Ақан сері мен Есенбай ақын
Ұлан байтақ қазақ жерінен ел еңсесін көтерген талай асыл перзенттер түлеп ұшқан. Солардың арасында Арқа төсінде туып-өскен Ақан сері есімі жұртшылыққа жақсы мәлім. Сол Ақан сері шашасына шаң жұқтырмас Құлагерін кезекті бәйге додасына алып шығады. Жолай күн сәулесімен жарқырай көрінген айдын көлдің жағасына аялдайды. Аз ғана атшалдырып, қайтадан жолға шықпаққа бекінген. Сөйте келе жақын маңдағы ауылға көңіл аудармайды.
Бұл атақоныс – жасы сексеннің бесеуін алқымдаған, Қарауылдың майталман ақыны Есенбайдың ауылы болатын. Бесін намазының мезгілі жақындаған шақ еді. Мұсылмандық парызын өтемекке бекінген қария қолына құманын алып, далада жүрген. Көл жағасындағы қарауытқан аттарға көз тіге қарағанында Құлагерді тани кетеді.
Апырмай, анау Құлагердің пошымы. Жанындағы Ақан сері болды ғой. Ол не үшін маған сәлем бермей кетеді? Кәнекей, біреуің тез барып, шақырып келіңдер. Мен оған ағаны сыйламағанның мәнісін түсіндірейін. Тіпті ашынғаннан айтысуға да дайынмын, - дейді ашуға булығып. Сосын бір баланы атқа қондырып, өзі үйге кіріп, сәждеге жығылады. Сәлден кейін домбырасын шертіп, қонақтарын күтіп жата береді.
Хабаршы асығыс Ақандарға жетіп, әдеп бойынша сәлемдеседі. Келген шаруасына көшіп, іргедегі ауылдың Есенбайдікі екенін айтады. Қарттықтың қарғы бауынан ұстаған ақсақалдың інілік ізет көрсетпегеніне өкпелі екенін жеткізеді. Айтысуға да дайын отырғанын жасырмайды.
– Қап әттеген-ай! Асығыстық ақылды тұсайды. Аптықғанның кесірінен қадірлі ағама құрмет көрсетуді ұмытыппын. Үлкен ұятқа қалдым, – деген Ақан сері ер үстіне жайғасып, атын алға қарай желдіртеді.
Үйге жеткенінде Есенбай ақын қос жастыққа арқасын сүйеп, домбырасын безілдетіп жатыр екен. Ақан сері көрген бетте тізерлей отыра кетіп, өлеңдетіп қоя беріпті.
« Серкедей қой бастаған көсем аға,
Түйінін қиын сөздің шешеді аға.
Келмеген көптен бері ұятым бар,
Кінәсін інісінің кешеді аға.
Алаштың ақынымен айтысқанда,
Сөзге бай, тоқталмайтын шешен аға.
Қараөткелде жеті ақынды түгел жеңіп,
Қазаққа әйгіленген әсем аға.
Бәйгеге жетпіс бес сом сыйлық алып,
Оязный «оратор» деп берген баға.
Түменде Алшын бидің қызын жеңіп,
Тон кидің алтындаған, құндыз жаға.
Шаң жұқпас заманында жүйрігім-ай,
Тар жолда таймай шапқан «сталь» таға.
Ассалаумағалейкум, қолыңды әкел,
Аман-сау отырмысың, Есен аға».
Алғаусыз көңілден шыққан асыл сөз аға жүрегін елжіретіп, жанына жылулық сыйлайды. Шымыр да жауһар шумақ орынды айтылған соң, қандай айтыс болмақшы? Есенбай ақын домбырасын лақтырып жіберіп, орнынан ұшып тұрады. Жалма-жан серіні құшақтай алып:
« Уағалейкумәссалам, күнім деймін,
Жүрегім қуанғаннан күлімдейді.
Жігіті Қарауылдың толып жатыр,
Біреуі де көзіме көрінбейді.
Келмеген көптен бері інім келді,
Көрпе сал, жылдам тұрып, келін деймін.
Жұртынан сүйріктей боп туған күнім,
Қарасам тал бойыңда жоқ қой мінің.
Алаштан ат оздырып бәйге әперген,
Жүрмісің аман-есен, Ақан інім.
Ту ұстап, тұлпар мінген Ақан серім,
Күнде той, күнде жиын жүрген жерің.
Бір жазда бес-алты рет бәйге әперген,
Аман ба, астыңдағы Алшаңгерің?» – депті.
Ағалы-інілі екеуі өзара мәмілеге келгесін Есенбай ақын бір ту қойын сойғызады. Ақанның жолдастарына дастарханынан дәм таттырып, батасын береді. Жолдарына сәт-сапар тілеп, ақжарма пейілмен шығарып салған деседі ел аузындағы айтылып жүрген әңгіме желісінде.
Дайындаған Сахи ҚАПАР,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі