Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ән әлдилеген жүрек

Ән әлдилеген жүрек

Былайғы жұртқа бұйығы көретін бала мектептің іс-шараларының ешбірінен қалыс қалмайтын. Небәрі он жасында өздігінен домбыраны, он бірінде гитара аспабын меңгерген оқушы тапсырылған жұмысты тындырымды атқарса да, өзін көрсетуге аса ықыласты емес-тін. Бұл атаның қаны, ананың сүтімен берілген тәрбие «Бетегеден биік, жусаннан аласа бол» ұстанымын қағидаға айналдырған жанның жадына жастайынан жатталған-ды. Сол дағды кейін де өзгермеді. Өнер жолында нәбір алғыс алып, кішілер ақыл сұрап, аға тұтса да, асқақсымайды. Қашанғы сырбаз, салмақты қалпынан таймайтын азаматты тантитындардың өзі танымал әндердің авторы екенін біле бермейтін. Бұл біз сөз еткелі отырған Бектұрған Жібекәлінің сипаты.

Бекарыстан би ауылының тумасы 1990 жылы мектепті бітіріп, сол жылы туған аулындағы құрылысқа жұмысқа орналасады. 1993-2001 жылдары ауылшаруашылығы саласында еңбек етеді. Бектұрған қай жерде жүрсе де, өзінің жанын әлдейлеген әуенге деген әуестігін бір сәт ойынан шығармайды. Аз уақытта бойынан туындаған әуесқойлық өнері көп ұзамай, тыңдарманын тауып, ықыласқа кенеледі. Үлкенді-кішілі бас қосқан жиындарда әндері орындалып, жанашырлар бұл жолды біліммен өрістетуге бағыттайды. 2005-2009 жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Музыкалық білім» мамандығы бойынша білім алады.
Орда бұзар орта жасқа келіп, студент атануының өз қызығы бар. Мектеп бітіргеніне бірнеше жыл өтсе де, талапкер тыңғылықты дайындалып, тестілеуден де, шығармашылықтан да жоғары ұпайға ие болады. Мақсаты сырттай білім алып, жұмыссыз жары мен үш балапаны, ауылдағы мал-жайға ие болу болған жігітке оқу орны күндізгі бөлімге жолдама береді. Алла сәтін салып, барлығы да оңынан туады. Әр нәрсенің қос тарабы болатындай, кешігіп алған диплом ауылда жүрген өнерсүйер жастардың өз жолын табуына бастау болды. Бектұрған шәкірт тұтқан жас буын мен туыстары қалаған жолға түсу, білім алудың қай жаста да кештік етпейтінін топшылайды.
2009 жылдан бастап Бекарыстан би ауылдық мәдениет Үйіне қызметке орналасып, аталмыш мәдениет ошағының басшылық тізгінін ұстап келеді.
Композиторды елге кеңінен таныстырған шоқтығы биік шығармасы – «Асандар маршы». 2010 жылы ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы, Сыр топырағында өткен «Асандар көтерілісі» азаттыққа ұмтылған күрестің өткеніне 80 жыл толуына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқан тұста оқиға орнына зәулім ескерткіш орнатылады. Осы шараның тұсауын кесіп, айтулы даталарды өз деңгейінде өткізуге көпшілік күш салып жатқанда, үлкен ой мазалайды. Ұзақ мазасыздық сол тұста көңілден ән болып төгіледі. Елдегі ақын Абай Жәметовке жолығып, өзінің ойын жетікізеді. Ол күнді А.Жәметов былай деп еске алады: «Әлі есімде, қараша айы болатын. Бірде Бектұрған келіп: «Әбеке, ауыл іргесінде ауқымды ас болайын деп жатыр. Осыған келетін қонақтар мен сағынысып жеткен ағайын-жұртқа арнау сынды бір ән жазу көптен көкейімде жүр еді. Айтып отырған әуен туды, сөзін өзіңіз жазсаңыз», – деп қолқалады. Қарап көріп едім, өте тамаша. Мені де елітіп алып кетті. Ерекше сезіммен жазған сөзім сазға үндесіп, құстың қос қанатындай, қалықтап қоя берді», – дейді. Тұңғыш айтулы шарада Бекарыстан би ауылындағы өнерлі өрен Айбек Үсайын шырқаған ән рухты жанып, тыңдаушысының жүрегін қозғап, жанарына еріксіз жас ұялатады. Кейін ақын Жетіскен Мәкеналы сөзін аздап өңдеуі де туындыға жаңа тыныс береді. Шығарма жайында сала мамандары: ««Асандар маршы» –трайбализмге бағыттайтын туынды емес, тарихи тамырға бойлап, отансүйгіштік қабілетті арттыратын тынысы кең өнер мұрасы», – дейді.

