Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Үкіні не үшін қасиет тұтамыз?

Үкіні не үшін қасиет тұтамыз?

Ертеден қазақ халқы­ның дүниетанымында үкі қасиетті құсқа баланған. Әсемдік үшін үкінің үлпілдек жүнін тағумен қатар, онда киелі қасиет бар екендігіне сенген. Оны халық бойтұмар ретінде қабылдап, ерекше бағалаған екен. Қасиетті құс сәбиді жын-шайтаннан қорғайды деген түсінікпен үкі қауырсындарын жаңа туылған нәрестенің бас киіміне және тыныш ұйықтауына септігін тигізеді наны­мымен бесігіне таққан.

Осыдан келіп қыздар мен сері жігіттер бас киімдеріне тағуды дәстүрге айналдырыпты. Үкі көбіне қыздардың тақиясы мен сәукелесіне тағылған. Қазақ сал-серілерінің арасында да үкі қауырсынын қыстырып, елден ерекшеленіп жүргендер де болған. Құдалaсу жекжaттық қaтынастарға бастаушы қaдам болғандықтан екі жақтың алдын ала келісімімен туыстық байланыстардың басы ретінде үкі тағу дәстүрі өткізілген. Екі жас бесікте атастырылғанның өзінде бұған ерекше көңіл бөлінеді. Үкі тағу басы бос бойжеткен қызды меншіктейтін, оның айттырылған жері бар екендігін көрсететін үрдіс. Қызды айттырғаннан кейінгі құдалардың қарым-қатынасындағы шоқ­тығы биік рәсім. Байырғы дәстүр бір­тіндеп ығысып, бүгінде алтын сырға тағумен алмасты. Бастапқыда үкі қауыр­сыны бәле-жаладан келінге қорған, еш­қандай жамандықты жолатпасын деген ниетпен кәдеге қоса берілген. Жалпы киелі құстың қауырсынында орналасқан ұсақ өрнекті дақтар араб әріптеріне ұқсас келетіндіктен діндар адамдар бұл бедерді Құранның құпияланып жазылған нұсқасы деп қабылдаған.
Қазалылық зейнеткер Сымбат Қожағұл­дың айтуынша, “қазақтың қар­қаралы қызы” деген ұғыммен үлкендер бой­жеткеннің қарқара төбетейіне үкі таға­тын болған. Көз тимесін деген ұғым­мен оны қыз дәурені белгісіне бала­ған. Ұзатыларда соңғы рет сәукелеге безендіріліп, келіншек болып түскеннен соң үкі тақпай, кимешек киген. Сонымен қатар табысты болуды ырымдаған ақын-жыраулар, әнші-серілер бас киімдері мен домбыраларын үкілеген.
Ал белгілі ақын Бақыт Беделхан: “Үкінің ұясы бір құшақ болады. Оған шыбын-шіркей түгіл, шаң қонбайды. Осындай үлпілдеген таза қауырсынды ұясын алып, “Жұмақтың түсін көрсін” деген ұғыммен патшалардың қызына жастық жасап берген. Бесікке бөленген балаға томардай қылып басына үкі тағып, әйелдер күнделікті тіршілігімен айналысқан. Бөбек жалғыз қалғанында керегеден кіре­тін жылан, қарақұрт сынды улы жән­діктер мен құрт-құмырсқалар үкінің қауырсынына жоламайды. Қазақ сол үшін сәбиге және оның бесігіне ілген. Қадам баса бастағанында аяғын босағаға байлап, арқасына тоқпақтай осы құстың үлпілдегін қыстырған. Осы өсиеттің бәрін әжелеріміз бен шешелерімізден естіп өстік. Зерттеп қарасақ мұның бәрі көнеден жеткен қазақтың танымдық, философиялық дүниелері. Олардың барлығы ғылыми дәлелденген нәрселер. Салт-дәстүр, ырым-тыйымның барлығы да тұн­ған ілім”, – дейді.
Көп балалы ана Күмісай Қожамжарова да үкінің ерекше қасиетіне бас иетіндігін жасырмады. Ол кезінде балалары тұрмаған ағасы мен жеңгесіне көнекөз қариялар үкі асырауға кеңес бергендігін шешесі бала кезінде әңгімелегенін еске алды. Сәбидің күлкісіне зәру болған туыс­тары үкіні қолда ұстап баққаннан кейін сәбилері өсіп-өнген екен. Бірінші баласы алғашқы қадам басқанда ерлі-зайыптылар ауыл данагөйлерінің айтуымен киелі құсты бостандыққа жіберген. Бір қызығы тұңғыштарының көзі үкінікіндей тұп-тұнық, көз тартар мөлдір болған деп сөзін түйіндеді.
