Сен ешқашан жетістікке жетпейсің. Неге?
Жетістік бір саланың жемісі емес. Кез келген істің, еңбектің, маңдай тердің беретін нәрі. Адам жетістікке жеткенше, ең қиын сәттерді бастан өткеруі мүмкін. Ал жеткен күні сол қиындықтары үшін ләззат алады. Ал сен ешқашан жетістікке жетпейсің. Неге? Ізденбейсің Қазір заман бәрін ғаламторға бағындырып қойды. Сенің де сол жерде «үйің» бар. Күнде кіріп-шықпасаң көңілің бұзылады. Ал сонда кім ізденеді? Сол «үйге» кірген кезде қандай мақсатпен кіресің? Нені іздейсің? Видео мен суреттерде парақтау, уақытты құр өткізу ме? Іздену үшін бірінші не туралы ізденесің, соған фокус жаса. Яғни назар сал. Ал ізденбей жетістікке жетуге бола ма? Ұяласың Сұрауға ұяласың. «Ұят қой», «ештеңе білмейді екен деп» ойлайды дейсің. Егер ақиқатында ештеңе білмесең, сұрауың керек. Онда тұрған ешқандай ұят жоқ. Сұраған алады. Жетістікке жету үшін білмейтініңді білгеннен сұра, бірақ білмейтіннің әңгімесіне ерме. Қарапайым мысал: ұялы телефондағы электронды картаны пайдаланып, бір жерде шыр айналып жүре бергенше, қасыңнан өтіп бара жатқан жолаушыдан жөн сұра, жол сілтейді. Сол секілді, білмейсің бе, ұялама. Сұра! «Шамам жетпейді...» Адамның бәрі дарынды болып кетпес, дегенмен шама жетпей қалу деген бос сөз. Он екі мүше сау, естіп тұрсаң, көз көріп тұрса, сенің қолыңнан бәрі келеді. Тек жұмыстың ауырлығын сезініп қашасың. Жауапкершілік алғың келмейді. Өзіңді-өзің құртып жүргеніңді ұмытпа! Ертең Бәрін ертеңге қалдырасың. Еріншектің ертеңі біткен емес. Бүгін бастау керек жұмыс ертеңге қалса, ертең тағы бір жұмыстың ұшы шығып тұрады. Күн сайын жиналған жұмыс түбі сені күйзеліске ұрындырады. Ең соңында жеңілесің және біреуді кінәлайсың. Өзіңмен жұмыс Өзіңе есеп бермейсің. Өзіңмен жұмыс жасамайсың. Өзіңмен жұмыс дегеніміз: мінез, сөйлеу, өзіңді ұстау, этика, мәдениет бәрі осының ішінде. Ал осылардың біреуін өз бойыңнан көрмесең, сен қалай жетістікке жетесің. Сен өзіңді жеңбей жатып, біреуді жеңемін деп ойлама.
massaget.kz