Жанкент шаһары ЮНЕСКО тізіміне енгізілмек
Аудан әкімдігінде Қызылорда облысы бойынша тарихи-мәдени мұраларды пайдалану мен қорғаудың жай-күйі және оны жақсарту шараларына арналған кеңес отырысы өткізілді. Басқосуды аудан әкімі Мұрат Ергешбаев ашып, қасиетті Қазалы жеріне келген қонақтарды таныстырды. Одан әрі кеңесті облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов жүргізді.
Айта кетсек, кеңес отырысына облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Абуова мен облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесі директоры Сапар Көзейбаев қатысты.
Қазалы ауданындағы тарихи-мәдени ескерткіштерге байланысты атқарылған жұмыстар жөнінде аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов хабарлама жасады.
– Қазіргі таңда, Қазалы ауданында мемлекет қорғауына алынған 6 республикалық дәрежедегі, 53 жергілікті санаттағы және 40 алдын-ала есепке алынған, барлығы 99 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Оның 93-і қала құрылысы және сәулет нысандары болса, 6-ы археологиялық ескерткіш. Үстіміздегі жылдың жаз, күз мезгілдерінде аудан әкімінің қолдауымен тарихи-мәдени ескерткіштерді толығырақ зерттеу үшін экспедиция жүргізу жоспарға енгізілген. Ескерткіш тарихы жайлы мәліметтерді баяндаған ел ақсақалдарымен сұхбат ұйымдастырып, жергілікті деңгейде бейнебаян түсіруді 2019-2020 жылдары қолға алмақпыз. Бұл фильмдер біздің келешекке деген үлкен сыйымыз болмақ, – деді ол.
Облыстық мәслихат депутаты Ибадулла Тілеп сөз сөйлеп, аудан көлеміндегі тарихи ескерткіштерді қорғап, қалпына келтіру мәселелері жайлы ойларын ортаға салды.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Рахымжанқызы Өркендеу ауылдық округіндегі Жанкент шаһары ЮНЕСКО-ның қорғауына алынатын мәдени мұралар тізіміне халықаралық аталым бойынша енгізілетінін жеткізді.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат