18 жаста жорыққа аттанған
1923 жылы №2 Сартоғай ауылында дүниеге келген Күнтуған Көшімұлы 1941 жылдың желтоқсанында Отан қорғау жорығына шақырылады. Саратов қаласына түскен оларды алдымен 6 айлық кіші офицерлер даярлайтын курста оқытып, ІІ Украина майданының алғы шебіне аттандырады.
Ұлы Отан соғысының айтып жеткізуге болмайтын ауыр қасіретін Күнекең көзімен көріп, оқ пен оттың ортасында болды. Украина, Беларусь майданынан басталған жауынгерлік соқпақ Австрия, Чехославакия, Венгрия, Польша елдерін азат ету жорығына ұласты.
«Көз алдыңа елестетсең тұла бойың түршігеді», – деп кейде соғыс кезіндегі қиыншылықтарды тебірене еске алатын. 1944 жылы Польша мен Германия арасында тас жол бойындағы үлкен үш талды тексеру және оны жою туралы тапсырма беріледі. Алдымен Одер өзенінен өту керек. Командирі аға лейтенант Сорькин, байланысшы, снайпер және ол бір адам жүретін тақтай көпірден өтіп, үш талға жақындайды. Үш ағаш түбіндегі жасырынған үш танкіні көреді. Сол арада «Жолдас Көшімов, сіз барасыз» деген бұйрық алады. Командирдің тапсырмасы заң. Қажетті гранаталарды алып, басын көтеріп қараса, біреуі бері, екеуі әрі қарап тұр екен. Бар күшін жинап, жарылғыш затты лақтырады. Іле айналаны жарқ еткен от-жалын шарпып өтеді. Сол аяғы бүгіліп, құлай береді, сөйтсе оқ тиген екен. Ақсаңдай басып, қаруластары қалған жерге келсе, үшеуі де өліп жатыр.
Содан бұл ағаш тиелген арбамен, орман ішіндегі госпитальға жеткізіледі. Екі ай бойы жатса да, оқ алынбайды. Болмаған соң Тула қаласындағы №5383 әскери дала госпитальна жөнелтіледі. Дәрігер әр нәрсені сұрай келе, «Сен цифрларды айтып, санай бер» дейді. Есін жыйса аузында темір қасық. Медбикенің қатты қиналғанда тілін тістемесін дегені екен. Сонша әбігерлеген оқты қолына ұстатты. 1945 жылдың 10 маусымына дейін 5 ай емделді. Жеңіс хабарын да сонда жатып естіді.
Елге қайтатын болды. «Отан соғысының III топтағы мүгедегі» деп шешті комиссия. Құжаттарын жинастырып жүріп, тіркеу бөліміне арыз жазайын деді. Сондағы офицер: «Сіз керексіз, орысша сауатты екенсіз. Бізге хатшы болыңыз, үш айдан соң босатамыз», – деді. Сөйтіп туған жерге 1945 жылдың 27 қазанында оралды.
Госпитальда жатқанында Равиль деген татар жігітімен дос болады. Таныстық кезінде Күнтуған Көшімов деп таныстырса да өзіне ыңғайлап Коля-Николай Кувшинов деп айтып жүретін. Емдеу орнында есінен танып жатқан мұны ол басшыларға Кувшинов Николай Степа¬нович деп жаздырып жібереді. Сонымен соғыстан аты-жөні өзгеріп қайтады.
Жолын тосып, тілеуін тілеп отырған анасы Шекер мен екі бірдей қарындасының тұрмыстары жүдеу тартқан екен. 1946 жылдан Қазалыдағы мүгедектер артелінде өндіріс шебері бо¬лып істеп, 1950 жылы мекеменің жабылуына байланысты жұмыссыз қалады. Кейін аудандық қаржы бөліміне салық жинаушылыққа қабылданады.
1951 жылы Николай Степанович Алматыға барып, нағашысының қызы, жерлесі жезтаңдай әнші Роза Бағланованың үйінде жатып оқып, сол кездегі Қаржы министрінің орынбасары Константин Бадиннің қолынан қаржы саласының екінші рангалы кеңесшісі де¬ген куәлік алады. Семей қаласындағы қаржы техникумын қызыл дипломмен, Алматыдағы Халық шаруашылық институтын үздік дипломмен бітіріп шығады. Аудандық қаржы бөліміндегі экономист инспекторлық қызметтен бөлім бастығының орынбасарына көтеріледі. Орысша-қазақша сауатты Күнекең Мәскеудегі Одақтық әскери бас архивке аты-жөнін, тегін қалпына келтіруге хат жолдап, нәтижесінде 1963 жылы ойлаған мақсатына жетеді. Осының бәрі зұлым соғыстың зардабы.
Күнекең 1973 жылы Республика министрінің бұйрығымен Маңғышлақ облысының Ералы ауданына қаржы бөлімінің бастығы қызметіне жіберіледі. Бір жарым жылдан соң отбасылық жағдайға байланысты Қазалыға қайтады.
К.Көшімов 1976 жылы Қазалы аудандық қаржы бөлімінің бастығы болып тағайындалды. Ол 1983 жылы 60 жасқа толғанша абыройлы еңбек етіп, облыстық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шықты. Аудан халқы сенім артып, 4 рет аудандық кеңес депутаты етіп сайлады. Еңбеккер азамат зейнет демалысында қызметін жалғастырып, көптеген ізбасар мамандар тәрбиелеуге үлес қосты.
Қан майдандағы батылдығы, ержүректігі, бейбіт кезеңдегі жасампаз еңбегі жоғары бағаланып, «Қызыл жұлдыз», І, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордені мен жиырмадан астам медаль кеудесіне тағылды. «КСРО қаржы саласының үздігі» белгісімен марапатталды. 2005 жылы Ұлы Жеңістің 60 жылдығына орай Астана қаласында өткен «Жеңіс шеруіне» қатысып қайтты.
Аудан әкімінің ұсынысына сәйкес аудандық мәслихат сессиясының шешімімен 2010 жылы К.Көшімовке «Қазалы ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. Оның құдай қосқан қосағы Тәжігүл де сұрапыл жылдары тылдағы ауыр еңбектің бел ортасында жүрген. Екеуі жарты ғасырдан астам бірге өмір сүріп, 5 қыз 3 ұл тәрбиелеп өсіріп, 38 немере көріп, 13 шөберенің қолынан су ішті.
Бейбіт заман жолындағы қиындықтарға қасқая қарсы тұрған жайсаң жандардың жарқын бейнесі мәңгілік өшпейді.
Кемал КӨПЖАСАР,
еңбек ардагері,
Әйтеке би кенті.