Абай жолы – ұрпаққа рухани азық
Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жылдық мерейтойына орай Абай жылы деп жарияланды. Осыған байланысты қыруар шаралар өткізу межеленіп, Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаев басқаратын комиссия құрылды.
Алайда бүкіл әлемді шарлаған коронавирус індеті біздің елге көп қиындық туғызып, ойға алған шараларды толық мәнінде іске асыру мүмкін болмағаны рас. Соған қарамастан қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының өз заманындағы қиын-қыстау кезеңдерге қарамастан өмірге келгеннен, тәрбиесі, арпалыспен өткен өмірі, ойшылдың толғаныстан туған поэзиялық, прозалық шығармалары, тағы басқа қалдырған мәңгілік мұралары қайта тірілгендей бүгінгі ұрпаққа ұсынылуда. Заман талабына сай Абай туындылары оқылып, жатталып, талданып, зерттеліп, насихатталып жатыр. Тарих қойнауында қалып, ұмытылып бара жатқан тың деректер оқырман қауымды рухани байыта түсуде. Арнайы «ABAI TV» телеарнасы ашылып, жұмыс жасауда. Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» сериясынан «ABAI 175 JYL» коллекциялық монеталарын айналымға шығарды.
Шынында да Абайдың даңқы бүгінде дүние жүзіне танылып, ол Тәуелсіз қазақ елінің бірден-бір нышанына айналды. Абай арқылы шетелдіктер қазақты жазбай танитын дәрежеге жетті. Осыдан ширек ғасыр бұрын әлемдік ұйым – ЮНЕСКО шеңберінде ұлы ғұламаның 150 жылдық мерейтойы салтанатпен аталып өтті. Ресей мемлекетінің төрі – Мәскеуде айбатты Абай ескерткіші менмұндалап тұр.
Мәселен, осындай Абай оқуларына қатысқан Әйтеке би кентіндегі Нұрлан Имашев басқаратын №170 мектептің оқушылары туған жері Қазалының атағын елімізге паш етті. Бұл мектепте Абайтану курсы жұмыс істейді. Тәжірбиелі ұстаз Майра Омарова дайындаған 9-10 сынып оқушылары апалы-сіңілі Әзен Жеңісбекқызы Гауһар мен Аяулым Абайдың өлеңдері, поэмалары мен қара сөздерін жатқа айтудан ауданда бас жүлде алып, облыста өткен Абай оқуларында үнемі жүлделі орындарды иемденіп жүр. Бұлар осы жылғы 24-ші тамызда «Дарын» орталығы ұйымдастырған Абайдың 48 қара сөзін жатқа айтудан республикада екінші орын алған. Әкесі Жеңісбек пен анасы математика пәнінің мұғалімі Күләштің үлгілі тәрбиесінен шыққан Аяулым, Гауһар және Гүлназ үшеуі де мектепте оқу озаттары екеніне риза болдық.
Айтса айтқандай, Абай есімі мәңгілік жасау үшін ұрпағымызды оның мұраларын оқып-үйренуге, тағылым алуға өмір бойы тәрбиелеп өтуіміз керек. Бар білгенімізді, тарихи деректерді, ауызекі естігенімізді ұмытпай осы игі мақсатқа жұмсағанымыз жөн. Өйткені Абай жолы – ұрпағымызға рухани азық.
Өткен күндердің елесін еске алып, қиял құшағында ой кешіп отырғанда жазушы, композитор, өнер зерттеушісі, Қазақстан және Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Ілия Жахановпен осыдан отыз жылдай бұрын кездесіп, сырласқанда есте қалған Абайдың өмірі жайлы қызықты әңгімелері ойға оралды.
