Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жұбаныш тәуіптің жақсылығы

Жұбаныш тәуіптің жақсылығы

Бұл жағдай осыдан он жылдан астам уақыт бұрын болған. Сонан бері елде қаншама өзгерістер өркен жайды. Қазіргі таңда қоғамдағы рухани жаңғырудың арқасында біраз аяулы арыстар есімі танылып, талай тарихи құндылықтардың беті ашылуда. Осыған орай көптен көңіл сарайында сақталып, қойын дәптер бетінде қатталған сырды оқырман қауыммен бөліскенді жөн көрдік.

Ұлан ғайыр дала төсінде аттың жалы, түйенің қомында жүріп, тіршілік еткен бейнеті бес елі қандастарымыздың ертеректе оқымысты дәрігерлер қызметін пайдаланбағаны белгілі. Алда-жалда тосыннан басы ауырып, балтыры сыздай қалған кезде беделді бақсы-балгер мен тәлімі мол тәуіптер көмегіне жүгініп, олардан ем-дом қабылдаған.

Сол заманда бойындағы емшілік қасиетімен дараланып, сырқат жандардың ауруына дауа көрсеткен Қазалы, Арал өңіріне белгілі тұлғаның бірі – Қаракесек руының Есенгелді аталығынан шыққан Жұбаныш тәуіптің шипагерлігі ерекше екен.

Бір жолы көпшілік жиналған отырыста осы кісі төңірегінде әңгіме қозғала қалды. Дастарқан басындағылар емші тәуіптің кезінде медицина ғылымы әлі күнге дейін құпиясын таба алмай жүрген рак ауруын емдегенін естігенде еріксіз елеңдеп, таңдай қағысты. «Бұл күндері «халық емшісіміз» деп жүргендердің көбінің іс-әрекеті дұрыс емес» десіп, әруақты азаматтың рухын бір көтеріп тастады.

Бал арасы ұясы аузындағыдай ызың-қызың басыла берген тұста сол жағымда отырған жігіт ағасы: «Жас кезінде аурудың тауқыметін біраз тартып, әлгінде айтылған Жұбаныш тәуіпке емделіп, жазылған бір ақсақалды білемін. Қаласаңыз онымен жолықтырайын», – деген сөз ұштығын шығар­ды.

Көп ұзамай Әйтеке би кентінің солтүстік шығыс бетіндегі көшелердің бірінде тұратын Дәрменқұл ақсақалдың үйіне ат басын тіредік. Төргі бөлмедегі пеш түбіндегі қалың етіп салынған төсек үстінде, жұқа шапанын иығына желбегей жамылып отырған төртпақ денелі, шоқша сақалды, ширақ қимылды қарттыққа бетбұрған жан танымаған сыңаймен жүзімізге аңтарыла көз тастады. Өзімізді таныстырып, келгендегі бұйымтайымызды жеткіздік.

Сонда ақ қырау шалған қою қасын жиырып, өткір көзін сығырайтып, терең ойға кеткендей кейіп танытты. Сосын тамағын үсті-үстіне кенеп алып:
– Қарақтарым, менің осы уақытқа дейін жер басып тіршілік етуіме алдымен Алла Тағаланың мейірімі себепші, содан кейін Жұбаныш көкемнің шарапаты мол, – деп байсалды тіл қатқан қария өткен күннің мән-маңызын баяндай бастады.

...Дәрменқұл бұйра толқынды Арал теңізінің жағалауындағы «Таутөбе» деген жерде 1918 жылы дүние есігін ашқан. Әке-шешесі – теңіз жағасын қоныстанып, балық аулап, мал баққан қатардағы шаруа адамдары. Бұлар отбасында Қожақ, Қоныс, Таласбай, Дәрменқұл, Бердалы атты бес ағайынды бозбала бір-бірімен тетелес ержетеді.

Халықты жаппай сауаттандыру тұсында төрт сыныптық білім алып, хат танитын күйге жетті. Тіршіліктің ауыр қамытын мойынға асынған ол ата-анасына қолғанат болуға асықты. Ау-жылымын сайлап, көк теңізден су маржанын сүзіп, балықшылық кәсіпке бет бұрды. Қыстың қақаған аязында жылым тартып, балықшы өмірінің бейнетін белшеден кешті.

Уақыттың артқан ауыртпашылығына қайыспай қарсы қарап, тіршіліктің тоқтаусыз керуеніне ілескен жас жігіттің жалындай лаулаған жүрегі бір күнде жұбау тартып шыға келді. Орда бұзар отыз жастан енді ғана аса бергенінде бір қолы, екі аяғы жансызданып, істемей қалды. Күні бойы оның қас-қабағына қарап, шешесі – Ақжарқын айналшықтап қасынан шықпайды. Бауыр еті – баласын өбектеп, аналық мейірін төгеді.
1939 жылдың тамылжыған тамыз айының іші болатын-ды. Күндердің күнінде «Сараманның» етегінде отырған бұлардың үйіне әкесінің туған ағасы – Жұбаныш тәуіп келе қалды. Қара көлеңкелі бастырма іші үлкен үміт шуағына бөленіп, жарқырай түскендей. Келіні жасы үлкен қайынағасына иіліп, ізетпен сәлем берді. Сосын: «Тәуіп аға, баламызды ауыртып алдық...» – деді бәсең дауыспен.

