Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Нартай ақыннан бата алған

Нартай ақыннан бата алған

Сегізінші сыныпты бітірер жылы ауыр науқастан төсек тартып жатқан анам басын жастықтан көтеріп: «Қарғам, жақынырақ отыршы.14 құрсақтан қалған екеулерің ғана. Апаң жатжұрттық бала ғой, ертең тұрмыс құрып, басқа босағаға кетер. Саған қиын бола ма деп уайымдаймын. Маған ана ілулі тұрған домбырамды алып берші, – деді. Қолына тиген домбыраның құлағын бұрап келтіріп, халықтың халық әні «Елім-айды» шерте бастады. Әлсіз қолдары шаршады ма, әнді аяқтамай домбырасын жанына сүйеп: «Шырағым, білсең бұл аспап пен анау тұрған кішкене қара сырнай менің тоғыз жасымнан бері жаныма серік етіп келе жатқан дүниелерім. Сонау аштық жылдары осылардың арқасында таршылық көрген жоқпын. Әттең, сен маған тартсаң ғой, өнерге құлқың жоқ. Мына менің аспаптарым саған аманат, көзіңдей сақтап жүргейсің. Мүмкін өсе келе үйреніп кетерсің», – деп анашым сөзін аяқтады.
Өкінішке орай, анам көп ұзамай елу екі жасында бақилық болып кетті. Мен қалада оқуымды жалғастырдым. Домбырамен, сырнаймен ісім болмады. Сөйтіп, шеше аманатын орындай алмадым.
Анам Бердібекқызы Зиба жыр елі – Қармақшы өңірінің «Қарақ» деген тауының етегінде 1912 жылы дүниеге келген. Әкесі Бердібек ақсақал ұзақ жыл болыс болған. Анам кіндіктен жалғыз. Болыстың үйіне кім келмейді. Би, шешен, жырау дегендей... Сондай күндердің бірінде Ақмешіт жақтан бір топ сәнді киінген жолаушылар болыстың үйіне түседі. Ішіндегі жүріс-тұрысы өзгешелеу, сөзге шешен, келбетті жігіт ағасы өзін «Нартай ақынмын» деп, қалған жолдастарын да таныстырып өтеді.
Қонақасы желініп болғасын, Нартайдың көзі ақ боз үйдің керегесінде ілулі тұрған үкілі домбыраға түседі де: «Би аға, бұл домбыраны кім шертеді?» – деп сұрайды. Әкесі «Мұны мынау отырған жан дегендегі жалғыз ұрпағым – Зиба тартады» дей келе, тоғыз-он жасар шамасындағы қызын меңзейді. Сол арада домбыраны ұсынып тартқызып көреді. Тұлымды қыздың орындаған бірнеше халық әндерін, Базар жыраудың термелерін тыңдап болысымен болысқа бұрылып: «Мына қызыңның ән-жырға талабы бар екен. Мақұл десең анау Ақмешітте келешекте өнер жолын қуамын деген жастарға арналған үйірмелер жұмыс істейді. Соған қатысып, талабын шыңдауына көмектесейін, – деген тілегін жеткізеді. «Жалғыз қызымды ешқайда жібере алмаймын, ауылда мешітке барып дәріс алып жүр», – деп әкесі қарсылық көрсетеді.
Қонақтар үйде болғанында Нартайдың бірнеше әндерін үйреніп алады. Жол жүрер алдында «Айналайын, өнерге бейім-ақ екенсің. Бірақ көзіңді ашып, қолдау көрсетуді әкең мақұлдамай отыр. Ендігі жерде менің бағымды беріп, жұлдызың жарқырай берсін», – деп Нартай ақын шешеме ақ батасын берген екен. Бұл 1922-23 жылдар аралығында болған оқиға.
Арада бірнеше жылдар өткенде дүрбелең басталады. Байларды конфискілеу, аяғы ашаршылық пен қуғын-сүргінге ұласады. Әкесі болыстықтан түседі, барлық малдан айырылады. Нәубет қасіреті салдарынан 88 жасында қайтыс болады. Шешесі екеуі ғана қалады. Халық бас сауғалап, жан-жаққа үдере көшеді. Сол кездері шешемнің Қали деген немере ағасы Нөкіс қаласында наубайхананың бастығы болған. Соны сағалаған шешесі екеуі шұбырған елмен Қарақалпақстан асады. Жолшыбай талайлар аштан өліп, қаза табады. Жаяу жалпылап жүрсе де әкесінің Ақмешіттен әкеліп берген домбырасын тастамайды. Араға бірнеше күн қонып, Бөрте тауы арқылы Тақтакөпірдің үстімен Нөкіске жетеді.
