«Шағала» – шаттық мекені
Қазалы қаласындағы «Шағала» балаларды сауықтыру демалыс орталығы жазғы маусымға толықтай дайын. Биыл онда 7 ауысымда 875 бала демалады деп жоспарлануда. 1 маусым – Балаларды қорғау күні лагерь салтанатты түрде ашылып, 125 бала алғашқы ауысымға қабылданады.
Лагерьдің ерекшелігі — демалушылар әр күні белгілі бір тақырып төңірегінде жиналып, өзара пікір алысады, жарысады, ойнайды, тынығады. Жұмыс жоспарына сәйкес оқушылар аудан көлеміндегі мәдени орындарға саяхат жасап, танымдық және рухани білімдерін толықтырады. Бұнда Тіл үйірер тәтті дәрумендермен толықтырылған 5 мезгіл ас мәзірі балаларды қуантады. Демалысты көңілді, қызықты, мағыналы өткізуде лагерьдегі 12 педагогикалық жасақтың жан-жақты ұйымдастырған саяхаты мен сабақтары әр тынығушыға ерекше әсер қалдырады. Мұнда ана тілінен өзге орыс, ағылшын тілдерін үйренуге де мүмкіндік бар. Балаларға арнайы дәрігерлік бекет жұмыс жасайды. Онда тіс емдеу кабинеті және алғашқы дәрігерлік көмек көрсететін бөлмелер бар. Лагерь жатақханасында гигиеналық талаптарға сай жаңа кереуеттер пайдаланылады.
Биылғы жылы лагерь алаңдарындағы құрал-жабдықтар санитарлық талапқа сай толығымен жаңартылды. Сонымен қатар, лагерь жанынан бау-бақша өнімдері егіліп, балалардың табиғи таза өнімдерді тұтынуына жағдай жасалуда.
«Жалпы, орталықта биылғы жазғы маусымда 7 ауысым ұйымдастырылып, әр ауысым бойынша 125 оқушыдан, барлығы 875 баланы демалдыру жоспарланып отыр. Лагерьде әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыдан шыққан балалар үш ауысымда тынықса, үш ауысым ақылы түрде өтеді. Ал білім және ғылым қызметкерлерінің балалары бір ауысымда тынығады», – дейді лагерь директоры Берік Әбиев.
Ұ.ЕРБОЛҚЫЗЫ