Сыр бойындағы сырлы қала
Сыр өңірі тарихи орындарға бай мекен. Тарих беттерін парақтасақ, Жібек жолы бойында орналасқан қалаларда өркениет дамып, сауда-саттық жоғары деңгейде болғанын байқаймыз. Дегенмен сол гүлденген шаһардың тек үйінділері ғана біздің кезеңге жетті. Соның бірі – Сығанақ ертеректе үлкен мәдениеттің қайнаған ортасы болған деседі зертеушілер. Оның орналасқан орны Қаратау қыратының оңтүстік батыс етегімен Сырдария өзенінің жағалауынан 15 шақырым қашықтықтағы Белқар үстіртінде. Қорғанның солтүстік беті жермен жексен болып шөгіп кеткен.
Шаһар Х-ХІІ ғасырларда Сунақ деп аталса, кейін Сығанақ қаласы болып өзгерген. 1219 жылы Жошы хан әскері Сығанақты жаулап, қорғанын қиратады. Шыңғысханның үлкен ұлы Жошы қаланы шаппас бұрын ең алдымен жергілікті саудагер Хасан қожаны қала тұрғындарын берілуге көндіру үшін Сығанаққа жібереді. Бірақ ондағы халық сатқынды өлтіріп, өздері жауға қарсы күреске шығады. Жошы әскерлері қаланы қоршап алсада, қала халқы жеті күн бойы берілмей, қарсыласып бағады. Бірақ күші басым әскер қаланы басып алып, күл-талқанын шығарады. Сығанақ 100 жылдан соң қайта қалпына келеді.
Қазақ жеріндегі моңғол империясының ыдырауына байланысты, жергілікті этникалық топтардан құрылған мемлекеттер пайда болады. Солардың бірі ХІІІ-XV ғасырда Шығыс Дешті Қыпшақта өмір сүрген Ақ Орда мемлекеті. Ақ Орда Қазақстан аумағында моңғолдардан кейінгі құрылған алғашқы мемлекет. Орталығы Сырдария өзенінің орта ағысы бойынша орналасқан Сығанақ қаласы. Ақ Орданы Шыңғысханның үлкен ұлы Жошы ханнан тараған ұрпақтары билейді. Ерзен хан тұсында Сығанақта көптеген құрылыс жұмысы жүргізіледі. Қала гүлденіп, Сыр бойындағы қалалармен байланыс жасайды. Ерзен хан кейін Сығанақта қайтыс болып, жерленген. Ерзеннен кейін хан тағына оның ұлы Мүбәрак хан отырады. Мұның тұсында Сығанақта теңге соғылады.
Ақсақ Темірдің жортулары Сығанақ қаласының шаңырағын шайқалтып, Ақ Орданы қиратып кетеді. Ақсақ Темір 1405 жылы қайтыс болғаннан кейін, Ақ Орда қайтадан бой көтереді. Ұрыс ханның немересі Барақ хан 1423-1428 жылдары Ақ Орданы қалпына келтіре бастайды. Бірақ ол көп ұзамай қайтыс болады. Ақ Орданың билігі енді Жошы ханның бесінші ұлы Шайбанның ұрпағы Әбілхайыр ханның қолына көшеді. Әбілхайыр хан Моғолстанға аттанып кеткенде, Жәнібек хан Сығанақты басып алады. Жәнібек хан Ордасын Сығанаққа көшіріп, билікті Бұрындыққа береді. Сөйтіп Қазақ хандығының астанасы Сығанақ қаласы болады. Сығанақ халқы отырықшы болған. Онда сауда, қолөнер жақсы дамыған. Қала мәдениеті Тараз, Баласағұн, Сайрам, Отырар шаһарларымен қатар қанат жайған.
