Киімнің де киесі бар
Ерте заманнан бері өмірден көргенін санасына түйіп келе жатқан ырымшыл, нанымға сенім артатын қазақ білгенін болашағына үйретуден шаршамайды. Ұлың қызға еліктеп, қызың ұлдың киіміне құмартып тұрған шақта кеңес айтып, ақыл беретін үлкен кісілердің азайғаны білінеді екен. Бұрын «Ер адамның киімін баспа, киімінен аттама», «жағалы киімін жоғары қой», «әйел мен баланың киімінен бөлек жу», «ер адамның киімін киме» деген сынды ескертпелерді ер адамның жолын байламау, басындағы бағын ұшырмау үшін айтылғандығын мен де бертінде білдім. Оған дейін естісем де не себепті екенін ашып айтпайтын еді ғой әжелеріміз. Оның үстіне жауабы «жаман болады» деп аяқталатын ырым да, тыйым да көп. Сондықтан болар мәселенің байыбына баруды ойламаппыз да. Ал бүгінде бұл сөзге мән беріп, солай орындауға тырысамыз.
Рас, киімді түр-түсіне қарай сұрыптап, жууды да, сығуды да техникаға тапсырып қоя саламыз. Сол баяғы жар бермейтін жалқаулықтың кесірі. Ерінгеннен екі рет жууды қаламаймыз, есесіне басымыздағы бағымызды ұшырудан қорықпайтын қасиет бар. шын мәнінде отағасының киімін басқа киімдермен араластырып жуу жолына қойылған бөгетпен бірдей. Ал бөлек тазалау оның жолын айқындап, табысының еселенуіне себеп. Босағаға кеп тұрған бақыттан айырылу – бар байлығыңды желге ұшырғанмен тең екенін ескерсек, ердің киімін бағалап, өзін қадірлеуіміз керек.
Қазір әр үйде киім жуатын кір машина бар. Барлығы баспалы тетікпен жабдықталған. Кір-қоңыңызды саласыз да, жууға арналған сұйықтықты құйып, тоққа тықсаңыз болды, сіз тамақ істеймін не үй жинап боламын дегенше кір киімдер тап-таза болып тұрады. Алайда біз осы кір жуғыш машиналарға киім жуарда көненің көздері айтып кеткен тыйымдарды ескере бермейтініміз өкінішті. Мәселен, киімінің киесі барын ескерткен бабамыз киім жуарда ер адамның киімдерін бөлек жууды бекер айтпаса керек.
Бұл айтқанымызға тарих беттеріндегі мына әңгіме тұздық бола алады.
XVIII ғасырда Қазақстанның батыс өңірінде Есенгелді деген мал-жаны мыңғырған, жеті атасынан бері бай тұрмыс кешеді. Нағыз шынжырбалақ, шұбартөс дәулетті адам екен. Болыс болып, ел де билейді. Оның тоқалынан Бекей есімді ұлы болыпты. Бекей орысша сауаты өте жоғары, көзі ашық жігіт екен. Байдың бәйбішеден туған ұлдары Бекейдің ел ішіндегі беделін көре алмай, әкесін ұлына айдап салады. Оған «Балаңыз атадан қалған дәулетті бейберекет шашып жүр. Ел-жұртқа абыройсыз қылып бітті» деп жамандайды. Оларға иланып қалған Есенгелді:
– Олай болса, маған қандай ақыл бересіңдер? – деп сұрайды.
– Ойбай, әке! Ондай баланың барынан жоғы. Тез құтылғаныңыз жөн, – деп азғырады ниеті арам ұлдары. Зұлымдардың тіліне ерген бай Бекейді мерт қылады.
Бұл оқиға кейін барлық жерге әшкере болады. Байдың келіні өте есті жан екен. Әкесінің өз ұлының түбіне жеткендігін дәлелдеп, қазы-билердің шешіміне жүгінеді. Бай өзінің баласын өлтіргенін мойындап, өкінеді. Даудың соңы құнға кеп тірілгенде өжет әйел:
– Еріме құт болмаған дәулет маған бақыт бермейді. Бір ғана тілегім бар. Қайын атамның жеті атасынан бері келе жатқан құндыз жағалы тоны төрінде ілініп тұр. Соны бір аттап өтем. Басқа талабым жоқ, – депті.
Келіннің өтініші орындалады. Көп ұзамай Есенгелді бір жұтта төрт түлік малынан тегіс айырылып, таяқ ұстап қалады. Киелі киімі аяққа тапталғандықтан байдың бағы тайыпты. Ақыры Есенгелді жоқшылықта, қайыр сұрап жүріп өлген екен.
Сондықтан, қыз-келіншектер, үйдегі ер-азаматтардың басынан бағы мен бабы таймасын десеңіз, әр нәрсенің қадіріне жете білген жөн. Уақыттың тапшылығы, көңілдің пәстігі, еріншектік лас нәрсені тазартуға мүмкіндік бермей, ал кір жуғыш техника сіздің жүгіңізді екі есе жеңілдеткенімен, еріңіздің мойнына екі есе ауырлықты байлайды.
Киімге қатысты ырым-тыйымдар
•Киімді оң қолдан бастап киіп, сол қолдан бастап шешеді. Оң қолдан бастап киім кию жақсы ырым саналады.
• Киімді желбегей жамылмайды, өйткені екі қолы жоқ адам ғана киімді желбегей жамылып жүреді.
• Тозбаған киімді тастауға болмайды. Қазақ халқында тозбаған киімді тастау – жаман ырым. Егер адам оны кигісі келмесе, біреуге сыйлау керек.
• Кір киімді киюге болмайды. Киімді әрқашан таза және ұқыпты ұстаған жөн.
• Көпшіліктің алдында жалаңаш-жалпы жүруге болмайды. Бұл әдепсіздік болып саналады.
• Өте ұзын немесе қысқа киім киюге болмайды. Бұлай киіну адам жұмыс істеген кезде қолайсыздық тудырады.
• Киімді сілкіп киген жөн, өйткені киімге жабысқан улы жәндіктер болса ұшып түседі.
• Қыздарға ер баланың киімін киюге болмайды. Ер баланың киімін кию жаман ырым саналады.
• Шалбар мен етікті тұрып киюге болмайды. Оларды соғыс кезінде ғана тұрып киетін болған.
• Киімнің жағасын басуға болмайды. Киім жағасын басу жаман ырым саналады.
• Жастық орнына шалбарды жастамайды. Шалбарды жастану настықтың белгісі болып саналады.
• Бас киімді тебуге, лақтыруға, теріс киюге болмайды. Жақсылықтың бәрі адамның маңдайына жазылады, сондықтан да бас киімнің орны ерекше. Бас киімді әрқашан таза, ұқыпты ұстап, босағаға емес, төрге ілу керек.
• Аяқкиімді төңкеріп қоюға, теріс киюге болмайды. Өйтсе, адамның жолы болмайды, жаманшылыққа ұшырайды.¬
• Қыз басына ақ, қара орамал тартпайды. Ақ – жаулықтың, қара – қайғының белгісі болып саналады.
• Бөтен адамға бас киім бермейді және айырбастамайды. Адам басы кемиді деп санайды.
• Садақаға киім берсе, оның түймесін қиып алады.
Н.ҚАЗИ
halyk-gazeti.kz