Мұқағали Мақатаев, Рүстем Жанай, Жетіскен Мәкенәлі, Жұмабек Табынбаев, Айбек Тәңірбергенов, Төрәли Әміржаев, Ермекбай Ағырай, Алдажар Әбілов, Батырхан Нұрымбетов, Ұлықбек Тәңірбергенов, Зибагүл Бақтілеуова, Абай Жәметов, Бауыржан Ізмағанбетов, Бекқали Бекбауыловтың сөзіне ән жазып, кейбірімен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Ақын мен композитор бірлесе шығарған «Ару қызы Аралдың, «Немерем», «Қазақстан», «Сезім пернесі», «Мектебім», «Қазалым», «Қара қыз», «Ағаға тілек»,

«Жүрек жарлығы», «Жеңешем», «Әке-Ана», «Егіз жүрек», «Жүрек сыры», «Достар-ай», «Диханшыларға арнау», «Асыл жарға», «Боз орамал», «Қызыма», «Балалық бақыт», «Жүр, қалқам», «Ұстазым – мектептің жүрегісің», «Ұялым» сынды бояуы қанық, мазмұны анық әндерін көпшілік біледі.

Кейіпкеріміз туралы ақын Жұмабек Табынбаев: «Бектұрған Жібекәлі – нағыз өнердің адамы, жауапты, мықты азамат. Онымен жұмыс істеу ақынға да, әрлеушіге де оңайға соғады. Ортақ жұмыстарымызды жарыққа шығару барысында тыңғылықтылығына тәнті болдым. Әр адам өз ісін осылай атқарса, қай салада да өрлеу, өрістеу орын алары сөзсіз.

Тағы бір айтарым, Бектұрған жазған әндердің көбі кең насихатталмауына оларға әрлеу жасалмауы да қиындығын тигізеді. Осы орайда дыбыс өңдеу ісі мемлекет тарапынан қолдау тауып, тиімді бағада жұмыс істеуге мүмкіндік туса, осындай ел ішіндегі таланттар танылар еді», – дейді.

Б.Жібекәлінің патриоттық тақырыптағы «Жанқожа бабам жар болғай», «Ғани туралы жыр», «Асандар маршы», «Ауылым», «Тәуелсіз елім», «Сағынышым, туған жер», туындыларды ауданда өткен түрлі шаралар тынысын ашса, аймақ, облыс, аудан көлеміндегі түрлі додаларда топ жарып, тыңдарманын тәнті етуде. Ол «Әнге айналған – Туған жер!» облыстық байқауында бірінші орын, «Саз бен сазгер» атты аудандық сазгерлер байқауында жүлделі екінші, «Сыр әуендері» атты облыстық жабық сазгерлер байқауында жүлделі ІІІ орын иеленген. Сондай-ақ «Сәлем саған, туған ел», «Еңбегімен өмірге өрнек салған – Ыбырай», Ғ.Мұратбаевтың 110 жылдығы, Жанқожа батырдың 440 жылдығына орай өткізілген сазгерлер сынында да шығармалары жүлделілер қатарынан көрінген.
Жұмыс кабинетінде тұрған «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Қазақ Творчестволық Бірлестігінің Құрмет грамотасы, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай мерекелік медалі, ҚР мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлованың Құрмет грамотасы, түрлі деңгейдегі Алғыс хаттар қол жеткізген жетістіктерінің бір парасы. Біз барған тұста аудандық «Әжелер сөзі – тәрбие көзі» сайысына дайындық жасап жатқан мәдениет үйі меңгерушісінің ұстанымы мен талабы көңілді сүйсіндірді. Байқасақ, бұл ошағындағы он үйірменің асқан асуы көп.
Отбасында өмірлік жары Айқын Бектұрғановамен қос қыз, қос ұлды тәрбиелеп отырған жұп балаларының қандай бағытты таңдаса да, қолдау білдіретінін айтты.
Бүгінде Серік Мадияр, Қаршыға Қалымбетов, Айбек Қайбулла, Жарылқасын Оразғұлов, Серік Махамбет, Гүлназ Баймедетова, Жарылқасын Оразғұлов, Нұрболат Сейітмұратов сынды таланттар әндерін орындап келеді. Нұр-Сұлтан қаласында тұратын Нұрболат Сейітмұратов «Аралдағы ару қыз» атты жеке концертімен гострольге шыққан.
– Жас өсе келе ойларың да, жауапкершілің де ұлғая түседі екен. Бүгін мені өткенге сағыныш, болашақ ұрпаққа ұлықты дүние дайындау қызықтырады. Сол бағыттағы шығармаларымды жазуға дайындық үстінде жүрмін, – дейді бізбен әңгімесінде.
Жүрегін ән әлдилеп, ауылда жүріп өзін тапқан, өнердегі сан жастың шамын жаққан азаматтың пайым-пікірінен бергенінен берері көп екенін түйсіндік те, сүйсіндік.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
03 шілде 2021 ж. 1 431 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 77

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930