26 сәуір. Туған күн иелері
Бүгін, яғни 26 сәуірде тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
135 жыл бұрын (1886-1913) татар ақыны, публицист Ғабдолла ТОҚАЙ дүниеге келді. Үш жасында ғана әке-шешеден бірдей айырылған Ғабдолланы тағдыр бала кезінен-ақ сынапты. Батыс Қазақстандағы Орал қаласында әпкесі барын естіп, Ғабдолла 9 жасында сонда жөнелтілген. Әкесінің қарындасы Ғазизаның қолына келген жетім бала осы жерде ғана жетіліп, қатарға қосылғандай болады. Оралдағы әйгілі ғұлама, Мысырдың Әл-Асқар университетін бітіріп келген Мүтиғолла Тухватуллиннің «Мүтиғия» медресесіне оқуға түседі. Медреседе шығатын «Әл Ғасыр әл жәдид» («Жаңа ғасыр») қолжазба журналында Ғабдолланың тырнақалды дүниелері жарияланады. 1907 жылдың күзінде ақындық һәм күрескерлік атағы шыға бастаған 21 жастағы Ғабдолла Қазанға қарай бет алады. Қазақтың жазба әдебиетінің негізін салушы Абай болса, қамшының сабындай ғұмырында бес том шығарма қалдырған Ғабдолла Тоқай да татар ағайындар үшін сондай дәрежеде. Тоқай аударма саласының тылсым иірімдеріне терең бойлап, Крыловтың алпыс бес мысалын қапысыз тәржімалайды. Сондай-ақ, Байрон мен Шиллердің, Пушкин мен Лермонтовтың өлеңдерін түпнұсқадан шеберлікпен аудару сол тұстағы әдебиетте кездесе бермейтін құбылыс еді. Сәбит Мұқанов сол кезде түркі халықтарының ішінде бірде-бір ақын Тоқай сияқты кең түрде әйгілі бола алмағанын айтып кеткен деседі. Ғабдолла Тоқай 1913 жылы сәуір айында көз жұмған. Ал ақынның нақты қай күні дүниеден өткені туралы дереккөздер әртүрлі жазады. Бірінде оның Клячкин ауруханасында 2 сәуір күні кешкі сағат 8-дер шамасында көз жұмғаны айтылса, тағы бірінде 15 сәуір күні Қазан қаласында қайтыс болғаны жазылады. Тағы бір деректерде ақынның қайтыс болғаны туралы хат 20 сәуір күні шыққан газет бетінде жарияланған екен.
121 жыл (1900-1973) бұрын қазақтың әйгілі жазушысы, ақыны Сәбит МҰҚАНОВ дүниеге келген. Сәбит Мұқанов қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Жаманшұбар деген жерде туған. Сәбит жеті жасқа келгенде әкесі Мұқан, сегізге толғанда шешесі өледі де, Мұстафа деген ағасының қолында қалады. Жетімдіктің ауыр қасіретін тартқан Сәбит он жасынан бастап өз бетінше еңбек етеді. Өз бетінше ұмтылып, ауыл молдаларынан хат таниды, 15 жасында қисса, дастандар оқи алатын халге жетеді. Ол 1918 жылдың күзінде Омбы қаласындағы мұғалімдер курсына түсіп, онда бір жыл оқиды. Осы жылдары «Көңілім» (1917), «Зарығу» (1918), «Жоқшылыққа» (1918) өлеңдерін жазды. Білім ала жүріп, М. Жұмабаевқа хатшылық қызмет атқарды‚ оның педагогика тарихы курсынан оқыған лекцияларын қағазға түсірді. Көкшетау ревкомының төрағасы болып қызмет атқарады. 1920 жылы жаз айында Жұмабаевтың жетекшілігімен оқытушылар курсы қайта ашылып, күзге дейін сонда оқуын жалғастырды. 1921-1922 жылдары Петропавл қалалық партия комитетінде істейді. Осы тұста Сәбит Мұқановтың өлең, мақалалары «Еңбекші қазақ», «Жас қайрат», «Лениншіл жас» газеттері мен «Қызыл Қазақстан», «Әйел теңдігі» журналдарында жиі басылды. С.Мұқанов жиырмасыншы жылдары бірнеше ұсақ өлеңдермен бірге, «Жетім қыз күйі», «Тұлпар жорығы», «Балбөпе», «Батырақ», «Октябрьдің өткелдері», «Қанды көл», «Құланның құны» дейтін поэмалары мен «Сұлушаш» романын жазды. 1922 жылы Орынбордағы рабфакқа (жұмысшылар факультетіне) түсіп, оны 1926 жылы бітіреді. Баспасөз орындарында қызмет атқарды: Республикалық «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің бөлімін басқарды, Қазақстан Мемлекеттік баспасының бас редакторы (1926-1928) болды. 1928 жылы Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) университетінің филология факультетіне оқуға түсіп‚ аз уақыттан соң отбасы жағдайына байланысты Петропавл қаласына келіп‚ «Кеңес ауылы» газетінің редакторы және жазушылар бөлімінің жетекшісі болды. 1930 жылы жергілікті ақын-жазушылар шығармалары негізінде «Жарыс» атты альманах шығарды. 