Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Кәрі жілікті неге босағаға іледі?

Кәрі жілікті неге босағаға іледі?

Қазақ халқы тіршілік көзіне ерекше құрметпен қараған. Сондықтан сойылған малдың әрбір жілігінің өзіндік орны, табаққа тартар жөн-жосығы бар. Кәрі жілік (қарыжілік деп те аталады) жабыса біткен жанама сүйегі бар, қолдың қарында болатын сүйек.

Жанама біткен сүйегін қары жіліктің қамшысы, құрығы, ілдіргесі (ұшында жіп өткізуге ыңғайлы жырығы) деп атайды. Аталған жілік мал етіндегі ­басты бөлігі саналады. Қазанға ет салғанда алдымен “бісміллә” деп осы жіліктен ­бастап салады. Оны қасиетті әрі еттің бәрін ұстап тұрады деп сенген. Піскен соң шақпайды, құда табаққа салмайды. Қары жілікті қонаққа, бөтен, жат адамға емес керісінше, “ағайын мінемейді” деген оймен ауыл адамдарының табағына салады. Ол ағайын арасының, отбасы мүшелерінің сыбағасы екендігін білдіреді.
Қонақ табағына салынса, құт сол адамға яки бөгдеге кетті деп ырымдайды. Абайсызда салынып кетсе, қонақ білдірмей тығып алуға тырысады. Өйткені ырыс-құт бұйырып тұр деген жорамалдан туындайтын салт бойынша жасалады.
Қазақ кәрі жілікті өсіп келе жатқан қыз балаға “оң жақта отырып қаласың” деп ұстатпайды, “сүр бойдақ боласың” деген сенім бойынша бойдақ жігітке де бермейді. Халық пайымында оны үй иелері өздері мүжіген соң босағаға мал аман болады, дүние-мүлікті ұры-қарыдан, пәле-жаладан сақтайды деп сүйек арасындағы тесігінен ши өткізіп, құрық ұстаған жылқышы тәрізді іліп қояды. Бұған орай ел аузында жүрген аңыз-әңгіме жетерлік. Ендеше аңызға қарай ойысып, ол жөнінде баяндайық.
Ертеде бір байдың қорасын қырық қарақшы ­торуылдапты. Бірақ қанша тырысса да, малын ала алмаған. Себебі оның қорасын қарулы жасақ күзетіп тұрыпты. Бір қызығы, таң ата қарауылдар көзден ғайып болады. Ұрылар тылсым жайды түсінбейді. Ертесіне біреуін тыңшылыққа жұмсайды. Ол байға жолаушы кейпінде келіп сыр тартады. Байдың жалғыз ұлы мен бәйбішесінен өзге ешкімі жоқ екен. Тыңшы қайта келіп:
– Байдың малын күзететін не жалшы, не күзетшісі жоқ. Бәрін барладым. Көршілерінен де сұрадым. Ешбір жасағы жоқ. Бізге елестеген болуы керек, – дейді. Ұрылардың басшысы:
– Ендеше бүгін шабамыз, – деп атқа қонады. Бұл жолы да ұрылар қораға тақап келгенде қарулы жасаққа кезігеді. Ұрылардың бірнешеуі жараланып, кейін шегінеді. Ертесіне ұрының басшысы байға өзі барып:
– Байеке, мен ұры едім. Он күн болды сіздің малыңызды торып жүргеніме. Бірақ қораңызды күзеткен қалың әскер алдырмайды. Күндіз көзден ғайып болады. Не сыр, не киеңіз бар, айтыңызшы? – деп ағынан жарылыпты. Бай ұрыны ертіп алып, қорасында ілулі тұрған кәрі жілікті көрсетеді:
– Әкем марқұм дүниеден өтерінде: «Кәрі жілік көрсең, қораңа байла. Малыңа қорған болады», – деуші еді. Өсиетін орындап, кәрі жілік іліп қойдым. Содан бері малға қасқыр шаппады, ұры да түспеді, бірде-бір ­малым жоғалмады, қайта мыңғырып өсіп келеді. Соның шарапаты болмаса, менде басқа кие жоқ, – дейді. Құдіретке бас иген ұрылар баймен дос болыпты. Ниетінен қайтып, адал кәсіпке көшіпті деседі.
Сондай-ақ балалар құлақ ауруына шалдықпасын деген сеніммен осы жілікпен бірге жан-жағында бірнеше тесігі бар тастың саңылауынан жіп өткізіп, босағаның жоғарғы оң жағына іледі. Тасты “бұлақтас” деп атайды. Кейде баланың құлағы ауырып, құлағынан бұлақ ағып жүргенін көрсе, әжелер дереу босағаға бұлақтас тауып ілуді тапсырады. Онымен қоса қасқырдың тырнағы, тісі немесе бүркіттің тырнағы босағаны жын-періден сақтайды деген сенім қалыптасқан. Батыс өңірінде кәрі жілікпен дағдан аталатын ағашты қосып ілу үрдісі бар. Кейде дағдан ағашын төртбұрышты пішінде тұмар тәрізді жасап, бетіне жыртқыш аңның, бүркіттің суретін бедерлеп, баланың бас киімінің маңдайшасына немесе жас келіннің омырауына таман төмен түсіріп, мойнына тағады. Дағдан ағашы жас баланы көз-тілден, түрлі ауру-сырқаудан сақтаса, жас түскен келіннің көп құрсақ көтеруіне септігін тигізеді деп білген. Табалдырыққа қары жілікпен бірге дағдан ағашының қоңырау пішінде қырнап дайындалған түрі де ілінеді. Батыстықтар осы дәстүрді қазіргі уақытқа дейін сақтаған.
Сонымен қатар ердің алдыңғы қасына іліп, жылқы мен ер-тұрманды сақтаушы ретінде түсінген. Кейбір жерлерде тіл-көз сұғынан қорғайды деп кәрі жілікті бота мойнына да тағады. Басқа түркі тектес буряттар мен түрікмендерде қары жілікті бөтен адамға берген. Бұларда да бұл сүйектің қорғау, сақтау қасиеті бар деген наным бар. Оларда жілік атауының мағынасы “бөтен”, “жат” ұғымын білдіреді. Осы сүйектің “жанама сүйегінен” ісмерлер шұлық, мойынсорғыш, қолғап, тағы басқа тоқитын ілмек біз жасайды.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
24 қараша 2020 ж. 5 715 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930