Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тұлғасы тектіліктен жаратылған

Тұлғасы тектіліктен жаратылған

“Ұлттық салт-дәстүр, тіл мен музыка, әдебиет, жоралғы, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана”, – деп Елбасы “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласында рухани мешел болмау үшін алдымен ұлттық сананы жаңғырту керек дегенге меңзеген еді.
Бағдарламаның игілігі — «Кеше кім едік? Бүгін кімбіз? Ертең кім боламыз?» деген сұраққа жауап тауып, сан түрлі салада келелі істердің атқарылуында. Тарих – уақыт пен кеңістіктің баласы. Бүгінгі бай мәдениетіміздің астарында күндіз күлкі көрмеген, түнде кірпік ілмеген ізденістер, «халық жауы» сынды жазықсыз жалалар, ұлт үшін көнетін шарасыздық, қарумен, тіпті, қарусыз соғыстар жатыр. Осы орайда бір ғасырда бір туар ақын, аудармашы, ағартушы Тұрмағамбет Ізтілеуовтің шығармашылық һәм адами ғұмыры туралы сөз қозғамақпыз.
Айта кетейік, Тұрмағамбет Ізтілеуов Қызылорда облысының тумасы. ХХ ғасырдың басында елімізде жаппай сауаттандыру болған жылдары 20 жыл өмірін бала оқытуға жұмсаған ол жастайынан Самарқандтағы атақты “Мир араб” және “Көкілташ” медресесінде 9 жыл білім алған. Араб, парсы, шағатай, түрік тілдерін жетік білетін талантты тұлға сонда жүріп тәжік жазушысы Садриддин Айнимен достасып, қабырға газетін шығарған. Тұрмағамбет ақын Сыр өңірінде жазба айтыстың негізін қалаушы.
Қазаққа зобалаң тудырған кешегі 30-жылдары Тұрмағамбет шайыр сол кездегі ел астанасы Алматыға барып, республиканың бас прокуроры Сүлеймен Есқараевтың үйіне аялдапты. Елден келген қадірлі қонағының құрметіне бірқатар қайраткерлерді, соның ішінде Халық комиссарлар Кеңесінің төрағасы Ұзақбай Құлымбетов, Орталық партия комитетінің хатшысы Ілияс Қабылов және басқа да бір топ адамды кешкі асқа шақырыпты. Әңгіме дүкен барысында Ұзақбай Құлымбетов пен Жалағаштың тумасы Ілияс Қабылов Тұрмағамбет ақынды «елдің хабарын айтыңыз» деп қолқалайды. Төрткөл жұртының жаңалығын сұрапты. «Сөз тапқанға қолқа жоқ» дегендей ақын табан астында былай деп жауап береді:
Төренің төресі кетті де, төбеті қалды.
Алымның алымы кетті де залымы қалды.
Мал дегенде есек қалды,
Құр қаңырап төсек қалды.
Белсенділер салық жинайды
Құрым киіз, сүйек-саяқ
Бәрін де есепке алады...
Аталған уақыт елде И.Голощекиннің идеясы жүзеге асып, қалың қазақтың ашаршылыққа ұшыраған тұсы болатын. Елім деп еңсе тіктеген ерлерді 1937 жылдың зобалаңы күтіп тұрды. Халқының жанын ұғынған ақыннан елдің жағдайын сұрағанда, көзі көрген қиянаттың бәрін бірер шумаққа сыйғызып айтқаны еді. Ақынның бұл өлеңі НКВД-ның құлағына қалай жеткені белгісіз, дәл ертеңіне жиын үстінде қысқа қайырған өлеңі үшін түрмеге жабылып кете барады. Бұл ақынның Әбілқасым Фирдоусидің әлем әдебиетіне қосқан құнды қазынасы әйгілі “Шаһнама” дастанын аудару үшін республика астанасына келген сәті болса керек. Ал ол әлем әдебиеті жауһары саналар дастанды аударуға Темірбек Жүргеновтің ұсынысымен кіріскені тарихтан мәлім.
