«Ар мен азап» қойылымы сахналанды
Ұлы жазушыларымыз театрды – тәрбие мектебі, театр – тәлім, рухани азық алар ордасына балаған. Себебі оның мәні тереңде жатыр. Қоғамдағы орын алып жатқан кейбір отбасындағы оқиғаларды қаншалықты көзбен көргенімізбен, оны сахнадан тамашалаған мүлдем бөлек. Бәлкім, шын өнер осынысымен де құдіретті шығар. Осындай көрерменнің көңілінен шыққан қойылымды жуырда Жанқожа батыр ауылында, Жанқожа батыр ауылдық мәдениет Үйі жанындағы «Халық» театрының әртістері сахналады.
Арал ауданы, Қызылжар елді мекенінің тумасы, драматург Жақсыбай Мусаевтың «Ар мен Азап» трагедиясының желісімен қойылған спектакльдің суретшісі – ауылдық мәдениет үйі маманы Қаршыға Қалымбетов болса, режиссері – Бақытбек Мәкеев болды.
Жалпы терең мағыналы, қоғамда орын алып жатқан жайтты бейнелеген қойылым желісінде – ащы судың құрбаны болған Айдар мен Гүлмираның тағдыры суреттеледі. Қос жұптың арасындағы ұрыс-керіс салдарынан қыздары Гүлсімнің өмірі опат болады. Мұның барлығын көрерменге шынайы жеткізе білген «Халық» театрының әртістері ащы судың кесірінен талай отбасы ойран болғанын көрсетті.
Спектакль қонағы болып арнайы барған аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов тұрғындар көңілінен шыққан туындыға ерекше алғысын білдірді.
– Жалпы, бүгінгі қойылым өзіме ерекше ұнады. Бұл қазіргі қоғамның ащы шындығы. Спектакльдің басты кейіпкерлері – Айдар мен Гүлмираның тағдыры, Гүлсімнің өмірден өтуі көрген жанның көзіне жас үйірді деуге болады. Алдағы уақытта осындай қойылымдар жиі болып тұрса дер едім, – деген Дәурен Оңғарбайұлы.
Сонан соң қойылым авторы Жақсыбай Мусаевқа аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың «Алғыс хатын» табыстап, шапан жапты. Сондай-ақ, Жанқожа батыр ауылдық мәдениет Үйі жанындағы Халық театрының ұжымына аудан басшысының «Құттықтауын» берді.
Театр ұжымының еңбегіне қаныққан ауыл тұрғындары марапат барысында қос қолды аямай соғып, әртістерге жылы лебіздерін білдірді.
– Біздің ауданның, ауылдың театр ұжымына алғысымыз шексіз. Өйткені олар театр ұғымын өздері ұғып қана қоймай қалың жұртты да осындай қойылымдардан жақсы әсер алуды, кезекті спектакльді асыға күтуді үйретті десек болады. Соның нәтижесінде театр – тәлім-тәрбие мен рухани азық алар орын. Еңбектің көркемі. Көңіл көтерудің ғана орны емес, мәдени ошақ, идеологиялық құрал екендігіне көзіміздің жеткеніне біршама уақыт болды. Бүгін де бір керемет әсер алдық. «Халық» театры ұжымына еңбектеріңіз жана берсін дейміз. Алда бұдан да керемет ой түйер, жақсы әсер алар қойылымдар күтетін боламыз, – дейді ауыл тұрғыны.
Жақсыбай Қайырлаұлының бұдан бөлек «Шоқ пен шер», «Жер бесік», «Міскін» және «Жаралы гүлдер» атты туындылары бар.
Серік АҚМЫРЗА