Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қазалының қайсар ері

Қазалының қайсар ері

Әкесі Ұзақбай мен шешесі Қадиша қарапайым шаруа адамдары еді. Ерлі-зайыптылар көрші-қолаң және ағайын-туыстарымен тонның ішкі бауындай араласа білетін. Қашанда кішіпейіл, ақжарқын мінездерімен ерекшеленіп жүретін.
Шаңырақтың егесі Ұзақбай алғашында қазіргі Көларық ауылдық Кеңесінің аумағында қолына азын-аулақ мал ұстап көппен бірге қоңыр күй кешті. Кейін Қазалы қаласына, онан соң Қазалы стансасына қоныс аударады. 1901 жылы басталған Орынбор-Ташкент теміржолы құрылысына қатысады. Ұзекең теміржолшылар жатағының солтүстік батысындағы «Ақиректің» көк тасын түйеге артып тасиды. Вокзал үйін салу мен рельс жалғау істеріне маңдай тер төге араласады.
Сіз-бізі жарасқан отбасының тұла бойы тұңғыштары – Әнәпия 1916 жылы Қазалы қаласында өмірге келді. Қатарластарынан қалмай қаладағы сауат ашу мектебінен хат таныған шәкірт зеректігімен көзге көрінді...
Ата-анасының келісімі мен батасын алған Әнәпияның талабы оңғарылып, айы оңынан туды. 1931 жылдың күзінде Қазалы паровоз депосы жанындағы ФЗУ-ға құжаттарын тапсырған талапты жас оқуға кедергісіз қабылданды. Училище қабырғасында білім алған екі жыл ішінде ерекше ынталылығымен танылып, үздіктер қатарынан түспеді.
Кәсіптік оқу орнынан арнаулы мамандық алып шыққан жігерлі жігіт 1933 жылы паровоз депосында паровоз машинисінің көмекшісі болып еңбек жолын бастады. Сол жылдардағы «С», «Б», «ИВ», «З» сериялы паровоздар бумен жүретіндіктен де, қозғалыс жүйесі біраз ауыртпашылықпен атқарылатын. Бұл орайда бу қазандығына көмір атушылардың еңбегі ұшан-теңіз. Олар паровозды жүргізіп, тұрғызуда бас­ты тұлға саналатын.
Жастық жалын желігі дегенді қойсаңшы! Жолаушылар мен жүк вагондарын межелі жеріне уақытылы жеткізуді ойлаған Әнәпия кей кездері паровоз машинисінің көмекшісі екенін де ұмытып кететін. Жылдамдықты арттыратын шақырымға жақын келгендерінде күрек сабын сығымдай ұстап, қазандық ауызына көмірді үсті-үстіне атып, жанындағыларға қамқорлық білдіргенді қалайтын.
Жігітті ізгі ниет алға жетелейді. Еңбекқорлығымен танылған ВЛКСМ мүшесі Әнәпия Ұзақбаев 1938 жылдың қаңтарында Орынбор теміржолының Қазалы стансасындағы ФЗУ мектебінің саяси бөлім бастығының орынбасарлығы қызметіне жоғарылатылды. 1939-1940 жылдары Орынбор теміржолының Қазалы бөлімшесінде комсомол ұйымының саяси бөлімі бастығының орынбасары болды. Жалындаған жүректері алып ұшқан жастарға жетекшілік еткен мезгілдерде түрлі мәдени-рухани шаралардың өз деңгейінде жүргізіліп, жаңашыл жаңалықтардың өріс алуына ұйытқы көрсете білді.
***
1940 жылдың күзінде Отан алдындағы борышын өтеп, әскери курста оқып жүргенінде сұрапыл соғыс өртіне кездесті. Бұла күші бойында бұлқынған жиырма бестегі жігіт 1941 жылдың қарашасында Батыс майдандағы жауынгерлік жорыққа аттанды. Брянск жерінде артиллерия полкінде взвод командирі болып, жау жендеттеріне қарсы тұрды. Воронеж, Курск қалаларын немістердің құрсауынан азат етуге қатысты.