Әр елдің мифологиясы бойынша құстардың ішінде үкі жұмбақ пен құпияға толы қанаттылар қатарына жатады. Шетелдік ертегі мен аңыздарда үкі көреген кеңесші, айрықша білім иегері ретінде көрсетіледі. Киелі құс ежелгі заманнан бері адамдардың нанымдары мен мәдениетінде маңызды орын алған. Мәселен славяндар оны жер асты байлықтарының сақтаушысы деп қабылдайды. Тау тастарына қашалып салынған үкі бейнеленген суреттер әлемнің түкпір-түкпірінен Еуропа, Аустралия, Америкадан кездестіруге болады. Франциядағы үңгірлердің бірі­нен палеолит дәуірінде қабырғаға қашал­ған полярлық үкінің бейнесі табылған. Ежелгі гректердің түсінігінде даналықтың Құдайы Афинаның ең қадірлі құсы болған. Христиан дәстүрінің бірінде бадырақ көзді құс Мәсіхтің даналығын білдіретіндігі айтылған. Олар киелі қанаттыны өзге жануарларға тән емес күшке ие деп қадірлеген. Сондықтан да үлпілдек жүнділер сиқыршылар мен бақсылардың ажырамас серігі болған. Африкандықтардың кейбір тайпалары үкіні көзбайлау­шылар мен дуагер­лердің жануары деп санайды. Франциядағы Лотарингияның кәрі қыздары тылсым күшке сенгендіктен орманға барып үкіден болашақ жарын кездестіруді сұрайтын болған. Үндістанда байлықтың Құдайы – Лакшми оның үстіне отырып ұшып жүреді деген пайымды ұстанады. Әсіресе бенгалдықтар бүгінгі күнге дейін үйіне ақ түсті үкі кірсе, молшылыққа кенелеміз деген оймен жақсылыққа балайды. Қытайда күннің күркіреуімен байланыстырып, найзағайдан сақтайды деген түсінікпен баспананың әр бұрышына үкі бейнесін орналастырады екен. Калифорниялық үндістер биік ағаштардың қорғаушысы деп құрмет тұтады. Ежелгі майяларда биліктің символы саналды. Ұрыста ерлігімен көзге түскен апачилер үкінің қауырсынымен құрметтелетін.
Біздің қазақы санамызда үкіге қатыс­ты аңыз-әңгімелер, сөз тіркестері, теңеу сөздер, жұмбақтар да сан алуан. Ел аузындағы аңызға сүйенсек, ертеде Нұх пайғамбар кемесін Қазығұрт тауына қарай жол сілтеген үкі құсы деп айтылады. Соған байланысты Нұх пайғамбар үкіге «орман тоғайдың иесі бол, шаңырақтың киесі бол» деп бата берген деседі.
Үкі қауырсыны тaғылған бұйымдарға пәле-жала жоламайды, керісінше үкі қауырсыны бақыт, олжа және жақсылық әкеледі деген мән бар. Соңғы кездері ұзaтылып бара жатқан қыз өзінен кейінгі бойжеткен сіңлілеріне «үкілі үміттеріңді үзбеңдер» деген ниетпен үлпілдек қауырсындарды таратып беру ғұрпын қолдануда. Осынымыз Еуропалық гүл лақтыру үрдісін тежеудің алғы қадамы іспеттес. Бұл құстың өткір тырнақтары бар аяғын тіл-көзден қорғайды деп балалардың киімдеріне тағу әдеті де сақталып, ел арасында «үкіліаяқ» деген атау берген. Сондай-ақ ертеде сыйлы және құрметті адамдарға үкі сыйлау дәстүрі де болған. Киелі қанаттыға қатысты салт-дәстүр, наным-сенім және әдет-ғұрыптар халқымыздың үкі құсына айрықша құрмет көрсетуінің бір парасы десек те болaды.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
12 ақпан 2019 ж. 16 813 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 64

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 59

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930