Ол былай болған еді. Жұбайым Күлшәт екеуміз жыл сайын еңбек демалысымызды Алматы қаласы маңындағы шипажайдың бірінде өткізуді дәстүрге айналдырғанбыз. Қалыптасқан әдетпен «Алмалы» демалыс үйіне түс қайта келіп орналастық. Кешкі астың кезінде асханада көз алдымда біз әрдайым талантына табынып, сол жылдардағы кеңінен таралған, әсіресе жастардың шырқай жөнелетін «Алматы кешінде», «Асылым», «Жайлаукөл кештері», «Әселім», «Даниярдың әні», «Еділ мен Жайық» әндерін орындаушы Ілия Жахановты бірден таныдым. Кездесудің мұндай сәті болар ма? Асханадан шыққаннан кейін аулада серуендеп жүрген біз арнайы барып сәлемдесіп, өзімді таныстырған едім. Көпті көрген адам емес пе, бірден өзара әңгімеміз жараса кетті. Демалыс үйінің залына кірдік. Асханадағы астан кейін төрдегі пианиноға отырған ол біздің сүйікті әндерімізді бірінен кейін бірін орындай бастады. Демалушылар тегін концертті тамашалап, мәз болысып қалдық.
Осыдан кейін күнде Ілия Жахановпен бірге серуендеп, қызықты, тағылым аларлық әңгімелерін естідім. Біртуар талант иесі шығармашылық демалыста қазақтың Ықылас пен қырғыздың Күреңкей атты күйшілерінің өмірі жайлы романын жазу үстінде екен.
Күнделікті дағдымен кезекті бір кеште ол Абай әндерін де орындады. Осыдан кейін серуендеп жүргенде өзара әңгімеміздің тақырыбы Орта жүздің Тобықтысынан шыққан Абай Құнанбайұлы және сол заманда болған оқиғаларға ауысты.
– Аға, мен Қаракесекпін. Бізді Кіші жүздің, Орта жүздің Қаракесегі деп бөледі. Бірақ, өткен тарихты оқып, зерделеп, тереңдей түскен сайын «осылардың түбі бір емес пе?» деген болжам бар. Әлі күнге талай тарихшы, оқымыстылар шетіне шығып, түйінін таба алмай жүр.
Меніңше, түбінде дана, данышпан Абай бізге жезде, Тобықтылармен құда болатын сияқтымыз. Өйткені Абайдың әкесі Құнанбайдың төрт әйелінің екіншісі Ұлжан Орта жүз Арғынының Қаракесегі емес пе? – дедім күліп, әңгімені әрі қарай өрбітіп, сабақтай түссек деген оймен.
– Иә, мына әңгімеңіздің де жөні бар сияқты. Мұндайда «Қарға тамырлы қазақ сұрастыра келе қарынбөле шығады» деген ғой, – деп қарқылдап күліп алды да, Ілия ағамыз онан әрі Абай өмірінен небір қызықты әңгімелерді майын тамыза айтқан еді. Сонан есімде қалғандарының бірін аудандық «Қазалы» газетінің оқырмандарына ұсынғанды жөн көрдім.
Абайды наймандардың асқа шақыруы
«Малым жаным садағасы, жаным арым садағасы» деген қазақ ұланғайыр ұлы даланы көшіп-қонып жүріп-ақ салт-дәстүрді ұмытпай, берік сақтаған. Осындай ортада өскен Абай Орта жүздің Арғын тайпасының Тобықты руынан шыққан билер әулиетінен. Әкесі – Құнанбай, оның әкесі – Өскенбай, үшінші атасы – Ырғызбай. Өскенбай сол кездегі ағайын-туыс, іні-балаларының бәрінен пысық, еті тірі болып өседі. Ол Кеңгірбайдан кейін атқа мініп, Тобықтыға би болған кезде әділетті істерімен халықтың оясынан шыққан. «Ісің адал болса Өскенбайға бар» деген сөз қалған. Ал Құнанбай Өскенбайұлы өз заманында атақ-даңқы алысқа жеткен белгілі адамдардың бірі болған. Ресей патшалығы кезінде XIX ғасырдың ортасында оны Қарқаралы аймағының сұлтандығына бекіткен.