Барғаннан соң әжеміз Дәрі дүниеден озады. Ағасы қаланың мәдени ошақтарының біріне тазалықшы етіп орналастырады. Сөйтіп жүргенде әкеміз Әбдімұратпен бас қосады. Жұмыс істеген орталығында қарақалпақ, қазақ, өзбек әйелдері де болады. Соғыстан кейінгі жылдар ғой.Халықтың еңсесі әлі көтерілмеген. Жұмыстары қала ішіне, қала берді аудандарға мәдени қызмет көрсету. Шешемнің домбырада шебер ойнайтынын сезген орталық басшысы кейде бригада құрамы толмаған жағдайда анамды да қосып жіберетін көрінеді. Әкем Хожелі пристанында жүк түсіруші болып істеген. Кейде айлап үйде болмайтын көрінеді.
Бір күні әкемнің жоқтығын пайдаланған шешем әртістерге еріп гастрольдік сапармен Төрткүл қаласына барып концерт қояды. Топ жетекшісінің келісімімен Нартайдың әндерін, Балқы Базардың термелерін домбыраға қосып орындап береді. Мұны әкем білмейді, кейін бір көңілді отырғанда «Солай жасап едім, отағасы кешіре гөр», – дейді.
«Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» демекші, туған жерге деген сағыныш жетелеп, Қазалыға 1954 жылы қайтып оралады. Апамыз екеуміз кішкене баламыз. Отбасымыз қазіргі Әйтеке би кентінің Республиканская көшесінде тұрды. Әкем келе сала кірпіш құйып, там тұрғызады. Бірде шешем екеуі тамның кірпішін қалауға кіріседі. Әкем жоғарыда, ал шешем төменнен лай, кірпіш жеткізіп беруші. Шешем барлық қажетті заттарды дайындап береді де, білдірмей көрші үйдің біріне зып береді. Ол үйде домбыра бар екенін білетін. Ұзамай жиналған кірпіш, лай шелектер таусылады. Әкем жоғарыдан айқайласа жауап болмайды, біршама уақыт күтеді. Болмағасын жерге түсіп, бөлмеге барса, шешем домбырамен өлеңді аңқытып отырады. Сол үйдің әйелі әкемнің ашуын басып, татулас­тырып жібереді.
Бозкөл ауылындағы мектептің 5-сыныбында оқитын кезім. Ән сабағынан ауданға белгілі күйші Санау Қабылов деген мұғалім берді. Ағай домбыра үйірмесін ұйымдастырды. Шешем қалаға базарлап кеткен, сабақтан келсем үйге оралған екен. Ол «Балам, саған базарлық әкелдім» дей келе әп-әдемі домбыра ұсынды. Қолыма ұстап, шертіп көрдім. Сондағы шешемнің «Базардың ішін аралап жүргенімде осы домбыра көзіме оттай басылды. Тартып көргенімде ұнады. Саған ниеттеп алдым» дегені әлі есімде. Көз тимесін дегендей басына үкі тағып берді. Сөйтіп мен де домбыра үйірмесіне аптасына екі рет қатысып жүрдім. Мұғалім Құрманғазының, Динаның күйлерін үйрете бастады. Сондай күндердің бірінде бір топ бала асығыста есікке кептеліп қалып, домбырамды мойнынан сындырып алдым. Үйге келгесін шешем «Бұлай жасауға бола ма, енді мұндай домбыра еш жерде кездеспейді, мұны жасаған шебер бөлек адам көрінеді», – деп қатты ренжігені бар. Үйірмеге қанша қатыссам да көптің алдына шықпаймын, тек домбыраны өзіммен-өзім отырғанда шертетіндей дәрежеде үйрендім.
Жат жерде қалған анасы есіне түсе ме, әлде соғыстан қайтпай қалған немере ағасы Қалиды ойлай ма, білмеймін кейде аяулы анам домбыраны тартып отырып, көз жасын да төгіп-төгіп жіберуші еді. Ауыл-аймаққа, абысын-ажынға «әртіс келін» атанған анамды мақташыш етіп, сонау аласапыран уақытта қарақалпақ жұртына қазақтың халық әндерін паш еткенін, мехнаты мол ғұмырында өнерді өзіне жақын тұтқанын рухани жаңғыру аясында жұртшылыққа паш еткенді жөн көрдім.

Әнуар ӘБДІМҰРАТ,
Тасарық ауылы.
07 маусым 2018 ж. 1 205 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930