс-жидекпен қамтамасыз етіп отырған бақшалықтың маңызын да айта кету керек. Бүгінде мұнда әртүрлі ағаш түрлері өседі.

– Демалыс орталығы бір маусымда қанша бала қабылдай алады?
– Лагерьді қалыпты жағдайда ұстап тұру үшін биылғы жылы 33 815 000 теңге қаржы қаралды. Мекеме мезгіл сайын жөндеу жұмыстарын қажет ететіндіктен 534 500 теңге мақсатты іске жұмсалды. Осы жұмыстар тамәмдалғаннан кейін маусым айының басынан бастап демалушылар қабылданды.
2019 жылдың 7 ауысымы бойынша 875 бала жазғы демалысын лагерьде өткізді. Бұлардың 680-і жалпыға бірдей міндетті оқу қорының есебінен тынықты. Қосымша 70 бала ақылы негізде қабылданса, аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы мен ата-аналардың демеушілігімен 125 балаға тегін жолдама берілді. Демалыс орталығында бір баланың жолдама құны 16500 теңгені құрайды.

– Демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қандай жұмыстар атқарылады?
– Балалардың денсаулығы – басты назарда. Аудандық емхана қызметкерлері ауысым сайын тынығушылардың денсаулығын тексереді. Сондай-ақ оқушылардың ата-аналары үшін ашық есік күні белгіленген. Әр ауысым сайын дизенфекциялық жұмыстар жүргізу үшін “Дизенфекция и К” серіктестігімен мәміле жасалған. Залалсыздандыру, лабораториялық аспаптармен тексеру жұмыстарын атқару мақсатында Ұлттық сараптама орталығының облыстық филиалымен және аудандық бөлімшесімен келісімшартқа отырдық. Олар зертханалық жұмыстарды уақытылы өткізіп тұрады. Сонымен қатар демалушылардың жайлылығы үшін кәріз жүйесіндегі лас суларды тазарту, тұрмыстық қатты қалдықтарды жою ісі “Қазалы Көркем Сервис” серіктестігі арқылы орындалып келеді.
Демалыс барысында балалардың сырқаттанып қалу жағдайлары жиі кездесетіндіктен лагерьде амбулаториялық-емханалық пункт жасақталған. Онда аудандық аурухананың дәрігер-педиатр, медбике, тіс дәрігері мамандары қызмет етеді.

– Он күнге созылатын демалыста балалар немен айналысады?
– Оқушылар күніне бес мезгіл тамақтанады. Ауысым сайын 12 тәлімгер он күн бойы арнайы жоспарға сәйкес мәдени-спорттық шаралар өткізеді. Қазалы ауданы бойынша музей мен кітапханаларға саяхат жасап, есімі елге әйгілі тұлғалардың ескерткіштерімен танысады. Сауықтыру шаралары бойынша күнделікті бассейнге түсіп, 4 күн сайын ыстық душ қабылдайды.
Бұдан басқа, аудандық қоғамдық денсаулық басқармасы, төтенше жағдайлар, полиция бөлімдерінің арнайы өкілдерінің қатысуымен астан уланудың алдын алу, су мен өрттен құтқару шаралары жайында жиындар өтеді. Жалпы айтқанда демалушылар өз бетінше өмір сүріп, өзін жан-жақты дамытуға мол мүмкіндік алады.

– Әлеуметтік желі арқылы орталықта балалардың қабілетін ашуға септесетін көптеген сайыстар өтетінін білеміз. Осы жайында тарқатып айтып берсеңіз...
– Ғаламтор желісіне күнделікті атқарылған жұмыс пен ісшараның жай-күйі жарияланып тұратыны рас. Бұл ата-аналарға балаларының немен айналысып жатқаны туралы хабар берудің жолы екені түсінікті. Балалардың талантын ашу мақсатында мұнда 13 түрлі үйірме тұрақты жұмыс істейді. Оның ішінде тілдік, психологиялық тренингтер, спорттық және ұлттық ойындар үйірмесіне қатысушылардың үлесі басым. Сонымен қатар ән-би, көркемсөз оқу, әдебиет үйірмесіне қатысатындар да бар.
Тәлімгерлер жоспарға сай жұмыс істейтінін жоғарыда айттық. Оқушылардың демалыс орталығындағы алғашқы күнінде “Талантыңмен таныл” тақырыбы бойынша өнер додасы өтеді. Онда тынығушылар өздерін жан-жақты көрсетуге мүмкіндік алады. Ал жаз мезгілінде келетін спортшылар күні мерекесінде балалар “Жылдам суретші” атағы үшін тартысқа түседі. Сондай-ақ күлкі күні қарсаңында “Рекордтар әлемі” аясында Гинестер кітабына енетін оқушылар анықталып, “Көңілді тапқырлар алаңы” сайысы (КТА) ұйымдастырылады. Лагерьдегілер ертегілер күнін де назардан тыс қалдырмайды. Бұл мерекеде “Заманауи ертегі”, “Әжем айтқан ертегі” тақырыптары бойынша сахналық қойылым дайындап, ертегі кейіпкерлері сомдалады. Бұдан басқа “Жұлдыздар Шағалада қонақта” атты породия жарысы мен “Үздік клип” додасы аясында балалар өздерінің қатысуымен көрермендерге тірі бейнебаян көрсетеді. Бұндай шаралар елдегі кәсіби мереке күндері қарсаңында да өткізіледі.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
24 тамыз 2019 ж. 1 851 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 73

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930