Абайды шешесі Ұлжан азан шақырып қойылған аты Ибраһим деп атамай, еркелетіп Абай деген екен. Осылайша Ибраһим тарихта Абай аталып кеткен.
«Әке – балаға сыншы» деген бар. Абайдың зеректігін байқаған Құнанбай он жасқа толғанда Семейдегі медресеге оқытады. Сонда үшінші жыл оқып жүргенде Абай өз бетінше арнайы мектепке түсіп, орысша оқи бастаған. Бірақ оқуы ұзаққа бармайды. Он үш жасқа толғанда әкесі Құнанбай Абайды қасына алып, ел басқару ісіне баули бастаған.
Осы кезде Абай ел жақсыларымен араласып, өз халқының рухани мәдениетімен жете танысады. Билер үлгісінде шешен сөйлеуге төселіп, аты шығады. Болыстыққа сайланады. Ел арасындағы бірін-бірі көреалмаушылық, бақталастық, бисымақтардың әлсіздерге көрсеткен зорлық-зомбылығын көзімен көріп, қиын-қыстау кезеңде өзі де талай қиянатты бастан кешіреді. Соның салдарынан жазықсыз таяқ та жеген кездері болады. Жалақорлардың көп шағымы, жалған арыздарымен талай істі болып, тергеуге де түседі. Бұл Абайды ерте есейтеді. Осылайша балалықтан асып, бозбалалық, жігіттік шағын өткізеді. Әкесімен бірге жүріп, өмір көреді. Бұрынғы билердің айтқан, істегендерін ой елегінен өткізіп, безбендейді. Қазақтың халық қазынасына ден қояды. Жақсы істерді өрістетіп, есте сақтап, жаман әдеттен жиренеді.
Абай 1884 жылдан бастап ел арасындағы бақастықтан туындаған айтыс-тартыстан шаршап, безіп, басын алып қаша бастайды. Ендігі жерде бұл ортадағы бар іс пен сөзді басқаларға тастап, өзі тікелей кіріспеуге тырысады. Өз басы бақты да, бақытты да адал іс пен еңбектен табуға ұмтылыс жасайды. Мағыналы өмірге бет бұрады.
Әкесі Құнанбай келе-келе Абайды бөлек үй қылып, еншісін беріп, еркін өмір сүруіне мүмкіндік жасайды. Осы кезде Абайдың өмірге деген көзқарасы өзгереді. Өз алдына бөлек ауыл болып, әулетінің балаларымен бірге басқа да бейім жастарды білім алуға баулиды. Өзі де заман жайлы толғанып, өлең шығарып, аталы сөз жазып қалдыруды мақсат тұтады. Осыдан бастап, Тобықтыдан шыққан Абай атанып, атағы жер жара бастайды.
Осындай кезеңде Найманның бір топ игі жақсылары жиналып, сабаны пісе шайқап, сапыра құйған қымыздан сіміріп, әр тараптан әңгіме өрбітіп отырғанда, сөз төркіні Абайдың атақ-даңқы, әділетті істері, ел аузында жүрген тапқырлық сөздері, ғұлама ақындығы жайына ауысады. Біреулер: «Ал, енді осы Абай неге Тобықтының ғана атын шығарады? Шындығында ол Құнанбайдың төрт әйелінің екіншісі – Ұлжаннан туған. Ал бәйбішесі Күңке Найманның Теріс таңбалы руынан шыққан атақты Ағанас бидің айттырып алған қызы, ол да Абайдың шешесі емес пе?! Олай болса, Абай бізге де ортақ. Сондықтан Абайды арасында Наймандардың ортасына алып келіп, біз де атымызды шығарайық. Ел-халық Найманның да Абайы екенін білсін», – дейді. Мұндайда делебесі қозғыш көпшілік мұны орынды сөз, табылған ақыл деп қоштай жөнеледі. Сонымен Абайды алып келуге уағдаласады. Ал енді оған кімді жібереміз дегенде ешкім тәуекелге бел байлап, белсеніп шыға қоймайды.