Бейбіт заманды күзете жүріп, майдан даласындағы от-жалынның үстінен шыққан Әнәпиядан кейінгі ізбасар інілері: Жүсіп пен Садық та Отан шебін қорғаушылар қатарына шақырылды. Садық 1941 жылдың шілдесінде, Жүсіп араға төрт ай салып, қарашаның ішінде соғысқа алынды. Ағалы-інілілер әп дегеннен, Мәскеу үшін шайқасқа араласқан.
Тете өскен бауырларының сау-саламаттылығын дәтке қуат етіп жүргенінде арадағы байланыс ат құйрығын кескендей шорт тиылды. Жүсіптен 1944 жылдың тамызынан, Садықтан 1945 жылдың қаңтарынан бастап, хабар-ошар келуін тоқтатты. Әскери бөлім басшыларына жедел хат жолдағанында боздақтардың майдан даласында белгісіз жағдайда опат болғандығы жөнінде мәлімдеме алды.
Бір-бірімен жас алшақтықтары жақын екі бірдей інісінен айырылып, жан-жүрегі езілген Әнәпия 1944-1945 жылдары І Украин майданында батальон командирінің саяси істер жөніндегі орынбасары міндетін атқарды. Майдан даласындағы неміс-фашист басқыншыларының қарасын көргенінде өн бойында аяушылықтан гөрі өшпенділік сезімі өршіп кететін.
...1944 жылғы Украин жеріндегі жойқын ұрыс Кеңес әскерлеріне оңайлыққа соқпады. Екі қанатты жайлаған қарсыластардың өршелене бір-бірімен жан алып, жан беріскен жойқын соғыстары үстінде батальон командирінің орынбасары Әнәпия Ұзақбаев ауыр жараланып, госпиталь палатасы төрінен шықты. Біраз қанын жойылтып, әлсіреп қалған офицер бірнеше сағаттан кейін есін жиды.
Ертеңіне хал-жағдайын сұрап, аққұба өңді, талдырмаш денелі, бұдан гөрі жасының кішілігі бар, сүп-сүйкімді украин қызы келді. Ол болған жайды бастан-аяқ асықпай отырып, бүге-шігесіне дейін баяндап берді. Бұлар кейін қарай шегінген жолда қаңғалаған мина жарқыншағы мұның денесін жаралайды. Қалжыраған Әнәпияға денсаулық сақшысы Елизавета Иванқызы алғашқы жәрдемін көрсетеді.
Мән-жайдың анық-қанығына көз жеткізген жаралы офицер ажалдан арашалап қалған дәрігер қызға шынайы алғысын білдірді. Бұлар майдандағы қарбалас уақыттың ұтырын келтіріп, жиі-жиі кездесуді әдетке айналдырды. Бірі жиырма сегізді, екіншісі жиырма үшті алқымдаған жастардың жүректері жарасымды үндестік тауып, үлкен өмір шатқалдарына жұптаса қадам басуға серт байласты.
Жауынгерлік жолын 1945 жылдың желтоқсанында аяқтаған гвардия капитаны Әнәпия Ұзақбаев «Германияны жеңгені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Праганы азат еткені үшін» медальдарымен, ІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз» ордендерімен наградталды. Сондай-ақ Германияның Берлин, Дрезден, Чехословакияның Прага қалаларын азат етудегі жанқиярлық ерлігі үшін Бас қолбасшы И.В.Сталиннің «Алғыс хатын» алды.
Ата дәстүрді жасынан көкірегіне мықтап түйген Әнәпия Елизаветамен танысқан күннен бастап, оның жасаған жақсылықтарын тізбелеп, сәтін салса өмірлік жар еткісі келетінін айтып, ауылға хат жолдаған. «Қазақы тәрбиені берік ұстанған әке-шешем менің бұл қылығымды қалай қабылдар екен?» деген бейжай күйдің жетегінде жүргенінде Әнәпияға туған жер төсінен жауап та жеткен.
