ЕО ЭЫДҰ-ға кірмейтін елдерге пластикалық қалдық экспорттауға тыйым салды
Бұған дейін Еуропа елдері пластикалық қалдықтардың едәуір бөлігін шетелге жөнелтіп келген.
Depositphotos.com21 қарашадан бастап Еуропалық одақ елдеріне пластикалық қалдықтарды Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) кірмейтін мемлекеттерге экспорттауға тыйым салынды. Жаңа шектеу кемінде 2029 жылдың мамырына дейін қолданылады. Бұл туралы Deutsche Welle хабарлады.Еурокомиссияның мәліметінше, жаңа талаптар қоршаған ортаның ластануын азайтуға, қалдықтарды қайта өңдеу жүйесін жетілдіруге және Еуропаның айналмалы экономикасын дамытуға бағытталған.
Бұған дейін Еуропа елдері пластикалық қалдықтардың едәуір бөлігін шетелге жөнелтіп келген. Алайда кейбір мемлекеттерде қоқысты экологиялық талаптарға сай өңдеу мәселесі туындап, оның бір бөлігі өзендер мен табиғи ортаға түсіп отырған.
Жаңа ережеге сәйкес, пластикалық қалдықтарды ЭЫДҰ құрамындағы 38 мемлекетке ғана экспорттауға рұқсат етіледі. Олардың қатарында Түркия, Швейцария, Норвегия және Ұлыбритания бар. Дегенмен бұл елдерге жөнелтілетін қалдықтар да күшейтілген бақылауға алынады.
Еуропалық одақ жыл сайын 1-1,5 миллион тонна пластикалық қалдықты шетелге шығарады. Өткен жылы оның ең ірі алушысы Түркия болып, бұл елге 515 мың тонна қоқыс жеткізілген. Ал Малайзияға 276 мың тонна қалдық жөнелтілген.
Экологиялық ұйымдар жаңа шектеу нәтижесінде пластикалық қалдықтардың ЭЫДҰ елдеріне, әсіресе Түркияға бағытталуы артуы мүмкін екенін ескертеді.
Сонымен қатар 2027 жылдың мамырынан бастап талаптар одан әрі күшейтіледі. Бұл кезеңнен бастап ЭЫДҰ-ға кірмейтін елдерге қалдықтардың барлық түрін экспорттауға негізінен тыйым салынады. Тек қабылдаушы мемлекет қалдықтарды экологиялық қауіпсіз өңдей алатынын дәлелдеп, импорттауға ресми келісім берген жағдайда ғана ерекшелік қарастырылады.