Махмұт Қашқари “Сығанақ – оғыздар еліндегі қала” десе, ал Әбілғазының жазбаларында: “Қала қақпалы, қуатты дуалдармен қоршалып, ішінде сауда үйлері, керуен сарайлары және басқа да қоғамдық құрылыстары бар үйлер орналасқан. Сығанақ Сырдария өңіріндегі ірі тұрақ еді. Оның тұрғындары моңғолдармен барынша қарсыласты”, – деп жазған.
Орыс тарихшы-зертеушілері қала орнында болып, ондағы жәдігерлердің жоспарын жасаған. А.Ю.Якубовский қала мұрағаттары мен сунақ мавзолейінің қала орнын сипаттап жазды. Тарихи деректерде бірде Сунақ, бірде Сығанақ деген атпен түскен қала туралы мәліметтер шығыс, батыс жазбаларында ұшырасады.
А.Якубовский зерттеуінде Сырдың төменінде қала мәдинетінің туғанын айта келіп, билік түрлі тайпалардың қолында болса да, оның бәрін мұсылман көпестер салғандығын жазады. Зерттеу жұмысы нәтижесінде қазіргі Сунақ ата жерінен көптеген өрнекті керамикалық бұйым, ыдыстардың қалдықтары табылды. Бұл жерде Сығанақ қаласында қыш құмыра үлгілері жақсы дамыған.
Сығанақты зерттеген археологтардың бірі – В.Каллаур жинағында: “Сунақ атада ең алдымен күйдірілген қыштан соғылған екі құрылыс назар аудартады. Олар осы жердегі қаламен тұспа-тұс болуға тиіс. Көлемді үлкен құрылыс үш бірдей тіреу есігі бар екі бөлмеден тұрады. Бұл бөлменің ұзындығы мен ені 9 кез”, – деп жазады.
В.Каллаур екінші бөлменің астында табыт болғанын анықтаған. Бірақ оны тас басып, бөлме үстіндегі күмбездер қираған екен. Шырақшы бұл бөлмелердің төбесіне бөрене қойып, қамыспен жауыпты деп келтірген. Ол Сығанақ шаһарының тұрғындары туралы да пікір қозғап, онда сунақтардың тұратынын жазған. Қаланың сунақтар арасында Сунақ деген атпен мәлім екенін де айтқан.
Тарихшы-зерттеушілер қазба жұмыстарын жүргізбесе де, Сығанақ қаласының жұртын, күмбезді құрылыстардың жұрнақтарын көреді. Оларды саралап, өлшеп, суреттеп қағаз бетіне түсіреді. Өрнекті керамикалық бұйымдарын музейге алып кетеді. Бұл кезде жекелеген күмбезді ғимараттардың сұлбасы аман, қорған қабырғалары түгел төбе жиектері бойымен айқын көрініп жатқан уақыт екен. Якубовский қорғанды айнала қадалап өлшейді. Каллаур да солай мөлшерлейді. Каллаур да, Якубовский де олардың сәл ғана артында көне жол үйінділердің ізі жатқанын айтады.
Қазіргі Сығанақтың солтүстігі 275 метр, солтүстік батысы 175 метр, оңтүстік батысы 190 метр және оңтүстігі 175 метр, ал оңтүстік шығысы 320 метр өлшемінде. Биіктігі 1,5 метр. Қала 6-7 метр шығыңқы 15 төбешікке айналған және мұнара іздері сақталған қасында Сунақ ата мешіті бар. Маңайында құрылыс іздері төбе-төбе болып кездеседі. Ертедегі қаланың үстіңгі мәдени қабаты керамика сынықтарына толы.
1988 жылы және 1996 жылдары ертедегі қаланың солтүстік шығыс қорған дуалы бұрышынан жақын іш жағынан және оның маңында археологиялық барлау қазбалары жүргізілді. Сығанақ қаласы тұрған жер диқаншылық, жартылай көшпелі мал шаруашылығына қолайлы әрі сауда орталығы болған. Ауыл ақсақалдарының айтуынша, Сунақ ұғымы Сырдариядан аққан су, арнаға нақ түскендіктен суы нақ ағады, яғни Сунақ деген сөзден шыққан.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА