Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі

Адам

Бір жігіт жолда кетіп бара жатып ойда жоқта қомақты әмиян тауып алды. Жан-жағына қараса ешкім көрінбейді. «Әмиян тауып алдым, кімдікі?» деп айқайлап үш рет айтқандай болды. Дегенмен өз даусын басқалар түгілі өзі де естімеді.
Былайырақ шығып алып әмиянды ашып қараса, ішінде бір машинаға жетерлік қаржы бар сияқты. Қуанғаннан не істерін білмей аңтарылып қалды. Ішінде бір жылылық пайда болып, бала-шағасының былтырғы ескі ботинка мен киімдермен жүргені, жұбайының жөні түзу бір көйлегі жоғы, ал өзінің бес-алты жылдан бері бір жаңа киім алмағаны, өздерінің көптен бері тойып тамақ та жемегені есіне түсті . «Алла тағала менің көз жасымды көріп осы несібені жіберген шығар» деген ой келіп, Жаратқанға рахмет айта бергені сол еді, ботадай боздаған, киімі жұпыны кісіні көрді.
- Айналайын, адамдар-ау, қайырымды жандар, балаларымның анасы айықпас дертке шалдығып, соны емдету үшін ағайындарым мен жаны жайсаң адамдар ауыздарынан жырып берген қаржымды әмиянымен қоса жоғалттым. Енді не істеймін? Жұбайыма қажетті операцияны қаржысыз қалай жасатамын? Жұбайым о дүниелік болып кетсе, балаларымның күні не болады? Бұл азапты көрсеткенше маған тезірек өлім жібере қойшы тәңірім,-деп жылайды.
Әмиян тауып алған жігіт ары ойланды, бері ойланды. Ақыры нәпсісін ұяты мен имандылығы жеңіп, ботадай боздаған кісінің жанына қалай жетіп барғанын, әмиянды ақшасымен қосып қалай бергенін өзі де байқамай қалды.
Кенет үйлердің тасасынан топырлаған адамдар шыға келгенде әмиян тауып алған жігіт сасып қалады. Топтың ішінен салиқалы жігіт ағасы шығып әмиян тапқан жігітті қапсыра құшақтай алып:
- Бауырым, саған үлкен рахмет, мені мынау тобырға күлкі қылмадың. Өмірде әлі де мейірімді, иманды жандар барын дәлелдедің. «Ондай жандар мына заманда жоқ, соңғы мокиган сияқты өткен ғасырларда ада болып кеткен. Егер ондай адамды тауып берер болсаң, осы тұрған бәріміз жабылып саған он жылқы береміз. Ал таба алмасаң, бар байлығыңды бізге бересің»,- деп қоймаған соң серттескен жайым бар еді.
Мынау ботадай боздап жүрген адам осы қаладағы театрдың актеры. Өз ролін тамана ойнап шықты-ау деймін. Мені жерге қаратпағаның үшін, әлемде әлі де иманды адамдар бар екенін дәлелдегенің үшін, тауып алған әмияныңды ақшасымен қоса саған бердім. Бұдан бөлек мына тобырдың менен жеңілгендері үшін беретін он жылқысын да саған бердім, - дейді.
Қызық көрмекші болып келген тобырдың еңселері түсіп кетіпті. Өздерінің арасынан әмиян тауып алған жігіттей адам шыққанына сенбейтін сияқты.
- Мынау қатыгез, дүрбелең, тек қара басының қамын ойлайтын, компьютер бас заманда әлі де тазалықтың бар екенін дәлелдеген АДАМ деген атыңнан айналайын, әмиян тауып алған жігіт, - деді салиқалы жігіт ағасы толқып тұрып.
Жанат Бақыттың Facebook-тегі парақшасынан
Mazhab.kz
25 мамыр 2018 ж. 2 131 0

Киелі мекен - Жанкент

19 сәуір 2024 ж. 129

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930