Жүйелі жұмысқа жаңа бағыт
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуін толықтай оқып, жан-жақты таныстым. Онда «Біз бүгін әлеуметтік жаңғыру жолында жаңа, ауқымды қадам жасауға дайынбыз», – деген Елбасы бес әлеуметтік бастаманы ұсынды. Көтерілген бастамалардың барлығы еліміздің экономикалық жағдайы жақсарып, әлеуметтік ахуалы артуына себепші боларлық тың дүниелер.
Мәселен, Үндеуде Президент атаған үшінші бастамада жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту үшін төмендегідей шараларды ұсынды.
«Қазір жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлу керек. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болады. Бұл төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын сан мың жаңа маманды даярлауға мүмкіндік береді. Мұнда ең алдымен инженерлер, ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология саласының мамандары туралы сөз болып отыр. Бұл да жастарға мемлекет қамқорлығының айқын көрінісі», – дейді Елбасы Н.Назарбаев.
Сонымен бірге, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша барлық жоғары оқу орындары гранттарының құнын ұлттық жоғары оқу орындарының гранттары деңгейіне дейін жеткізуді де алға мақсат етіп қойды. Осылайша Елбасының әлемдік стандарттарға сай білім беру жүйесін қалыптастыра отырып, студенттердің білім алуына және тұратын жеріне жағдай жасауға тиісті назар аударуы ата-аналарды ерекше қуанышқа бөледі.
Тағы бір айта қаларлық жағдай, жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесінде оқу орындары мен девелоперлік компаниялар мемлекет пен жеке меншіктің серіктестігі қағидасымен жатақхана салуды бастау тапсырылды. Соның нәтижесінде 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салынатын болады.
Жастар – болашағымыз және бүгінгі қоғамның бастаушы күші. Ал жоғарыдағыдай алға қойылған жоспар-міндеттердің бәрі де оларға жасалып отырған шынайы қамқорлық екені сөзсіз.
Жақсылық КӨРПЕБАЕВ,
еңбек ардагері,
Құрметті теміржолшы.