1932 жылы Мәскеудегі Қызыл профессорлар институтының әдебиет бөліміне түсіп, оны 1935 жылы бітіреді. 1935 жылы республикалық «Кеңес ауылы», «Қазақ әдебиеті» газеттерінің редакторы қызметін атқарды. Қазақстан Жазушылар одағын (1936-1937, 1943-1951) басқарды‚ ҚазПИ-де (1937-1941, қазіргі ҚазҰПУ) профессор болып, қазақ әдебиетінен дәріс береді. Сәбит әр алуан қызметтер арқауымен қатар түрлі жанрда жаңа шығармаларын жариялады. Поэзияда: «Колхозды ауыл осындай», «Майға сәлем», «Сөз-советтік армия»; драматургияда: «Күрес күндерінде» (1938), «Алтын астық» (1939); прозада: «Жұмбақ жалау» (1938), «Менің мектептерім» (1940), «Балуан Шолақ» (1941) секілді шығармалар осы жылдардың жемісі. «Сырдария», «Тыңда туған байлық», «Мөлдір махаббат», «Есею жылдары» атты романдары мен «Саяхаттар» (1945), «Туған жердің тыңында» (1955), «Адам Атаның шоқысында», «Алыптың адамдары» тәрізді очерктерін жазды. Екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, Ленин орденімен марапатталды. 89 жыл бұрын (1932-2021) танымал совет және Қазақстан мүсіншісі, Қазақ КСР еңбек сіңірген сәулетшісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (1990), Қазақстан Республикасы Елтаңбасының авторларының бірі Шота (Шот-Аман) Ыдырысұлы УӘЛИХАНОВ дүниеге келді. Солтүстік Қазақстан облысында туған. Мәскеу сәулет институтын бітірген. Белгілі қазақ мүсіншісі, ҚР еңбек сіңірген сәулетшісі, Мемлекеттк сыйлықтың лауреаты. Республикалық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының төрағасы, Алматыдағы Тәуелсіздік монументі авторлары шығармашылық тобының жетекшісі, Шоқан Уәлихановқа, Тоқаш Бокинге, Астанадағы Кенесары ханға, Семейдегі Шәкәрімге орнатылған ескерткіштердің авторы. 58 жыл бұрын (1963) Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры Бағбан Тайымбетұлы ТАЙЫМБЕТОВ дүниеге келді. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. Прокуратура органдарындағы қызметін 1989 жылы бастаған. Басшылық лауазымдарда еңбек тәжірибесі мол. Қарағанды, Қызылорда облысы және Алматы қаласы прокурорларының орынбасары, сондай-ақ Жамбыл және Шығыс Қазақстан облысының прокуроры болған. Прокуратура органдарындағы еңбек өтілі 27 жылдан астам. Заңдылықты және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудегі жетістігі үшін Мемлекет басшысының Жарлығымен ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған. 3 сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі шені бар.
54 жыл бұрын (1967) ҚР Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары Мұхамеджан Қадыржанұлы ТАЛАСОВ дүниеге келді. Қызылорда облысы Арал ауданының Сексеуіл стансасында туған. 1989 жылы Ленинград жоғары әскери инженерлік құрылыс училищесін тәмамдаған. 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген. 2006 жылы Орта-Азиялық университетті тәмамдады. 2013 жылы Ұлттық қорғаныс университеті жанындағы жоғары академиялық курсты аяқтады. Құрылыс училищесіндегі оқуды аяқтағаннан кейін 1989 жылғы маусымнан бастап Қарулы Күштердің құрылыс бөлімшелерінде қызмет атқарған. 2003 жылғы наурызда «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысы басқармасы пәтер пайдалану қызметінің бастығы болып тағайындалды. 2004 жылғы қазан мен 2007 жылғы тамыз арылығында Қазақстан Республикасының экономикалық және сыйбайлас жемқорлық қылмыспен күрес агенттігінде қызмет атқарды. 2009 жылғы қаңтарда «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының тыл жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. 2010 жылғы сәуірде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Тыл бастығы болып тағайындалды. 2012 жылғы мамырдан бастап Астана қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы болды. 2013 жылғы сәуірде Бас штаб бастығының орынбасары - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы болып тағайындалды. 2017 жылғы тамызда Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары болып тағайындалды. ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.
