Көк мешіттің керегесі кеңеюде
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылдың 1 қыркүйегінде «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Шын мәнінде, ұйымдасқан ұтады. «Ынтымақ жүрген жерде ырыс бірге жүреді» деп халқымыз бекер айтпаған. Біздің күш-қуатымыз – берекелі бірлікте!» деп атап көрсеткен болатын.
Туған жерден түлеп ұшқан кәсіпкердің бастамасын қолдап, ағайындардың бірлесіп жасап жатқан игілікті істері Сарбұлақ ауылындағы ынтымақтастықтың, берекелі бірліктің дәлелі.
Қазалының құмды даласындағы Қуаң өзені бойында отырған жергілікті халық күні бүгінге дейін өздерін Қызылқұмда отырмыз деп айтады. Осы құм ішінде, өзен жағасында бірлігі мен тірлігі жарасқан Сарбұлақ ауылы бар. Туған жерді сағынып жолға шыққанда, ауылға жақындай түссең, алдымен алыстан менмұндалап, көк күмбезді мешіт көзге шалынады.
Осыдан оншақты жыл бұрын осы көркем көк мешітті туған жерін, өскен өлкесін жан-тәнімен сүйетін жеке кәсіпкер Тоқсан Жаңабайұлы өз қаражатымен тұрғызды. Облыс орталығынан үш жүз алпыс, ауданнан жүз жиырма шақырым қашықтықта орналасқан ауылға құрылыс материалдарын жеткізіп, шебер мамандар тауып, еңселі мешіт салу оңай іс емес.
Елді қуанышқа бөлеген сол сәттер әлі есте. Игілікті іске шын ниетімен, берік сеніммен кіріскен Тоқсан бастаған ісін сәтті аяқтаған еді. Алматы сәулет-құрылыс институтын бітірген, Алматы, Атырау және басқа қалаларда үлкен құрылыс ғимараттарын салуға атсалысып жүрген, заманауи құрылыс бизнесінен мол тәжірибесі бар Тоқсан мешіттің жобалық-сметалық құжаттарынан бастап, оның іргетасының мықты болуын, қабырғалары мен күмбезінің сапалы материалдардан салынуын өзі қадағалады. Күндіз-түні басында жүрді. Мешіт тұрғызылып болған соң, оның ашылу рәсіміне жиналған жұртшылыққа ас беру шараларына да қаржылық қолдауын көрсетті. Көрші Өзбек елінің Қарақалпақ автономиясында тұратын ағайындар да осы қуанышқа ортақтасуға келіп, сауапты іске орай ұйымдастырылған ат жарысын, балуандар белдесуін, жыршы-термешілер мен әнші-күйшілердің өнерін тамашалады. Атақты жырау Алмас Алматов бастаған жыршы-термешілер ауылдың арғы-бергі тарихы мен игі жақсылары туралы термелерді орындап, жұртшылықты риза қылысты.
Ауылдың шетіне жарасып, әдемі тұрғызылған еңселі мешітке ат қою мәселесіне келгенде, Тоқсан бауырымыз тағы да мәрттік танытты. Тәуелсіз, туған елдің тарихында қалған атақты тұлғалардың есімін беруді ұсынды. Ақсақалдар ойласа келе, атақты Әйтеке би мен Жалаңтөс баһадүр пір тұтқан Мағзаман әулие-ишанның атын беруді ұйғарды. Тарихи деректер бойынша, Сейітқұлдан тараған екі асылымыздың – Әйтеке би мен Жалаңтөс баһадүрдің сүйегі тағдырдың жазуымен Өзбекстанда жатыр. Әйтеке би Ташкенттен 75 шақырым жердегі Қауыншы және Шыназ ауылдарының маңында жерленсе, Жалаңтөс батырдың сүйегі Самарқаннан 12 шақырым жерде орналасқан Дағбит қыстауындағы өзі пір тұтқан Мақтым Ағзам (Мағзаман) әулие бейітінің жанына қойылған. Ғасырлар бойы қазақ елімен ауылы аралас, қойы қоралас болып келе жатқан өзбек жұртының ортақ бабаларымыздың әруағын құрметтей беретіні сөзсіз.
Мағзаман ата мешітінің имамы, ауылдың қадірменді ақсақалы, туған өлкенің шежірешісі Сражадин Шамұратов ағамыз Мағзаман әулие-ишанға байланысты деректерді жинастырып, мешітке келушілердің назарына ұсынған. Сражадин ақсақал Шөмекейдің биі атақты Айтқұл бабаның да Аспан аталығына Мағзаманды пір тұтқанын, сол Айтқұл биден тарайтын ұлдың бірі Жәнібектің сұлтан болғанын айтады. Шежіре бойынша Жәнібек сұлтаннан төрт ұл туады, соның бірі Ханкелді ел басына күн туғанда қол бастайтын батыр болған. Осы батырдан тарайтын ағайындардың ұрпақтары Сарыбұлақ ауылында да тұрады. Мешіт салуға да, мешіт жанынан хатымхана мен бабалар белгісін салуға да қолдау білдіріп, көмек қолын созып жүрген сол ағайындар дейді Сражадин имам.
Биыл тамыз айында елордада өткен Қызылорда облысының жәрмеңкесі кезінде туған өлкенің дәмін алайық, елден келген азаматтармен кездесіп қалайық деп барғанбыз. Іздегенге сұраған дегендей, Сарыбұлақ ауылының әкімі Руслан Алпысұлы Жаңабаевты жәрмеңкеде жолықтырған кезде туған өлкеде болып жатқан жаңалықтарға қанықтық.
Ел-жұрттың амандығын айтқан Руслан інімізден туған жердің түлектері, кәсіпкер бірнеше ағайын жігіттің көмегімен ауылдағы көк мешіттің жанынан хатымхана, бабаларға арналған ескерткіш-белгіге арналған жаңа құрылыстардың салына бастағанын естіп, жанымыз жадырап қалған еді. Ауыл тұрғындарының өтініші бойынша сауапты істі қолға алған тағы да сол Тоқсан Жаңабайұлы екен. Бала кезімізден бірге өсіп, бір мектепте оқығанымыз өз алдына, әкелеріміз қыста Қызылқұмға, жазда Қарақұмға көшіп, қатар киіз үй тігіп, қой баққан кісілер. Жалпы кішкентай ауылдың қай әулетіне ат бұрсаңыз да арғы жағы ағайындыққа апаратын, бергі жағы туыстыққа әкелетін бір бабадан тарайды. Сондықтан ауылда қандай тірлік болса да, ағайындар ортақтасып шешеді, игілікті іс жолында қолдан келген қолдауларын көрсетеді.
Телефон арқылы Тоқсан бауырымызбен сөйлесіп, көк мешіттің керегесін кеңейтіп жатқан жаңа құрылыс жөнінде айтып беруін сұрағанбыз.
– Ауыл тұрғындарының өтініші бойынша осындай кешенді жұмыстарды бастағанымызға екі айдан астам уақыт өтті. Хатымхана мен бабаларға арналған ескерткіш-белгінің сыртқы құрылыс жұмыстарын бітірдік. Төбелері де жабылды. Құрылыс жобаларын өзім сызып жасағанмын. Әрине, жер шалғай болған соң құрылыс материалдарын жеткізу біраз уақыт алды. Жаңа ғимараттар бұрын салынған мешітпен жақсы үйлесу үшін, дәл сондай материалдар іздедік. Қазір құрылыс материалдары тым қымбаттап кетті ғой, алыстан болса да бар жерден сатып алып, тасып жеткіздік. Бабалар белгісінің күмбезін қиюластырып, қабырғаларын түзу өретін құрылыс шеберлерін тауып, біраз жұмыс атқардық. Қазір күн де суытты, сондықтан хатымхананың ішкі әрлеу, сылау, өңдеу жұмыстарын келер жылға қалдырдық. Сондай-ақ хатымхана жанынан шағын асхана салуды да өзім ұсынған едім. Оның да құрылысын қалған ғимараттармен бірге бітірмек ойымыз бар, – деді.
Иә, нар жолында жүк қалмас дегендей, әрдайым ел үшін еңбек етіп, белді бекем буатын Тоқсанның қолға алған ісінің аяқсыз қалмайтынына сенеміз. Қазірдің өзінде кәсіпкердің сызған жобасына, көк мешіт жанындағы құрылыс ғимараттарының суреттеріне қарап-ақ аз ғана уақыттың ішінде көп жұмыстың атқарылғанын байқауға болады.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, Тоқсан түздегі тірлікті де, үйдегі бірлікті де қатар ұстайтын, нағыз қазақы мінезді жан. Жан-жары Шара екеуі ұл-қыз тәрбиелеп, олардың алдын ел қатарына қосты. Алдыңғы ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған бақытты отбасының тірегі Тоқсан Жаңабаев туған ауылына жиі барып тұрады. Өз үйіне береке орнатқан адам өзгенің де сондай болуын қалайды. Осы қараша айында Тоқсанның отбасымен Маңғыстау өлкесінде болып, киелі жер Бекет Ата басына барып, зиярат жасап қайтуы игілікті істерге қолдау көрсетіп жүрген кәсіпкерге рух бере түсетіні сөзсіз.
Жақында, Тоқсан өзі басқарып, салып жатқан құрылыстың жай-күйін білейін деп Сарбұлақ ауылына барғанда Мағзаман мешітінің имамы Сражадин ақсақал құрылысшы кәсіпкерді қазақы дәстүрмен құрметтеп, ақ тілегін айтып, батасын беріп, астына ат мінгізіпті. Туған жерге ту тігіп жүрген жігітке ризашылығын осылай білдірген ақсақалға ауыл тұрғындары да риза. Ынтымақтаса бірігіп, сауапты тірлік істеп жатқан ағайынның ақылшысы, игілікті істің жанашыры Сражадин ақсақалдың батасы қабыл болсын дейміз.
Кішкентай ауылына, үлкен көңілмен, кісілік келбетпен, ізгі ниетпен, жомарт жүрекпен қарайтын адал азаматқа деген ауыл адамдарының алғысын жеткізуге біз де асықтық.
Сәдуақас ЖҰБАТОВ