«1934 жылы «Шығыстың жарық жұлдызы» атанған Фирдоусидің туғанына мың жыл толған мерекесі әлемнің көптеген елінде аталып, мәңгі өлмес шығармасы «Шаһнама» әр халықтың тіліне жаппай аударыла ­бастады. Кезінде «Шаһнаманы» Шығыстың «Илиадасы» деп атағандар да болған. Сол бір дүбірлі мереке аталып өтіп жатқан 1934 жылы Алматыда Қазақстан жазушыларының тұңғыш съезі, одан соң дәл сол жылы көркемөнерпаздардың республикалық І слеті өтіп, оған Оңтүстік Қазақстан облысынан Тұрмағамбет Ізтілеуов келеді. Осы барған сапарында Қазақ өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Л.И.Мирзоянмен, Оқу Халық комиссары Т.Жүргеновпен жүздесіп, келелі әңгімелер қозғалады. Сөз түйініне тоқтар сәтте Темірбек Жүргенов Тұрмағамбеттен: «Шаһнаманы» аудара алар ма едіңіз?» – деп сұрайды. Сонда ақын: «Ол дастанның түркішесін де, шағатайшасын да, тіпті парсышасы мен арабшасын да оқығанмын. Көптеген жерін жатқа да білемін. Оны аудармай несі бар?», – дейді сенімді түрде. Бұл туралы белгілі журналист Рашид Жарылқасынов жазып қалдырған. Біртуар тұлға Т.Жүргенов туралы зерттеп жүрген филолог, ғалым Бауыржан Иманғалиев Темірбек Қараұлын 1904-1908 жылдары Тұрмағамбет Ізтілеуұлынан білім алды деп жазады. Әсіресе, Шығыс тілдерін, әдебиеті мен мәдениетін атақты шайыр, ұлық ұстазынан үйренген деседі. Темірбек Жүргенов сол тұста республиканың Халық комиссары қызметінде еді. Елдің бас прокуроры Сүлеймен Есқараев екеуі араға түсіп, алғаш түрмеге түскен Тұрмағамбетті шығартып алады.
– Осы Алматы сапарының өзінде Сыр сүлейі Тұрмағамбет шайыр түрмеге екі мәрте жабылып, ұлтжанды азаматтардың көмегімен босап шыққан еді, – дейді бір әңгімесінде Мардан Байділдаев. Алмағайып заманда қуғын-сүргін белең алып, талай-талай боздақтар нақақтан жабылған жаламен қиянат құрбандарына айналып кете барды емес пе?! Елдің қамын ойлаған есіл азаматтарды НКВД тыңшылары әртүрлі айла-шарғымен ұстап, түрмеге қамауға асықты. Сорақысы, сол ғасыр бір қазақ екіншісінен жеке басының өшін алғысы келсе де кеңес үкіметінің қолшақпарларына дереу жеткізетін заман болды. 1938 жылы Темірбек Жүргеновтің өзі де «халық жауы» деп ұсталып, осы жылдың 25 ақпанында репрессия құрбаны болып кете барды. Бұл «Шаһнама» дастанының аудармасы біткен кезі. Іле елде жүрген Тұрмағамбет ақын да қамауға алынып, абақтының дәмін тағы татады. Бұл жолғы оған “Шаһнама” дастанын аударуды ұсыныс еткен Темірбек Жүргеновпен жерлес-туыстығы кінә болып тағылып, Қазалы уезінің абақтысына жабылады. Осы жолы түрмеден босанып ауылына келген ақын көп ұзамай сырқаттан қайтыс болған. Жалпы, Тұрмағамабет Ізтілеуовтің түрмеде жазған өлеңдері туралы филолог Берік Жүсіпов зерттеп, 2007 жылы «Тұрмағамбет Ізтілеуов шығармалары» атты кітап шығарды.

Дина БӨКЕБАЙ
21 тамыз 2021 ж. 1 024 0

Ынтымағы жарасқан

03 мамыр 2024 ж. 40

Қазақ тілі трендте

03 мамыр 2024 ж. 54

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031