Осы әңгімені араға уақыт салып, Наймандар тағы бір жиналғанда сабақтай түседі. Оған тағы да кім барады дегенде орташа ауқаты бар шаруа, бірақ осындай жиындардың ортасында жүретін, реті келгенде ұтымды сөз айтып жүрген Бисен шығып: «Абай ағамды мен барып алып келейін», – деп сұранады. Отырғандар оған таңдана қарайды. Араларында сені жіберіп, бос қайтып, Тобықтылардың күлкісіне қалармыз деушілер де табылады. Бұл жолы да өздері атап кеткен Қара Бисеннің уәжін қабыл көре қоймай тарасады.
Енді бірде келер жылы Наймандар үлкен ас беретін болып, соның ойластығына, ақылдасуға жиналады. Ол кезде қалыптасқан салт бойынша асқа қонақтарды бір жыл бұрын сауын айтып шақыратын болған. Соған шақырушыны да белгілеу керек. Осы әңгіме үстінде Абайды елге әкелу жайы тағы да қозғалады. Бұл жолы да Қара Бисеннен басқа тәуекел жасаушылар табыла қоймайды. Сонда ортада отырған Наймандардың Төбе биі: «Осы Қара Бисеннің айтқанымен, Абайды әкелуге жіберейік, әрі асқа шақырушы болсын. Оған сыйлы шапан жауып, жақсы ат мінгізіңдер», – депті. Бәрі осыған сөз байласып, Бисен баратын болады.
Абай күнде ерте тұрып, үй іргесіндегі төбеге шығып, таза ауамен тыныстауды әдетке айналдырған екен. Бірде көз ұшында қарайғанды көзі шалып, бірте-бірте атты жолаушы екенін меңзейді. Тура тартып келеді. Осы кезде Абай қонақты үйде қарсы алу салтымен аяңдап үйіне келіп күтеді.
Найманның Бисені тура Абайдың ақбоз үйінің жанына келіп, аттан түседі. Жан-жағына қараса әр жердегі жатқан жас жапалар жаңа өріске өрген малды көз алдына елестетеді. Бисен буланып жатқан жас жапаларға аяғындағы саптиян етігін былғап-былғап алып, «Ассалаумағалейкүм» деп үйге кіріп, қабаттай жиналған көрпе үстінде отырған Абай ағасына қос қолдап сәлем беріп, жапсарлай аяқ киіммен жайғаса кетеді.
– Абай аға, өзіңіздің «Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы, Боқтан сасық боласың өлсең тағы» деген өлеңіңізде бар ғой. Боқты боққа ұрғанда ештеңе етпес» деп өзін таныстыра жөнеліпті. Осы кезде Абай күліп жіберіп, жігіттерін шақырады. Келген қонағын қабылдап, жағдайын жасауды тапсырған екен.
Осылайша Абай ауылында Бисен ойын-сауықпен бірнеше күн өтсе керек. Ол өзінше ештеңе айтпайды. «Бұйым жоқ, әлім жоқ, бұл неғып жүр?» деген күңкіл сөз шыға бастайды.
Абай жігіттерінің сөзін күлімдей тыңдай отырып, бүгін кімнің үйінде болатынын біліп, өзі арнайы баратынын айтады. Айтқандай, Абай орталарында Бисенге күндегісінше қонақасы беру жалғасады. Ретімен айтылған салиқалы сөз, өзара әңгіме, ойын-сауық арасында отырғандардың бірі сыпайылап, Бисеннен келгендегі бұйымын айта отыруды сұрайды.
– Дұрыс айтасыздар, мен тегін жүргенім жоқ, – дейді әзір жауап Найманның Бисені. – Абай ағамды алып кетуге келдім. Өйткені, ол Тобықты мен Найманға ортақ емес пе?! Арасында Абай ағамызбен біз де кезектесіп мақтанайық. Сонымен бірге Наймандар келесі жылы үлкен ас жасағалы жатыр. Соған әрі шақырушымын, – дейді Бисен. Бұған куәгер көпшілік аң-таң. Бір-біріне қарасады.
