Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жақсы сөз, жарым ырыс

Жақсы сөз, жарым ырыс

Фото
Бүгінде сөздің әсері күн сәулесінен де жылдам әсер етеді. Көптің психикалық қорғанысы өте әлсіз. Осындай сәтте онсызда үнжырғасы түсіп жүргенді бір ауыз сөзбен бақытты етуге не, көңілін қалдырып, мәңгі жау етуге болады.
Ұлы Абай «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады» деп текке айтпаған. Осыларды ескермеген адамдардың басым көпшілігі сөз құдіретін жете түсінбей, өздеріне де, өзгелерге де кесірін тигізіп жатады.
«Аз сөз алтын, көп сөз көмір» деген тамаша тәмсіл бар. Көп сөйлегеннің бар сыры ашылатыны әмбеге аян. Ішкі жан-дүниесінің барлығы өзгелерге көрініп тұратын ашық адам сынды. Бақа күні бойы тоқтамастан бақылдайды. Оның дауысын алыстан естіген жылан жылдам жылжып келіп, барынша бақырып тұрған жемтігін жұта салады. Осылайша ол бақылдағанының салдарынан ажал құшады.
Қазір сөздерінде мәні жоқ, дамылсыз сөйлейтіндер көпшілікте кездеседі. Ал адам сөйлеуге де қуат жұмсайтынын ескермейді. Ретсіз сөйлеген пенде қуатын бос сөзге жұмсап, ысырап қылады дейді білгіштер. Мән берсек, ер адамдардан гөрі әйелдер көп сөйлеуге әуес. Алайда әйел мінезді еркектер қатары да ұлғаюда. Шамасы бұрынғылардың «Ер аз сөйлеп, көп тындырады» деген халық нақылы ескерілмеуде.
Сөз құдіретінің әсерін мына бір мысалдан байқауға болады. Екі көзі соқыр кісі адамдар жиі жүретін орында таңертеңнен кешке дейін қайыр сұрайды. Оның жанында картон қорап тұрады. Онда жұрт салған ұсақ тиындар жатады. Әлгі кісі мойнына «мен соқырмын, құдай үшін көмектесіңдер» деп жазылған қатырма қағаз ілінген. Олай-бұлай өтетін адамдардың арасында соқырды аяп, тиын-тебен тастайтындар сирек. Содан болар ол ерте келіп, кеш қарайғанша қозғалмайтын. Бәлкім біреулер мейірі түсіп, бірдеңе беріп қалар деген үміт, оны осылай қысы-жазы күнұзақ отыруға мәжбүрлейді. Бірде әлгінің жанына тоқтаған өткінші қыз, мойнындағы қатырма қағазын сұрады. Бұл неге керек деген оймен таңданса да, оған қағазды берді. Бойжеткен қағаздағы сөзді басқа сөйлеммен өзгертіп, қатырма тақтаны өзіне қайтарып, жөніне кетті.
Сол-ақ екен жанындағы қорапқа тиындар қарша жауды. Өткен-кеткендердің бәрі тоқтап, ақша тастайды. Осылайша кешке дейін оның қорабы тиынға толды. Мұның себебін түсіне алмаған соқыр аң-таң. Кешкісін жұмыстан қайтқан бағанағы қыз оның қасына келіп тоқтады. Ол «көрдіңіз бе, енді бәрі басқаша» деді. Оны дауысынан таныған соқыр «сен не істеп қойдың, маған осы арадан өткен жұрттың бәрі тиын тастап жатыр» деп таңырқады. Оған қыз «бар болғаны мойныңызға ілінген тақтадағы сөзді басқалай жаздым» дейді.
Бойжеткен бұрынғы сөздің орнына «мына дүние қандай тамаша, бірақ мен оны көре алмаймын» деп жазған еді. Бейтаныс қыздың бұл сөзі өткен-кеткендердің бәрінің жүрегін елжіретіп, қатты әсер етті. Аяушылық сезіміне бөленген адамдар күнде көз салып қарамайтын әлгі кемтар жанға аяушылық танытып, оған мол тиын салды.
«Жылы-жылы сөйлесең, жылан іннен шығады» деген. Жылы сөз кез-келген адамға жағымды әсер етеді. Айналаңыздағы жандармен жақсы қарым-қатынаста әрі өмірім тыныш болсын десеңіз, әрдайым жылы сөйлеуге бейімделген жөн.
Сүбелі сөзбен адамның, тіпті мемлекеттің де тағдырын шешкен сәттер болған. Бүгінде 100 отбасының үштен бірі, яғни 33-і дәм-тұздары жараспай айырылысады дейді статистикалық мәліметтерде. Мұндай жағдайға дейін қалай жеттік? Қазіргідей жайбарақат заманда шаңырақты сақтап қалу үшін не жетіспейді? Бұл – үлкен қасірет. Ер адам мен әйел адамның ғана трагедиясы емес, ата-ананың, жақын-жуықтың тіпті мемлекеттің қайғы-қасіреті, өкініші деуге әбден саяды. Мұнда жеңіс те, пайда да жоқ. Барлық тарап ұтылып, ауқымды жапа шегеді. Осының бәрі – бір бірінің айтқан сөздерін тыңдамауынан, тыңдаса да, оны ой елегінен өткізіп өлшемеу деп түсінуге болады. Оның түпкі мақсатын ескермегендіктен дұрыс қорытынды шығармайды. Бір сөзбен, түсініспеу, барға қанағат қылмау, шүкіршілік етпеу, шыдамсыздық, аз күндік қиындыққа төзбеу. Осыдан келіп ұрыс-керіс шығады. Тіпті соңы қайғылы жағдайға дейін жететіні жасырын емес. Бір күндік керістің қырық күндік зардабы бар демей ме?!
Ұлы Пайғамбарымыз Мұхаммед ғ.с үмбеттеріне қалдырған хадистерінде: «Сөздің жаманы – өтірікшілік», «Алла алдындағы ең жақсы сөз – шын сөз», «Өзіңе зиян болса да шын сөйле», «Адамдарға тағам жегізіп, шырындай тәтті сөз сөйлегендер пейішке барады» делінген.
Ауыр сөзден соң ешкім де түзу жолға түспеген. Салдарынан өзгелерді жау етіп алу ғажап емес. Әр сөзді ойланып, ақылмен айтқанда ғана анталаған дұшпаннан гөрі достың қатары ұлғаяры сөзсіз.
Нұрай ШАБЫТ
06 қаңтар 2024 ж. 796 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031