Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » “Тобық жасыру” жайында білесіз бе?

“Тобық жасыру” жайында білесіз бе?

«Уықты – басқұр, ұлтты – дәстүр сақтайды» дегенді берік ұстанған жұртпыз. Шүкір, жаңа заманның жалына жармассақ та әлі күнге қазақи болмысымызды бойымыздан түбегейлі өшіре қойғанымыз жоқ. Десе де ел ішінде көнеден қалған кей құндылығымыз бен салт-дәстүр, жөн-жоралғы, түрлі ұлттық ойындар ұмыт болып бара жатқан сыңайлы. Соның бірі – тобық жасыру ойыны. Ертеректе оны ересектермен қатар қыз-жігіттер де ойнаған. Ойынның шарты бойынша тобық жасырар алдында бағалы сыйлықтарға, қымбат әшекейлерге серттескен.
«Тобық жасыру» көбінесе жақын араласатын адамдар өзара бас қосып, ет жеп отырғанда ойналады. Тобық ойнауды ниет еткен адам өзімен дәмдес біреуді ұнатып, оның адамгершілігі мен азаматтығын, уәде-сертіне қаншалықты беріктігін сынағысы келсе, мүжілген тобыққа белгі салып, беріп жатып: «Бармағыңның астынан немесе алақаныңнан аламын. Айтқан жерімнен сол мезетте алып берсең, уәдеге беріктігің үшін бір ат немесе бір алтын сақина беремін. Айтқан жерімнен алып бере алмасаң, айып төлейсің», – деп отырған адамдардың алдында бәстеседі. Осылайша уақыт өте күтпеген жерден, тобығын сұрайды.
«Бармағыңның астынан аламын» демекші, қазақ халқында ежелде «тобық жұту» ырымы болған. Дәстүрдің шарты бойынша тобық жұтушы жұтар алдында:
Батыр болсам – жүрегімнен шық,
Балуан болсам – білегімнен шық,
Шешен болсам – таңдайымнан шық,
Шебер болсам – қолымнан шық,
Жүйрік болсам – табанымнан шық,
Бақытты болсам – маңдайымнан шық, – деп серттесіп барып жұтады екен. Халық арасында тобық қасиетіне қарай әлгі адамның айтқан жерінен шығады деген түсінік болған. Дәстүрдің жастар мен балалар үшін басты мақсаты келешекке үміттендіру, жақсы адам болуға ұмтылу саналады.
Осы ойын жайлы белгілі актер Асанәлі Әшімов:
– Бірде көпшілікке танымал адамның әйелімен тобық ойнадым. Жеңдім. Бірақ маған беруге келіскен нәрсені созыңқырап жүріп, ақыры ұмыттырып кетті. Өзім ұтылған кезде ойынның бәсін кідіртпей бердім. Кімнен ұтылғанымды және қалай ұтылғанымды айтайын. Рәхиләм Машурова деген әртіс екеуміз тобық ойынын ойнағанбыз. Мен – сұраушы, ол – жасырушы. Алты ай бойы әдейі сұрамай жүрдім. Бірде тура сахнада спектакль үстінде сұрадым. Театр толы көрермендер. «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» қойылымы жүріп жатыр. Мен – Қодармын. Рәхиләм – массовкада. Қазақша көйлек киіп алған. Рөлдегі сөзімді бітіріп, басқа кейіпкер сөйлей бастағанда сахна түбіндегі Машуроваға бұрылып: «Тобық қайда?» дедім. Сасқан жоқ. Жұқа дәкеге ораған қалпы мойнына іліп жүріпті. Дереу суырып берді. Сол сәтте сахнада менің монолог айтатын кезім келіп қалсын. «Енді қалған не шара бар маған? Күңіреніп, күйзеліп кете барамын» дедім. Қодардың ғана емес, сол сәттегі өзімнің бар шындығым – осы. Тобықтан ұтылып қалғанымды көрген әріптестеріміз жаппай күліп жатыр. Драма ойналып жатқанда мынау не қылған күлкі деп көрермендер қызыққа батты. Сол жолы Қодарды қатты ширығып ойнаппын. Жұрт керемет риза болды. Ал, тобықтан ұтылған мені ұтып кеткен Рахиләмға «қалауыңды айт» дедім. Алтын сырға мен сақина екен. Ол тұста Алматыдан алтын бұйым табылмайтын заман. Тобықтың серті бұзылмауы үшін беделімді салып жүріп, әріптесімнің саусағы мен құлағын алтындап бердім, – деген естелігін айтыпты.
Мұнымен қатар тобық тығу ойынына қатысты ел ішінде де түрлі қызықты жайттар кездеседі. Өткен ғасырда Солтүстік Қазақстан облысында бір жігіт сүйген қызына тобық ұсынған. Бірақ жігіт көп ұзамай Ұлы Отан соғысына аттанады. Үйіне «хабар-ошарсыз кетті» деген хабар келеді. Жігіт болса жау қолына түсіп тұтқында болыпты. Соғыстан кейін «тұтқында болдың» деген айыппен тағы сотталады. Туған жеріне тура 12 жылдан соң ғана оралып, жігіт қыздан сертін сұрағанда салиқалы қыз тобықты ұстата беріпті. Көп ұзамай екі жас қосылып, тату-тәтті өмір сүріп кеткен екен.
Екі оқиға да адамдардың сертке, уәдеге беріктігін аңғартады. Айтқан сөзімізден тез айнып кететін тұстар жиі кездесетін бүгінгі уақытта бабалардан қалған тобық жасыру ойынын қайтадан жаңғыртсақ, мәрттігіміз бен сертке беріктігімізді нығайта түсеріміз сөзсіз.
Е.АЙДАРБЕК
29 қаңтар 2019 ж. 9 015 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 43

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930