Ерлігі есте жаңғырған
Өткен күндер қойнауында үлкен зұлматымен қаралы із қалдырған Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына биыл – отыз жыл. Осынау шерлі шақта шейіт болып, ерлігімен елге үлгі болған жанның бірі, жерлесіміз Сәндібек Инабатов еді.
КСРО 1979 жылы 25 желтоқсанда алғаш Кеңес әскерінің шектеулі контингентін Ауғанстан жеріне енгізсе, мұның соңы он жылға созылған қанды қақтығысқа ұласты. Мұндай сұрқай сәтте 15 мыңнан астам Одақ офицерлері мен солдаттары қаза тауып, 35 мыңнан астамы жараланып, қаншасы өмірлік мүгедек болып оралғанын деректер растайды.
Отбасындағы жеті ағайындының үлкені Сәндібек жастайынан қағілез, еңбексүйгіш, жауапкершілігі мол болып қалыптасады. Аудан орталығындағы теміржол мектебінің сегіз жылдығын бітірген жылы Қазалы қаласындағы селолық кәсіптік-техникалық училищеге оқуға түседі. Темірге жастайынан үйір, техникаға деген қызығушылығы жоғары жас училищеден тракторист-машинист мамандығын алып шығады. 1980 жылдың тамыз айында жолдамамен шаруашылықаралық құрылыс мекемесінде тракторист көмекшісі болып жұмысқа орналасады. Аз уақытта-ақ өзінің зеректігімен көзге түскен жас маман тракторды мығым тізгіндейді.
Үйдің үлкенінің ат жалын тартып, азамат болып, алғашқы табысын ата-анасының қолына салуы Боташ ана мен Інәбат әкені шат-шадыман қуанышқа бөледі. Арада екі ай өткенде Сәндібек әскерге шақырылады.
Баласының жыраққа кететіні көңілге кірбің салған Боташ ана жүрегі қобалжып, көз жасына ерік береді. Біресе «Ер – туған жеріне» деген. Баламыз Отанға керек болса, жолын неге бөгейсің. Барсын!», – деген отағасының сөзін ойға оралтып, бойын жинап алады. Осылай ет жақындардың ақ тілек, батасын алып, қимастыққа толы сезіммен Сәндібек әскерге аттанады.
Алдымен Саратов қаласында оқу-жаттығудан өтіп, әскери қимылға машықтанған ол екі айдан соң Ауған жеріне жіберіледі.
– «Ауылдың үстінен өтіп барамыз. Пойызға шығып, сағыныштарыңды басып қалыңдар. Алла жазса, қайта қауышармыз» деген хабар тиісімен жақын-жуық, сыныптастар мен көршілер аталған уақытта вокзалға бардық. Ұлымның ойында ештеңе жоқ. Біз де мәз-мейрамбыз. «Орналасқан жеріме барып, хабарласамын», – дейді. Бірақ бізді уайымдамасын деді ме, әлде расымен білмеді ме, аттанып бара жатқан бағытын айтпады. Сонда баламның нұрлы жанарын соңғы рет көріп тұрғанымды білмеппін, – дейді анасы толқып.
Отан алдындағы борышы отқа оранған Ауғанстан жерінде жалғасқан сарбаз танк жүргізушілігін меңгереді.
Қайнаған қанды қақтығысқа батыл кірісе жүріп талай рет жауапты жауынгерлік тапсырманы мінсіз орындайды. Әскерде бірге болған қарулас достарының айтуынша, Инабатов 8 рет кең көлемді арнайы тапсырмаға қатысып, мақтау-марапатқа ие болған.
«Ажал шақырған адамға алдағы күні хабар береді дейді. Соңғы хаттарында балам: «Мама, елге аман қайту-қайтпауым белгісіз. Жүрген жеріміздің бәрі қауіп-қатерге толы» деп хат жазған, – дейді өткен күнді еске алған Боташ Жүсіпова.
1982 жылдың көктемі. Туған жерге оралуға небәрі алты ай уақыт қалғанда танкіші Инабатов мақсатсыз торуыл тойтарысының біріне жіберіледі. Танктегі төрт жігіт те «Сен тұр, мен атайын» деген сайдың тасындай іріктелген солдаттар болған.
Сәндібек пен жолдастарына Ауғанстанның орталық аймағы мен шалғай орналасқан жерлерін байланыстырып тұрған маңызды жолдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тапсырылған болатын. Бұл жер-жерлерге азық-түлік, қару-жарақ тасымалданатын жол. Ұрыс бағытындағы ережелерді ескермейтін ауғанның жалдамалы әскерилерінің тұтқиылдан салған шабуылына олар жанкештілікпен тойтарыс береді. Ауыр техниканы таулы жерде тізгіндеу оңай іс емес. Оның үстіне жау жағының әрекетіне жедел жауап қату үлкен жауапкершілік жүктейді.
Шатқал арасына жасырынған қарсыласты тоқтаусыз талқандап келе жатқан әскерлер әлден уақытта дұшпандар жолға қойып, тосқауыл болған минаға тап болады. Автомашина колонасын атқылайтын жауынгер жігіттің танк джинасында жанталаста соңғы демі қалғанша жаумен арпалыста болады.
Жарылыс әсерінен қатты зардап шеккен төрт Кеңес әскерилерінің бірі Сәндібек Инабатов әскери ұшақпен Ташкент қаласындағы госпиталға жеткізілгенімен, ақ халаттылар денесін дендеген дертке дауа бола алмайды. Осылайша ортақ Отанды қорғау жолында жау жерінде 1982 жылдың 5 мамырында ерлiкпен қаза тапқан қазақ ері “Қызыл Жұлдыз” орденiмен марапатталды. Алайда ол күнді көре алмаған жалынды жерлесіміздің мүрдесі Қазалыға салтанатты түрде жеткізіледі.
Қазір аудан орталығында батыр атымен аталатын көше бар. С.Сейфуллин атындағы №165 мектепте Сәндібек Инабатов атындағы ұландар ұйымы 1990 жылдан бастап жұмыс істеп келеді.
Жастығын жалынды қақтығыс даласы шарпыған интернационалист Инабатов туралы қарындасы Гүлнар Демесіновамен сөйлескенімізде: «Бауырым өмірден өткенде біз жас болдық. Оның «Қызыл жұлдыз» ордені мен өзге де медальдары бар киімі мен суреттерін мұражайға деп алып кеткен. Қазір қолымызда хаттары да, суреттері де жоқ. Осы жайт өзегімді өртейді. Аудан аты аталғанда жас өрендер Сәндібектің есімін мақтанышпен айтқанда көңілім алабөтен күйге енеді. Тағдырдың жазуы солай болды. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында ғибратты, өрлік пен ерлікке толы ісі қалған азамат туралы болашаққа дұрыс, толымды мағлұмат қалдырсақ», – дегенді айтқым келеді деді.
Халық даналығы «Алғыр құстың өмірі қысқа болар» дейді. Батылдығы мен батырлығы ұрпағына ұран болған ұланның ұлағатты жолы санада жаңғырып, тарихта таңбаланары хақ. «Тау алыстаған сайын биіктей түседі» деген осы да.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА