Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Орта Азия жолбарысы

Орта Азия жолбарысы

Қашан да елдің атын ер шығарса, ердің даңқын ел арттырады. Туралықты жол етіп, теңдік пен ерлік жолында өмірін сарп ететін тарлан перзенттер халық жадынан жоғалмай, есімдері жұрт ­жадында жаңғырады. Сондай сан қырлы саңлақ, батыр, қолбасшы, әмір, сәулет өнерінің қуаттаушысы ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырларда ғұмыр кешкен Жалаңтөс Сейітқұлұлының өмірі мен өнегелі жолы тарихқа терең таңбаланған.
Деректерге сүйенсек, 1576 жылы қазіргі Қазалы ауданы аумағында дүниеге келген Жалаңтөс туралы айтылғанда, оның тегі, шыққан ортасы жайына тоқтамауға болмайды.
Атақты Әмір Темірдің бас уәзірі, ақылшысына айналған Ораз қажы батырдың түп атасы. Ақыл-парасат, кемеңгерлік пен даналығы, алысты болжайтын сәуегей, діндарлығымен мұқым елге сыйы артқан би, қажы Оразды Темірдің «ұлағатты ұстаз» деп құрмет тұтуы бекер емес-ті. Оның ұлы Тоқпан батыр әмірмен үзеңгілес серік болған. Тоқпаннан тараған Сейітқұл батыр – Жалаңтөстің әкесі.
Батыр мұрасын зерттеуші Бақытжан Ахметбектің жазбасына зер салсақ, 1581 жылдың жазында Сырдарияның төмен жағында көшіп-қонып жүрген сексенге жасы жеткен Шығай хан ел-жұртқа төнген ауыр нәубет жұтқа ұшырап қатты күйзеледі де жаңа өріс іздеп, күнгей беттегі Нұрата, Қызбибі таулары төңірегіне барып, қоныс тебеді.
Тағы бір дерек, ол жасы ұлғайғасын биліктен бас тартып, дін жолын қалап, әулиелі Бұқара-шәріп аясына барып, өз иелігіне берілген Ходжент қаласында Құдайға құлшылық етумен күн өткізеді. Ал Шығай ханның жақын серіктерінің бірі сырбойылық төртқара Сейітқұл батыр Тоқпанұлы еді.
Шығай ханмен бірге 40 мың үйлі алшындарын ілестіріп, Сейітқұл да көшеді. Сейітқұл батырдың соңына ерген алшындарды Нұрата, Қызбибі, Самарқан, Бұқара, Жызақ, Ақтау, Қызылқұм және Тамды төңіректеріне қоңыстандырады.
Сейітқұл батыр әрі би, әрі хан, әрі әулие болған. Сейітқұл батырдың қол астындағы парсы, түрік, өзбек, тәжік, қарақалпақ, қырғыз жұрты оны «Синесоф буа» деп қатты құрметтеген. Бұл парсыша көкірегі ояу дегенді білдіреді екен.
ХVІІ ғасырда Қазақ хандары мен Бұхара хандары арасында саяси ахуал ұлғая түседі. Ташкент қаласы үшін болған қақтығыста Шығай хан және оның баласы Тәукел ханның соғыс жорықтарына Жалаңтөстің әкесі Сейітқұл би бастаған жасақтардың белсенді қатысқанын айғақтайтын хаттық құжаттар бар. Осы кезде Қызылқұм аумағындағы қазақтардың билігі Дінмұхаммед сұлтан Хақназарұлының қолында еді. Сейітқұл батыр өзіне қарасты алшындармен Нұрата өңіріндегі өзбек, қарақалпақтардың басын біріктіріп, хан атанады. Сейітқұл батыр Жалаңтөсті Дінмұхаммед сұлтанның қызметіне береді. Жалаңтөс Нұратадағы мешітте хат таниды
Мұхаммед Шайбанилер Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы хан нәсілінен Мауераннахрда ХVІ ғасырда билік жүргізген. Шайбани Абдумумин 1599 жылы дүниеден озғанында хандық Шайбанилермен біртектес Жошы хан әулеті аштархандықтарға өтеді. Бұл кезде аштархандықтардың шахзадаларына Жалаңтөс батыр тәлімгерлік етеді.
1590 жылы Жалаңтөс Бұқар ханы Абдулланың жоғары дәрежелі қолбасшылар даярлайтын әскери мектебінде білім алып, бұл жерде ерекше қабілетімен дараланып, хан ордасында өтетін әртүрлі кеңеске, шет елдерден келген елшілерді қабылдайтын салтанатты рәсімдерге қатысуға мүмкіндік алады.
Бұқараның әскери мектебінен түменбасылық лауазым алып қайтқан ол 1593 жылы Булаңғар, Лайыш, Қаттықорған жерлеріндегі Әлімұлы тайпасының бір бөліміне би болып сайланады.
1611 жылы Жалаңтөс баһадүр бастаған топ Уәлимұхаммед ханды тақтан түсіріп, орнына Имамқұлды отырғызады. Имамқұл хан 1626 жылы Бұқар хандығынан Самарқан аймағын құрып, оған Жалаңтөс баһадүрді әмір етіп тағайындайды және бас қолбасшылықты да қоса қалдырады.
Имамқұл ханның Жалаңтөс батырды Самарқан қаласы мен уәлаятының әмірі етіп қою себебін қазақ хандығымен достық қарым-қатынаста болу, саяси істерді шешу үшін, әсіресе сыртқы жаулардан қорғануда қалың әскері бар Жалаңтөс батырды пайдалану болды деп баға береді.
Жалаңтөс Сейітқұлұлының жорықтары туралы мағлұматтар әлі де іздестірілу үстінде. Алайда бізге жеткендерінен үлкен стратег болғандығын аңғаруға болады.
1640 жылы Жалаңтөс батыр қазақ және өзбек жерлеріне шабуыл жасаған қалмақ ханы Батурға қарсы қол бастап, оны жеңіліске ұшыратты.
1643 жылы Жетісу жеріне баса-көктеп кірген жоңғар қалмақтарымен соғысып жатқан Жәңгір ханға 20 мың әскер жіберіп, басқыншыларды талқандауға көмектеседі.
1649 жылы Жалаңтөс батыр қазақ қолын басқарып, Бұхар ханы Абдул Азиз бен Иран патшалығының Хорасан, Балх үшін жүргізген соғысында жеңіске жетеді.
Ал Ташкент пен Түркістанға жасалған үш жорық нәтижесінде Қабыл мен Мешхедті бағындыруға мүмкіндік алады.
Заманында даңқты қолбасшыға қырғыз, қалмақ, қазақ хандары, Үндістан, Хорезм және Тибеттен қымбат сыйлықтар келіп жатты. Оларды әскерді қамтамасыз етуге, Самарқандағы үлкен құрылыстар, зәулім сарайлар мен медреселер салуға жұмсайды.
Жалаңтөс батырдың сүйегі Самарқаннан 12 шақырым жерде орналасқан Дагбит қыстауындағы зиратқа қойылған.

Дайындаған
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА

09 қараша 2021 ж. 787 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031