Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеті атасын білмеген...

Жеті атасын білмеген...

Қазақ халқының ұлын үйлендіріп, қызын ұзатуда ғасырлар бойы желісін үзбей жалғасып келе жатқан өзіндік салт-дәстүрі бар. Бұл ұрпағының келешегін, нәсілінің болашағын ескеруден туындаған жағдай. Мұндағы шарт бойынша, жігіт қалыңдығын туыстық араға жеті ата салып іздестіруі қажет. Бұл талаптың мәнісі туралы көнекөздер: «Қаны жақын, туыс жастар, тұрмыс құрса, біріншіден олардан ақыл-есі дұрыс бала тумайды. Бола қалғанның өзінде өмір жасы қысқа, саны бір-екіден аспайды. Жеті атадан соң ежелден жекжат екі ел сүйек жаңғыртып, қайтадан құда болысады. Осы үрдіс арқылы ел бірлігі сақталады», – дейді. «Күйеу – жүз жылдық, құда – мың жылдық» деген мақал да осыдан шыққан көрінеді.
Ертеде Есім ханның тұсында қазақ арасына мұсылмандықты әкелген арабтар жақын туыстарына үйлене берген. Теріс үрдістің халық санын өсірмей, текті аздыратынын білген Есім хан жарғы (заң) шығарып, жеті атаға толмайынша қыз-жігіттің бір-бірімен үйленуіне қатаң тыйым салады. Талапты бұзған өлім жазасына кесілген. Бізге жеткен бұл көне дерек халық жадында «Есім ханның ескі жолы» деп аталады.
Осы жарлыққа сай ата-бабалар әрбір жеткіншекке «Жеті атасын білмеген жетесіз» деп оны білуді міндеттеген. Аталарын тарқатып айта алатындарын «Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер» деп артына аталы сөз қалдырған.
Ежелгі дәстүрге сай ағайын-туыс жеті атаға толғаннан кейін «жеті атаға толыстық, жеке ел болыстық» деп екі елден сәйгүлік мінген екі жігіт қолдарына ұзын ала арқан керіп, қос жұрттың қақ ортасына тұрады. Ақшаңқан екі үй тігіліп, ту биені құрбандыққа шалып, туларын қандап, ұлан-асыр той жасап өз алдына енші бөліседі. Берілген еншіге екі елдің де ризашылығын алған ақсақалдар ала арқанды дәл ортасынан қияды. Арқанның кесіндісі қос елдің екі үлкен қарашаңырағында сақталады. Арқан кесу дәстүрі – туысқандардың жеке бөлініп шығу символын білдірумен бірге олардың әрқашан бейбіт өмір сүруіне кепілдік болған.
Жақын туыстармен отау құрып, жұптық өмір сүрудің зияндылығын қазіргі медицина ғылымы да теріске шығармайды. Себебі қазақ арасына сіңіскен моңғолдар мен тегі араб ағайындар ертеректе «Қанымызды басқа ұлтпен араластырмаймыз» деп балаларын бір-біріне үйлендіре берген. Осының салдарынан олардың саны өспей, азайып кеткен. Кешегі күнге дейін туыстас өзбек, ұйғыр, түркімендер алыстан қыз іздемей-ақ жақын туысқандарына үйленіп, оның зардабын шегіп келеді.
Бір қызығы біздің қазақы салт-дәстүрге ұқсас үрдіс басқа да халықтарда кездеседі екен. Мәселен грузиндер мен армяндар туыстық араға 9 ата салып үйленсе, қырғыздар 4 атаға дейін қыз алыспайтын болып шықты. Жеті атасын білу дәстүрі күні бүгінге дейін әрбір қазақ отбасында берік сақталып отыр. Жеті ата – ұлы дала тұрғындарының ата тегі жазылған төлқұжаты сияқты. Сондықтан әрбір ата-ана баласының тілі шыға бастағаннан-ақ оған жеті атасының атын үйреткені дұрыс.
Кемал КӨПЖАСАР,
қаржы саласының ардагері

05 ақпан 2019 ж. 1 945 0

Баба рухы ардақталды

10 қазан 2024 ж. 46

Талғардағы трагедия

10 қазан 2024 ж. 61

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031