Қиян-кескі алапат аяқталысымен Әнәпия кіндік қаны тамған туған жері – Қазалыға сүйікті қалыңдығымен жұптаса оралды. «Қайғының уытын қуаныш ғана басады» екен. Майдан даласында шейіт кеткен қос ұлының жүрекке салған шерін сейілткен жас жұбайларға әке-шешелері ақжарма көңілден шыққан жүрекжарды тілектерін қарша боратты.
***
Отан қорғау жорығы жылдарында сан түрлі қиындықтарымен кездесіп, ысылып, шыңдалған азамат 1946 жылы Қазалы аудандық партия комитетінің ұйымдастыру кадр бөлімінің меңгерушісі қызметіне шақырылды. Бұл кезеңде әр сала бойынша соғыстан кейінгі қалпына келтіру ісі өрістеп, қызу қолға алына бастаған-ды. Осыған жан-жақты түсіністікпен қараған Әнәпия ауыл шаруашылығы, құрылыс, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, теміржол, тағы басқаларының басқару жүйелеріне сауатты, ой-өрісі кең мамандарды тартуға ерекше мән берді.
Жүктелген міндетті ыждағатты орындайтын адал коммунист Әнәпия Ұзақбаев 1947-1949 жылдары аудандық партия комитетінің үшінші хатшысы қызметінде болды. 1950-1953 жылдары Орынбор теміржолының Шалқар станциясындағы тораптық партия комитеті саяси бөлімінің бастығы болып істеді. 1953-1957 жылдары Түркістан-Сібір теміржол бойының саяси бөлім бастығының орынбасары қызметін атқарды.
Соғыс және еңбек ардагері Әнәпия Ұзақбаевты теміржол саласы мамандарының ұстаханасына айналған ауданымыздағы байырғы оқу орны – Қазалы көлік-техникалық колледжінің іргетасын қалап, нығайтушы азаматтардың бірі емес, бірегейі десек жарасады. 1929 жылдың қазанында Қазалы паровоз депосы жанынан фабрика – заводтық училищесі ретінде ашылған бұл білім шаңырағын 1929-1943 жылдары П.С.Никеров, 1943-1956 жылдары А.В.Харьков есімді өзге ұлт өкілдері басқарды. Ал 1957-1961 жылдары училище директоры лауазымы тізгінін қазақтан шыққан алғашқы басшы Әнәпия Ұзақбаев қолға алды.
Теміржол бойы және комсомол, партия қызметтерінде тәжірибесі толысқан Әнекең училище директорлығын атқаруда ерекше ізденісі және еңбекқорлығымен дара көрінді. Үкіметтің ескі паровоздардың орнына жаңа жобадағы тепловоздарды пайлану туралы қаулысы шығуына байланысты оқу ордасына ер балалармен бірге қыздардың да көптеп тартылуына жағдайлар жасады. Қалаған мамандықтарына бетбұруы үшін: вагон қараушы, станция кезекшісі, аспазшы, тігіншілік курстарының ашылуына мұрындық болды. Сол кездегі оқу шеберлері: В.И.Карков, Б.А.Самодуров, П.П.Полосаткин, В.Суязов, Л.И.Чекурин, О.Бекбан­ов, Т.Ермағамбетов, оқытушылар: А.П.Казакиевич, Р.И.Макризина, И.Т.Милохов, Г.А.Семенова­лармен жылы тіл табысып, училище түлек­терінің терең білімдарлығын арттыруға қажыр-қайратын жұмсады.
Теміржол училищесінің алға өрлеуіне өлшеусіз үлесін қосқан Әнәпия өндірістен қол үзбей жүріп, 1961 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің заң факультетінде білім алды. Сосын көп ұзамай Алматы қаласына қоныс аударды.
1961-1968 жылдар аралығында Қазақстан Рес­публикасы кәсіподақ комитетінің техникалық инс­пекторы, 1968-1975 жылдары Қазақстан Республикасы теміржол бойы кәсіподақ комитетінің заң кеңесшісі қызметтерін атқарды.
