Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жылқаманның арманы

Жылқаманның арманы

Құйып алатын құлақ болса, мен туып-өскен жерде асқар тау­дай әкелеріміз кең сарайдай кеуделерінен асыл қазынаның талайын ақтарып еді-ау. Олар Жанқожа туралы әңгіме қозғағанда, жақайымнан шыққан Жылқаманды да қоса айтатын.
Патша жансыздарының айтақтауымен іргелес ел қақтығыса беретін заман. Сондай бір дүрбелеңде елге сыйлы Құлан абыз естектердің қолынан қаза табады. Жылқаман абыздың кегін алмаққа аттанады. Жекпе-жекте естек Күтір батырды найзамен шанышып құлатады, оның найзасының ұшы өзінің қара санында кетеді. Ұңғысынан морт сынған жау найзасын шешесі шолақ найза ұңғысына қыл шылбыр байлап суырып алады да: «Ештеңе етпейді. Сені көтергенде жыланның етіне жерік болғанмын», – деп жарасын өзі емдеп жазады.
Ел аузында айтылып келген жырда: «Жақайым­нан шыққан Жылқаман, ақшолақ мыл­тық асынған...» – деп келеді. «Ақшолақ мылтық» дегеннің қандай болатынын біз қайдан білейік, дегенде әкелерімнің ай­туында Жылқаман да тегін жаратылмаған. Ол ақшолақ мылтығын асынып, жауға аттанғанда 13-те екен. Үш жүздің басы түгел қосылып ұлы жорыққа аттанар алдында көптің қарасына ерген балаға көзі түскен Ұлы жүз батыры Қаршыға мырс етіп: «Кіші жүз олжаны көбірек қарпып қалу үшін ойын баласына дейін аттандырыпты ғой» депті. Сонда Жылқаман: «Мен олжа үшін келгенім жоқ, жаумен жағаласқалы келдім. Сенбесеңіз, дәлелім міне!» – деп Қаршығаға жауапты өзі қайтарады да, жебесімен дулығасындағы үкісін атып түсіреді.
Жылқаман Жанқожаны жанынан қалдыр­маған көрінеді. Қоқандықтарға қарсы көтеріл­генде Жәкемнің сенімді серіктерінің бірі Жылқаман болыпты. Сол жорықта жан сауғалап қорғанға тығылған қоқандықтарды тезірек қолға түсіру үшін Жәкең нояндарын асықтыра бастағанда Жылқаман: «Батырекесі, сабыр, сабыр. Сонау бұлт Ақтан батырдың бұлты білем, соны күтейік...» – дейді жұмбақтап. Көп күттірмей-ақ әлгі ойнақтаған бұлт қорғанның төбесіне үйіріліп, ә дегенше көлдетіп береді. Осы сәтті күткен Жанқожа атойлап қорғанға қарай құйындатты дейді, нояндар да лап қояды. Қоқандықтардың қаруы білтелі мылтықтың мақтасы суланып, оталмай, «қизыңды, қизың­ды» деумен қолға түседі.
Жылқаманның Наурызбай төремен жолы­ғысуы да аңызға бергісіз. Жайбарақат жатқан ауылды қапелімде дүрліктіреді. «Үйлерді мықтап қазықтап, бота-тайлақ үрікпейтіндей етіп қамданыңдар!» – дейді батыр шамырқанып. «Не болды, батыр?» – дегендерге: «Бір дауыл келеді, бізді соғайын деп...» – дейді.
Бір шамада: «Апыр-ай, бұл мынау, дауыл болмады. Шамасы, айдаһар, бірақ бұл маңда екпінімен үй жығатындай айдаһар жоқ еді ғой», – деп тұла-бойы құрыстанып, аруақ қысып шымырқанып тұрғанында, ауылдың көк желкесінен бір шоғыр жасақ сау етті дейді. Бастап келе жатқан көзі шоқтай жанған, айбатты айдаһардың да жанарын жасытқандай ер екен. Амандаспастан: «Төбесінде бұлты ойнаған бұл неткен ауыл?!» – депті.
«Бұлт, сірә, Жылқаманның әруағы болды-ау», – дейтін әкелеріміз. Наурызбай сол сапарында Жылқаманның ақ батасын алып аттанса керек. Жылқаман сынайын деп, әудем жерге кеткенде Наурызбайдың басындағы бөркін ақ шолақ мылтығымен атып түсірген деседі. Наурызбай басынан ұшып түскен бөркіне қарамастан атымен жортып кете барған. Жылқаман сүйсініп: «Асыл текті екені рас болды», – депті.
Жақайымның бұл батыры бүкіл ғұмырын жаудан Сыр бойы, Арал, Шалқар аймағын, одан әрі Атырау өлкесін сарттардан, естектерден, қарақалпақ пен түркімендерден қорғаумен өткізген. Оның дүниеден қайтуы жөнінде ел ішінің екі түрлі дерегі құлағымда қалыпты. Бірінде Жылқаман қарақалпақ батырының (атын ұмыттым) қапияда бассалуынан қаза тапты болып келеді. Мұнысы жаңсақ сияқты, басқа бір батырмен шатастырып айтулары да мүмкін ғой. Екінші естігенім: «Жылқаманның сүйегі Қарақалпақстанның Қоңырат атыра­бындағы «Малшы» деген жерінде дүниеден 96 жыл жасап өтіпті», дейтін. Қартайған шағында ел жақсылары: «Батыр болдыңыз, ел қорғадыңыз, атыңыз алашқа жайылды, сіздің де арманыңыз бар ма екен?» – депті. Сонда Жылқаман: «Арманым неге болмасын, бар. Жаудан бетім қайтқан жоқ, ол рас. Алайда мен де арманда кетіп барамын, ақшолақ мылтығымның түтінін түтініне қостым-ау, бірақ дауысын дауысына қоса алмадым...» – деген екен.
Айжарық СӘДІБЕКҰЛЫ,
ардагер журналист

29 қаңтар 2019 ж. 1 746 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 43

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930