56 жыл бұрын (1965) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының бас директоры Ерік Әбенұлы БАЙЖҮНІСОВ дүниеге келді. 1988 жылы Алматы мемлекеттік медициналық институтын тәмамдаған, дәрігер-хирург. 1998 жылы Ұлыбританияның Миддлсек университетінде «Денсаулық сақтау менеджменті» сыныбы бойынша курстан өткен. 1986 жылы еңбек жолын Алматы облыстың клиникалық ауруханасының травматология бөлімінің мейіргері қызметінен бастаған;1988-1989 жылдары – Қапшағай қалалық ауруханасында интернатурадан өтумен дәрігер-хирург; 1989-1994 жылдары – емхананың дәрігер-хирургі, стационардың дәрігер-хирургі; 1994-1998 жылдары – Қапшағай қалалық ауруханасы бас дәрігерінің емхана жөніндегі орынбасары, хирургия бөлімінің дәрігері; 1998-1999 жылдары – Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Орталық аудандық ауруханасы бас дәрігерінің экономика мәселелері жөніндегі орынбасары; 1999 жылы – Денсаулық сақтау, білім және спорт министрлігі «Медициналық қызметтер көрсету ақысы жөніндегі орталық» (МҚАО) мемлекеттік мекемесі ұйымдастыру жұмысы бөлімінің бас маманы; 1999-2000 жылдары – Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау ісі жөніндегі агенттігінің «Денсаулық» РМҚК МҚАО статистика, талдау және ақпараттық жүйелер басқармасы бастығының орынбасары; 2000-2002 жылдары – Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау ісі жөніндегі агенттігінің «Денсаулық» РМҚК ұйымдастыру, кадр және құқықтық жұмыс бөлімінің бастығы; 2002-2005 жылдары – Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Кеңсесі Әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің бас сарапшысы; 2005-2008 жылдары – Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасы бастығының емдеу жұмысы жөніндегі бөлім бірінші орынбасары; 2008-2010 жылдары – Солтүстік Қазақстан облысы Денсаулық сақтау басқармасының бастығы; 2010-2014 жылдары – Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау вице-министрі; 2015-2017 жылдары – Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі; 2017 жылдан бастап «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Медициналық қызметтер көрсетуді жоспарлау және сатып алу жөніндегі басқарушы директоры. 2017-2020 жылдары – Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасының орынбасары. 2020 жылдың тамызынан бастап қазіргі қызметінде.
42 жыл бұрын (1979) ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Дәулет Еділұлы ЕРҒОЖИН дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын (1998) «Экономика және менеджмент» мамандығы бойынша; Экономика және құқық университетін (2001) «Құқықтану» мамандығы бойынша; ЗиГСоІк (2003) іскерлік әкімшілендіру магистрі мамандығы бойынша бітірген. 1998 жылдан - «ҚазТрансОйл» ҰК» АҚ клиринг департаментінің маманы болған. 2003 жылдан - «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Солтүстік Каспий жобасы департаменті директорының орынбасары. 2005 жылдан - «ҚазМұнайТеңіз» ҰК» АҚ экономика және қаржы жөніндегі бас директордың орынбасары. 2006 жылдың мамырынан - ҚР Премьер-Министрі орынбасарының кеңесшісі - ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің кеңесшісі. 2007 жылдан - ҚР қаржы вице-министрі. 2008 - 2014 жыл аралығында ҚР Қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасы болды. 2014 жылдың тамызынан ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы болып қызмет етті. Қазіргі қызметінде 2016 жылдың қараша айынан бастап. 37 жыл бұрын (1984) ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Садық Санатұлы ӘКІЖАНОВ дүниеге келді. Павлодар қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2006 жылы бастаған. Түрлі жылдары ҚР Президенті мәдениет орталығының «Президенттік институтының» ғылыми қызметкері (Астана қ.), ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Экологиялық саясат және тұрақты даму департаментінің бас сарапшысы, «Қазақстан Республикасының Экологиялық аудиторлары ұлттық палатасы» кәсіби аудиторлық ұйымының экономикалық мәселелер және БАҚ-пен байланыс жөніндегі менеджері, «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі қызметтерін атқарды. 2014 жылғы қыркүйек айынан бастап «ҚазАқпарат» ХАА Бейжің қаласындағы тілшілер қосынын басқарды, Шанхай ынтымақтастық ұйымының баспасөз клубының вице-президенті болып сайланды.
31 жыл бұрын (1990) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысының орынбасары Олжас Әбдімомынұлы ЖҰМАҒҰЛОВ дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Америкалық университетті, Лондон экономика мектебін, Лондонның Корольдік колледжін бітірген. Еңбек жолы: 2013-2016 жж. ҚР Экономика және сауданы дамыту министрлігінде түрлі лауазымдар атқарды. 2016-2018 жж. ҚР АШМ Астана қаласы бойынша аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары, министрдің кеңесшісі болып жұмыс істеді. 2018 жылғы ақпаннан шілде айының аралығында ҚР инвестициялар және даму министрінің кеңесшісі болды. 2018-2019 жж. ҚР Премьер-Министрі орынбасарының кеңесшісі қызметін атқарды. 2019-2021 жж. ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі болды. 2021 жылдың наурызынан бастап қазіргі қызметінде.