Тумысы бөлек тұлға қандай қызмет басын­да жүрсе де өзінің іскерлігімен, талапшыл да еңбекқорлығымен, жаңашылдықты қолдаушылығымен көзге түсіп, аудандық, облыстық Кеңестерге депутаттыққа сайланды. Аудандық партия комитетінің пленум, бюро мүшелері қатарында қиын-түйінді мәселелерді шешуге қатысты.
Қоғамға сіңірген еңбегі үшін «Құрметті теміржолшы» атағын алып, «В.И.Лениннің туғанына – 100 жыл», «Ерен еңбегі үшін», «Тың игерудегі ерлігі үшін» медалдарымен және Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының, Қазақстан КП Орталық комитеті мен Қазақ ССР Министрлер Советінің партиялық мемлекеттік бақылау комитетінің, ВЦСПС Президиумының «Құрмет грамоталарымен» марапатталды.
Ұлы Отан соғысының отты жылдарын бастан кешірген Әнекең – бейбіт кезеңде де халық үшін адал қызмет еткен жайсаң жан. Ол 1975 жылы 59 жасында дүние салды. Майдан даласында әскери госпитальда қызмет еткен Тула қаласының тумасы, украин қызы Елизавета Ивановнамен ерлі-зайыптылық ғұмырларын ерекше сыйластықта өткізді. Сәуле, Іскендір, Бауыржан есімді балаларын тәрбиелеп өсірді. Бір өкініштісі балаларының ғұмыр жастары келте болып, ертерек дүние салды.
Бұл күндері майдангерлер отбасынан қанат қаққан немерелері: Жанна, Анатолий, Әнуар, Тимур, Іскендірлер ата-әжелерінің өнегесін ұлық тұтып, ұрпақтар сабақтастығын сенімді жалғастыруда. Ұзақ жыл Алматы қаласында тұрып, балалары мен немерелерінің алтын діңгегіне айналған Елизавета 2009 жылы 88 жасында өмірден озды.
Әнәпия Ұзақбаевтың өмірі мен қызметі жөнінде деректер жинақтау үстінде қазіргі көлік-техникалық колледжінің директоры Болатбек Ахметовпен жолығыстық.
– Оқу-тәрбие жұмыстары барысында Әнәпия Ұзақбаев туралы шәкірттерімізге үнемі насихаттап отырамыз. Оның суреті білім ордасының кіреберісіндегі «Ардагерлер тақтасында» ілулі тұр. 2014 жылдың қараша айында Әйтеке би кентіндегі соғыс және еңбек ардагерінің есімімен аталатын көшенің басына ескерткіш-белгі қойылды. Айтылған орынды үнемі шептік бақылауға алып отыруды күн тәртібінен түсірген емеспіз. Бұған шәкірттер мен педагогикалық қауым белсене араласуды естен шығармайды, – деді ол.
Аудандық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Оразғали Бекбановпен тілдескенімізде былай деді:
– Әнекең қазіргі Қазалы көлік-техникалық колледжінің бірінші қазақ директоры. Білім шаңырағын өсіріп, өркендетушілердің бірі. Ұлтымыздың қыз-жігіттерінің теміржол маман­дығын көптеп меңгеруіне жанашыр қолын созған ағартушы.
Мен Әнекең директорлық қызмет атқарған жылдары училищеде білім алдым. Соның ықпалымен оқу орнына өндіріс шеберлігіне жұмысқа қабылдандым. «Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы» демекші бойымызға адамгершілікке тән жақсы қасиеттердің қалыптасуында ағайымыздың еңбегі ерен десек асыра дәріптегендік бола қоймас.
Иә, комсомол, партия орындарында үлгілі қызмет істеген, училище басқарып, шәкірттер тәрбиелеген, республикалық деңгейге жоғарылаған еңбек және соғыс ардагері, Қазалының текті азаматы Әнәпия Ұзақбаевтың есімі халқымен бірге мәңгі жасай береді.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат
10 желтоқсан 2022 ж. 1 674 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 53

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930