Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мағынасы мол ғұрыптар

Мағынасы мол ғұрыптар

Қазақ қоғамындағы жалпы түсінік, белгілі бір құндылық ата-бабаның салт-дәстүрі, әдет-ғұрпынан негіз алатыны рас. Біреудің еңбегін бағалау, қадірлеу, адамгершіліктің асыл қасиетіне ұмтылуға бағытталған мұндай дүние аз емес. Дегенмен озығы мен тозығы қатар жүре бермейді. Заман ағымынан кешеуіл қалған дәстүрлер қолданыстан шығып жатады. Бірақ бұл салт-дәстүрді жете түсінетін жандардың дәстүрді қадірлеуіне кедергі келтірмейді. Сол себепті қазақ танымынан алыстап бара жатқан бірнеше дәстүрді қайта ойға оралтуды жөн деп шештік.

Үме деген не?
Ұлтымызда «Үмеге келген үндемей қалмайды» деген мақал бар. Үлкен, ауыр, көлемді жұмыстарды ауыл, ру адамдары «бір жеңнен қол шығарып» бас қосып, көпшілік болып, бірігіп атқарады. Соның бірі – үме. Әсіресе, қысқы мал азығы үшін жемшөп дайындағанда мал иесі жігіттерді үмеге шақырады. Қарулы азаматтар берорақтарын шыңдап, қайрап іске кіріседі. 20-30 жігіт қатарласа тұрып, орақ тартады. Бір күн ішінде бірнеше тонна шөп шабылып, әрі жиналып алынады. Үмеге ет асаймыз деген бала-шағалар да, көңіл көтеретін әнші, күйші, жыршылар да келіп, өнер көрсетіп, жұрт бір серпіліп қалады. Кейде үлкен Үмелерде жігіттер күреске түсіп, қара жарыстар ұйымдастырылған. Көмекке келгендерге берілетін ас “үме” деп аталған. Үме – ұжымдасқан еңбек тойы. Мұндай істен ауыл азаматтары ешқашан шет қалмайды. Себебі, үме дәстүрі қазақ халқының береке-бірлігінің белгісі деп санаған.

Деңгене жеген мешкей ме?
Бұрын ауылдың зеріккен жігіттері ауқатты бір үйге түсіп: «Деңгене! Деңгене жегелі келдік», – дейтін болған. Үй иесі олардың қалауы бойынша ірі қара малдың етін түгел асып, сорпасымен бірге алдарына қояды. Егер жастар асты түк қалдырмай жеп кетсе, мал құны сұраусыз қалады. Үй иесі батасын беріп, жігіттерді аттандырады. Ал тауыса алмаса, бір малдың орнына екі мал берулері тиіс. Негізгі мәні – жас етке бір тою әрі көңіл көтеріп, бәс тігу. Дулат Исабеков «Тіршілік» атты повесінде: «Құдай қаласа ендігі бұзауын қабаққа байлап, күзге салым деңгене қыламыз да, пұлына уақ мал аламыз»,– деп жазады. Бұл жолдардан дәстүрдің күз түсіп, күн суыта бастаған кезде жиі жасалғанын біле аламыз. Оны кей жерлерде «сірне» деп те атап жатады. Халқымызда бір қойдың етін бір өзі жеген жандар көп болған. Олар етті тауысқаннан кейін мұздай суға бойлай түседі. Ақсақалдардың айтуынша, мойындарын ғана шығарып, 1-2 сағат суда отырады екен. Су бетіне екі елідей май кілкіп шыққаннан көзімен көргендер де бар.
Деңгене – бірнеше халыққа ортақ дәстүр Қырғыз тілінде бұл ұғым «Қонаққа ұсынылатын тағамның бірі» деген мағынаны білдіреді. Деңгене жеуге тек ер адамдар қатыса алады. Сондай-ақ, дәл осы дәстүр қарақалпақтарда кеңінен таралғанын атап өту қажет.

Сыралғы сұрап көріңіз
«Батырдан – сауға, аңшыдан – сыралғы» деген тәмсіл сыралғының кімдерге қатысты екенін анық аңғартады. Күз ортасынан өтіп, қыс келісімен аңшылық, саятшылық басталатыны белгілі. Сыралғы да олжалы, қанжығасы қанданып келе жатқан аңшыдан немесе саятшыдан кездескенде сұралатын дәстүрлі, кәделі жол әрі ырым. Мәрт аңшылар мұндайда «сыралғы» сұрағанның сөзін жерге тастамайды. Есте болатын бір әдет-ғұрып – міндет. Бірақ атып алған аң сыйлыққа жатпайды.

Сыйытта сыр бар
Ежелгі дәстүрде қайтыс болған адамның тұтынған киімдерін оның сүйегін жууға кірген, яғни халық тілімен айтсақ «өлікке түскен» (немесе басына, ортасына, аяғына түскен) адамдарға – марқұмның атынан киім үлестіреді: бас жағына түскенге баскиімін, ортасына түскенге шапанын, аяғына түскенге етігін (шұлғауымен) атап, таза, тұтынылмаған киімді үлестіретін салт бар. Бұған қосымша өзі қатарлас адамдарға басқадай ұсақ киім, көйлек және басқа кәде қоса ұсынады. Өлік әйел адам болса, әйел киімін, еркек болса ер адам киімін үлестіреді және бұл айтылғандар шартты түрде орындалатын ереже қатарында. Егер киімі берілмей үй-іші қараулық жасаса, аруақ жалаңаш жүреді деген ұғым бар.

Дайындаған
Р.ҚАЙРАТҰЛЫ
18 қазан 2022 ж. 760 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 53

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930