Сексеннің сеңгіріндегі Жұбаныш тәуіп, аппақ айыр сақалын сипап қойып, сұлық жатқан жас жігіттің оң білегінен ұстады.
– Балам, қобалжыма. Сырқатыңнан айығып, аяғыңа мініп кетесің әлі. Қозы-лақтың аузы көкке тиген мезгілде келіп, өзім емдеймін, – деген ол қаңтарулы тұрған атына мініп, ауылдан аттанып кетеді.

Аурудың тақсыретін тартқан Дәрменқұл ерік-жігерін қайрап, бәріне төзуге күш салды. Төсекке таңылып, тәуіп әкесі айтқан көктем айын сарсыла күтті. Жата-жата екі жамбасы тесілуге айналды.

Қыс өтіп, көктем туды. Табиғат – ана жасанып, жаңара бастаған. Жыл құстары туған жер төсіне оралып сыбдырласса, жайлау төсі жас төлдердің үніне бөленген. Дала шөбі желкілдей өсіп, айнала көк кілемдей құлпыра түскен.

Дүние осындай шат-шадыман күйге бөленген шақта ауылға Жұбаныш тәуіп жетті. Дәрменқұлдың тамырын тағы да ұстап көріп:
– Енді ем-дом жасауға болады – деді де, інісі Қибас екеуі сыртқа шықты.

Оған күлімдей қараған емші:
– Дәл қазір қақпандарыңды алып, борсық аулауға барасың. Маған борсықтың ұрғашысы қажет. Балаға сол арқылы ем көрсетемін, – деп ескертті.

Қасына үшінші ұлы – Таласбайды ертіп алған Қибас ауыл сыртындағы терең сайды бетке алды. Күн бата қанжығаларына екі борсықты бөктерген әкелі-балалы қақпаншылар ауылға олжалы оралды.

Көк шулан терілі борсықты қолымен ұстап көрген тәуіп:
– Мынаны «Иә, Алла, ем болғай!» деп бауыздаңдар. Ал еркек борсықтың сынған тізелігін буынынан кесіп, босатып жіберіңдер, – деді көңілденіп.

Денесінен сылынып алынған борсық терісін бір нәрселерді күбірлей айтып, таяқпен ұрғыштады. Кідіртпей тоқ ішегін теріге салып, сегізкөздің тұсына орап тастады. Түрлі шөптен жасалған қой құмалағына ұқсас дәрісін берді. Борсық етін қайнатып, сорпасын ішкізді. Сонда арнаулы ағаш сәкінің үстінде жатқан Дәрменқұлдың бойы балбырап, ұйықтап кетіпті. Түннің бір уағында оянса, денесінен тер шүмектеп ағып жатырғанын байқады.

Жұбаныш тәуіп мұнан кейін де бұл емін бірнеше рет қайталады. Шілдеде Дәрменқұл орнынан тұрып, балдақпен жүре бастады. Көп ұзамай ауыр сырқаттан құлан-таза айығып шығады.

– Тұрмыстық жағдайымыздың жөнді болмағаны да әсер еткен шығар, кім білсін. Мен жас күнімде көп ауырдым. Аяқ-қолым оңалғаннан кейін қанбетеке, құныс, пұшық деген ауруларға тап болдым. Бірақ солардың бәрінен де Жұбаныш көкемнің шипалы емінің арқасында сырқатым сырт айналып, жұрт қатарына қосылдым. Аурулығыма байланысты қатарластарыммен бірге Ұлы Отан соғысына, ел қорғау жорығына араласа алмадым.

Иманды болсын, Жұбаныш тәуіп өте құдіретті, әруақты адам болатын. Ем жасар алдында өзімен-өзі күбірлеп, біреулермен тілдескендей көңіл-күй үстінде жүретін. Ол ұзын бойлы, ақсары өңді, айыр сақалды, сол жақ бетінде кішкене қалы бар кісі-тін. Көп шешіліп сөйлей бірмейтін, сабырлы мінезді жан болатын. Қажетті емдік шөптерді теріп алып, қолдан сан түрлі дәрілер жасайтын. Туберкулез, қылтамақ (рак), ақпа, бетеке, таз сияқты ауруына шалдыққан талайларды емдеп жазғанын білемін. Емшілік қасиетімен көпшіліктің алғаусыз ақ алғысын ала білген Жұбаныш тәуіп 1956 жылы 86 жасында дүние салды. Жұбаныш көкем мен менің әкем – Қибас бірге туған, ағалы-інілі. Екеуі де Игісіннің балалары, – деп сонда Дәрменқұл ақсақал сөзін түйіндеді.

Арал теңізінде балықшы, Бозкөл ауылында көп жыл шопан, сиыршы болып еңбек еткен Дәрменқұл Қибасов шерткен әңгімені тыңдай отырып, емші, киелі баба бойындағы тылсым күшке таң қалмасқа амалымыз қалмады.
Сахи ҚАПАР

04 маусым 2019 ж. 1 752 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 57

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930