Бұл сөздің төркінін түсінген Абай рахаттана күліп, жігіттерге Бисеннің тапқырлығын паш етіп, оған шапан жауып, ат мінгізіп, шығарып салуды тапсырады. Ал келесі жылы асқа баратындықтарын айтады.
Өтіп бара жатқан өмір, арада жыл өтеді. Абай жігіттерімен бірге шақырылған асқа барады. Наймандар қонақтарын арнайы үй тігіп, қарсы алады. Қазақтың би-болыстары, тілге жүйрік шешендер, суырып салма ақын-жыраулар, небір зиялылар басқосқан ас салт-дәстүрімен өтіп жатады. Ертелетіп аламан бәйгеге ат айдатып, ортада палуандар күш сынасып, қыз қуу, жамбы атуды тамашалайды. Толасында біреулері бұл да айта-айта жүретін қызық болсын, «әйелдер жарысын ұйымдастырсақ қайтеді?» деген ұсыныс жасайды. Көпшілік мұны қауқылдаса қабыл алады. Ерекше жарыстың ережелерін, жүлделерін белгілеп, мәресін айқындайды. Асқа жиналғандарға хабардар етіліп, орталарынан жарысқа қатысушыларын шығарады.
Сонымен көпшілік кімдер озып келедімен отырса керек. Көп күттірмей жарысушылардың да қарасы көріне бастайды. Көйлектерінің етектерін бір қапталына жинақтай ұстаған әйелдер жосып келеді. Көз жетер жерге жақындай бере бір әйелдің оқ бойы алдыға шыққанын көреді. Әудем жерге келгенде Бисен алдарынан қарсы шығып, озып келе жатқан өз әйелін қолынан жетектеп, кері алып кетіпті. Іле-шала басқа әйелдер де мәреге жетіп, жүлделерін бөліседі. Орталарында Абай да бар, тамашалағандар мәз-мәйрам.
Сол кезде өз тілеулестері, туған-туыстары Бисенді ортаға алып, әйелінің еңбегін еш етіп, бәйгеден құр қалдырғанына реніш білдіре бастайды. Сонда Бисен: «Жігіттер, сендер не білесіңдер? Егер менің жалғыз әйелім жарыста бірінші келіп, жүлде алып, ерекшеленсе, бірнеше әйелі бар Абай ағамның көзіне түсіп, алып кетсе мен әйелсіз қаламын ғой», – деп жауап беріпті. «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деген. Бәрі де күлкіге батып, мұны да жөн көргендей тоқтасыпты.
Осылайша Найманның Бисені Тобықтының жігіттерін әзір жауап, тауып айтқан орынды сөздерімен тоқтатып, Абайдың батасын алған екен.
***
Міне, атақты Ілия Жақановпен бірге өткізген күндер осылай өте шықты. Ол ертең демалысының соңғы күні екендігін айтты. Бізге мұны қалай есте қалдырсақ екен деген ой сап ете қалды. Ертелете тұрып, Күлшат екеуміз қалаға дүкен аралауға шықтық. Кеңес үкіметі кезінде Ресейдің астанасы Мәскеудегі Қызыл алаңды көру әр адамның арманы еді ғой. Соның қалың шыныға түсірілген үлкен панорамасынан қолайлы ештеңе таба алмадық. Соған енді жақсы лебіз-тілегімізді жаздыруға жер іздеп, көп сандалдық. Ақыры тіс дәрігерінің көмегімен «Талантыңызға тағзым етушілер! Шамша, Күлшат» – деп ойып жаздырып, жұмысымызды бітірген болып, демалыс үйімізге келсек жолаяқ дастарқанына шақырып жүр екен. Біз де соған қатысып, ризашылығымызды білдіріп, қимастықпен шығарып салған едік.
ШАМША АЙТУҒАНОВ,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі