Күре жолдың көркін келтірген
«Қазалы Жолшы» ЖШС Қазалы ауданындағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының құрылысын жүргізіп, орташа, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жасайды. Бүгінде республикаға танымал серіктестіктің іргетасы 2001 жылдың маусым айында қаланған. №8 жол салу басқармасының базасы ретінде құрылған құрысшылар мекемесінде қазіргі таңда тұрақты түрде 60 адам қызмет істейді. Маусымдық жұмысқа тартылғандар да бар.
Мекеменің өндірістік базасында шет елдің озық технологиялары қолданылады. 2012 жылы Қытай халық Республикасынан «RD-60» маркалы асфальт өнімін өндіретін жабдық сатып алынды. Жұмыстың жеңіл жүруіне ықпал ететін озық үлгідегі қиыршық тас, отсев, ГПС тасымалдаушы, жүк тиегіш, асфальт төсегіш, жайылған асфальтты таптайтын жол катогі, оны тегістеу үшін Ресейден алынған автогрейдерлер мен «Маз», «КамАЗ» маркалы авто көліктері жыл сайын жаңартылып, толықтырылып отырады. Осындай мүмкіншіліктердің арқасында олар жол-құрылыс жөндеу жұмыстарын талапқа сай, сапалы атқаруды басты назарда ұстап келеді.
Ұйымшыл ұжымның тұсауы кесілгелі бері облыс көлеміндегі атқарған жұмыстары да аз емес. Ертеректе салынған жолдарды айтпағанның өзінде соңғы екі жылда көлемді нысандарды талапқа сай тапсырған. Мәселен, 2017 жылы Жосалы кентіне кіргізетін көлік жолының құрылысын біздің жолшылар жасаған. Бұдан бөлек, Басықара ауылдық округіндегі жолдарға 980 метр, Бірлік ауылындағы Тәуелсіздік көшесіне 530 метр жол төсеп берді. Жақында ғана құрылысы аяқталған Әйтеке би кенті, Қарасақал Ерімбет көшесі де осы үздіктердің қолынан шыққан. Көлік жүргізушілер де салынған жолға жағымды пікірде екені анық. Ал қазіргі уақытта кент аумағында 210 гектарға жол салу жұмыстарын жүргізуде. 2017 жылы құрылысы басталған 28 шақырымдық қиыршық тас төсеу жұмыстарын ағымдағы жылдың тамыз айында тапсыру жоспарланған.
Өз істерін үлкен жауапкершілікпен атқаратын «Қазалы Жолшы» серіктестігінің жеткен жетістіктері бір төбе. Жыл сайын тағайындалатын «Сала жетекшісі» номинациясын жолшылар бірнеше мәрте иемденген. Мекеменің қызметкерлеріне тоқталар болсақ, жол шеберлері Бақытбек Жұбанов пен Алтынбек Махатжановқа «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісі табысталып, «Жыл маманы» сертификаттарына ие болса, есеп бөлімінің басшысы Тажыхан Есекеев «Еңбек жолындағы тиімділігі үшін» медалін иемденген. Ал мекеменің көлік жүргізушісі Берік Абжалелов «Кәсіби саладағы сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Қарамағындағы қызметкерлердің мұң-мұқтаждарымен санасып, жұмысқа тиімді жағдай жасап жүрген мекеме басшысы Серік Өтегенов Қазақстан Республикасының Ұлттық бизнес-рейтингі ұйымдастыру комитетінің шешімімен кеудесіне «Қазақстан даңқы» орденін тағып, «Экономика мақтанышы» атанған. Озық үрдіс биыл да жалғасын тауып, мекеме еліміздегі кәсіпкерлер арасында 37 орынға тұрақтап «Үлгілі салық төлеуші» номинациясы табысталмақ. Сол сияқты облыс бойынша «Сенімді салық төлеуші» атанбақ. Ал жолшылардың басшысы бұл жайында: «Ұлттық бизнес-рейтинг комитеті «Сала көшбасшысы – 2018» деңгейі біздің мекемеге берілетіндігі туралы хат жолдады. Осы мадақтарды тапсыру үшін Украинадағы Киев қаласына шақыру алдық. Бұдан бөлек БАӘ-дегі Дубай мен Абу-Даби қалаларында өтетін көшбасшы кәсіпкерлердің конференциясына да жолдама берілді. Бұның барлығы мекеме қызметкерлерінің ерен еңбегінің арқасы деп толық айта аламын. Өйткені, жолшылар ұжымы талапқа сай, сапасы сын көтеретін құрылыс жүргізуді басты мақсат деп біледі», – дейді.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