Бұрмаланған “Балқадиша”
Ұнайды өнерімен Ақан маған» – деп Ілияс Жансүгіров жырлаған Ақжігіт Қорамсаұлының өмірі мен өнері жүз ғасырға жүк болардай аңызға айналды. Серінің “Ақтоқты”, “Алтыбасар”, “Тер қатқан”, “Мақпал”, “Балқадиша”, “Сырымбет”, “Майда қоңыр”, т.б. әндері әйел жанының нәзік сұлулығын көрсетуімен, махаббат құдіретін биіктетуімен құнды.
Серінің өмірі мен өлеңі егіз. Оның тағдыры туралы Ілияс Жансүгіров “Құлагер” поэмасын, Ғабит Мүсірепов“Ақан сері – Ақтоқты” драмасын, С.Мұхамеджанов осы аттас операсын, С.Жүнісов “Ақан сері” романын жазды.
Арада екі ғасыр уақыт өтсе де Ақанның ел арасында дау тудырып жүрген әндері бар. Соның бірі – “Балқадиша”. Әннің мәтіні былай өріледі:
Қызы едің, Ыбырайдың Балқадиша,
Бұралған белің нәзік, о-шіркін, тал Қадиша!
Сексен қыз, серуенге шықса-дағы
Ішінде шолпан жұлдыз, жарығым, сен Қадиша!
Дегенде Балқадиша, Балқадиша,
Күйеуің сексен бесте, о-шіркін, шал Қадиша!
«Кетті» деп Балқадиша естігенде-ей,
Талында Жыландының құшақтап қара жерді,
Еңіреп, жылағаным-ау, жан Қадиша!
Естіген жанды елең еткізіп, ескі замандағы қызын малға айырбастағандай кәрі шалға екінші, үшінші әйелі етіп беретін дәстүрі көз алдыңызға келеді. Сексен бестегі шалға ұзатылған арудың қайғысы жаныңды ауыртады. Бірақ әндегі қыз тағдыры – әдеби, тарихи шындықтың түндігі ашылмаған дәуірдегі идеологияның кесірінен бұрмаланған мәтін ғана. Сонымен Балқадиша сексен бестегі шалға ұзатылған ба? Серінің әніне арқау болған Балқадиша кім?
Композитор-жазушы Ілия Жақановтың «Аққулар қонған айдын көл» деген кітабында «Балқадиша» атты эссе-элегиясы берілген. Одан бөлек бірнеше мақала да жазды. Әннің тарихын зерттеуге жарты өмірін арнаған сазгер бір сөзінде: «Әннің орындалуы бөлек әңгіме. Менің қынжылғаным ән мәтінің түбегейлі бұрмалануы. Рас, Кеңес өкіметі кезінде көп әніміз үгіт-насихаттың құралы болып кетті. Соның бірі – «Балқадиша». Әйел теңдігін алға тартып, жалаулатқан белсенділер «қазақ он екіде бір гүлі ашылмаған өрімдей қыздарын малға сатқан, шалға сатқан» деген желеумен ән мәтінін «Күйеуің сексен бесте – шал, Қадиша» – деп өзгертті. Ақиқатында, Балқадиша ешқандай шалға ұзатылмаған.
Ақан сері бойында бір міні жоқ Балқадишаны қыздың әкесі Ыбырайдың үйіне келіп жүргенде көреді. Ол кезде Балқадиша өрімдей жас бала. Сұлудың шын аты Төкен екен. Әкесі балдай мінезіне сай еркелетіп, Балқадиша атап кетіпті. Ал енді сол атақты «Балқадиша» әнінің түпнұсқа төл мәтіні мынадай:
Қызы едің Ыбекеңнің – Балқадиша,
Өзенді өрлей біткен, тал Қадиша.
Сексен қыз серуенге шыққан кезде,
Ішінде қара басың, хан Қадиша.
Бірақ бұл жас аруға деген ғашықтықтан, ынтызарлықтан туған ән емес. Осы кезең Ақан серінің қартайып, жары қайтыс болып, қайғы шегіп жүрген кезі екен. Қос қызын қос жездесі бауырына басып, жалғыз ұлы Ыбанмен бірге жастық шағы өткен, дәурен құрған жерлерін аралап, қалың арғын жайлаған Қошқарбай, Жыланды тауларын бетке алады. Сонда Балқадишаның ұзатылар алдындағы қызойнағының үстінен түседі. Бұл Ақанның Балқадишаны соңғы рет көруі. Кейін «Балқадиша ұзатылып кетті» деген хабарды естиді. «Кетті деп Балқадиша естігенде, құшақтап құз-жартасты жылағаным» деген өлең жолдары сонда туады. Құз-жартас деп отырғаны – Жыланды тауы. Мұны кейінгілер өзгертіп «Құс жастықты» деп айтып жүр. Бұл дұрыс емес. Осы жайт талай айтылып та, жазылып та келе жатыр. Бірақ ән мәтіні дүдәмал жайттан арылар емес», – деп ақтарылған болатын.
Яғни шынайы өмірде Балқадиша ешқандай да шалға тұрмысқа шықпаған. Балқадишаның күйеуі – сексен бес жастағы шал емес, өз теңі. І.Жақановтың айтуы бойынша, қыздың әкесі Шөкейдің Ыбырайы аса қадірлі, зиялы кісі екен. Өзі орта дәулет жиыпты. Үйіне ел сыйлайтын игі жақсылар, ақын-жыраулар көп түскен деседі. Тумысынан турашыл, әділ кісі болған. Ел ішіндегі дауға шешім айтып, жұртқа қадірі артқан. Әннің өзі төл мәтінінде «Қызы едің Ыбекеңнің Балқадиша» деп құрмет сөзімен басталады. Ақан сері Ыбырайдың Балқадишасын елу жеті-елу сегіз жасында көрген екен. Бір деректе Балқадишаның жиырмадан енді асқан шағы десе, енді бірде он сегіз жаста деп беріледі.
Балқадишаның көркі әкесіне тартқан көрінеді. Шешендігімен қатар әншілігі бар аруға тәкаппарлық қасиет те жараса кеткен. Сондықтан болуы керек, оған кейбір сері жігіттердің өзі сөз айта алмаған. Атастырған жігіті Мұсабайдың Сүлеймені жібі бос жуастың өзі болады да, Балқадишаға өздігінен беттей алмай көп бөгелген. Сүлеймен де айтулы әулеттің ұрпағы еді. Мұсабайдың әкесі – елге найзагер, батыр болып аты шыққан жан. Ыбырай оның әруағын сыйлап Мұсабаймен құда болған.
Балқадиша 1883 жылы туылған. 1904 жылы 21 жасында Сүлейменге тұрмысқа шыққан. Сүлеймен 1877 жылы туылған. Балқадишадан алты жас үлкендігі бар. Сүлеймен мен Балқадишадан Күлия, Кәкім, Төребай, Гүлсім, Нағима, Жетібай деген ұл-қыз тарайды. Сүлеймен мен Балқадиша тату-тәтті, мағыналы ғұмыр кешкен.
Ал әнді орындаушылар «Күйеуің сексен бесте шал, Қадиша» деп, 27 жастағы жас жігіт Сүлейменді шалға теңеп қояды. Солтүстіктің әншілері ән мәтінінен, тарихынан хабардар. «Әннің сөзін өзгерткен оңтүстік әншілері» деп кінә тағушылар да бар.
Әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай: «Күйеуің 85-те шал, Қадиша» деп алғаш орындаған – Әміре Қашаубаев. 1925 жылы Париждегі мәдениет күндерінде француз даласын дауысымен әуелеткен Әміренің бұлай орындауы да таңғаларлық нәрсе емес. Себебі, кеңес дәуірі кезеңінде көптеген халық әндерінің мәтіні саяси идеология әсерінен бұрмаланды. Кейіннен халық жауы боп ұсталған Үкілі Ыбырай, Ақан әндерінің сөзін Иса Байзақов сынды ақындарға қайта жаздыртып, әйел теңдігі мәселесін қозғады», – деген болатын.
Әннің 90 шумақтан тұратын түпнұсқасы бізге жетпеген. Қазір мәтінінің өзгешелігіне қарай бірнеше нұсқасы бар. Соның ішіндегі дұрысы – Қайрат Байбосынов орындауындағы ән. Әнші «Балқадишаның» бізге жеткен мәтінін, сазын ескере отырып, Ақан көңілінің шерін жеткізетіндей өлеңді өзгертіп, сексен бестегі шал деген қатені түзетіп жазды. Сонда да қате нұсқасы халық арасына тарап кеткен.
Тарихи ақтаңдақтар жойылып, әнімізді, әдебиетімізді қайтарып алдық. Абайша айтсақ, «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел».
Дайындаған Дина БӨКЕБАЙ