Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ұлттық құндылықтың қадірі биік

Ұлттық құндылықтың қадірі биік

Ежелден қазақ халқы салт-дәстүрді қастерлеп, бұлжытпай орындап отырған. Әрбір ұлттық ғұрыптың өзіндік пайымы болған. Астарында ақ ниет тіленген осындай жоралғының бірі – майлау. «Ол құт-береке, молшылық болсын» деген ырыммен атқарылатын ғұрып. Май жұққан жерінен кетпейтіндігімен ерекшеленетіндіктен ырыс та жұғымды болсын деген сенімнен туған. Халықтық ортада алғашқы туған сәбидің артын, айғырдың жалын, өгіздің мүйізін, жерошақты, көгенді, желіні, қазықты тағы басқаларды әдейі майлайды.
Баланың артынан іні-қарындасы көп болсын деп ырымдағандықтан бірінші туған немеренің немесе баланың көтенін майлау үрдісі бар. Оны көп бала босанған аналар, салиқалы әйелдер жасаған. Мұндайда құйрық май немесе сары май жағатын.
Сонымен қатар келін алғаш табалдырықтан аттағанда атқарылатын босаға мен табалдырық майлау үрдісі бар. Бұл келін майдай жұғымды болсын, отбасымызға майдай сіңсін деген ниетті аңғартады. Босаға майлау құрметін сол әулеттің сыйлы, абыройлы келіндері атқарады. Бұл ырымды орындаған адамға арнайы кәде беріледі.
Көктемде мал төлдеп болғаннан кейін көген тартыларда желі мен қазық майланады. Көген тартқан үй иесі көген басына дастарқан жайып, туыс-туғандарын, көрші-қолаңын шақырады. Әулеттің әжелері «Мал-басың аман болсын, төлің көп болсын!» деп ақ тілектерін білдіріп, көгенге май жағып, ақ құйған. Ауыл ақсақалдары “көгенің ұзын болсын!” деп бата берген. Халықтық сенім бойынша көген майлауға мән берілген. Егер «көген майланбай тартылса, оған көгенделген төл оралып, буынып өледі» деген сенім қалыптасқан. Оның басында дастарқан жайылып, ән-жыр айтылуына орай көген той деп атайды.
Сондай-ақ көктемде сиыр, қой, ешкіні сауынға қойған кезде қазық, жүгендерді маймен майлап, сүт, айран құяды. Мағынасы ақ молайып, мал-жан аман, өсім көп болсын дегеннен шыққан. Аталған рәсім жылқы малы үшін “желі майлар”, “бие бау” деп те аталады. Алғаш бие байлаған күні ақ мол болсын деген ырыммен желіге ақ құйып, май жағады. Бие байланғаннан кейін бие бау басындағы барлық адамдар “желі майлау” деп өзара дәм алысып, жақсы тілектерін айтып, ауыл ақсақалдары батасын береді. “Байлар көбейсін”, “желі тартар көбейсін” деп көрші-қолаң да шашуын шашады. «Ақ мол болсын», деген тілекпен желіге май жағумен бірге биенің, айғырдың сауырына, жалына да май жағады.
Ал үлкен ас берілерде, той жасаларда “От ана жарылқасын! Берілер ас қабыл болсын, той тойға ұлассын!” деген пайыммен ошаққа май құйып, жерошақтың сыртын майлайды. Ол “жерошақ қоңырсыту”, “ошақ бәйге” делінеді.
Сонымен бірге жерді алғаш жыртқан кезде егін түсімінің мол болуын аңсап соқа мен өгіздің мүйізіне май жаққан. Себебі халық арасында өгізді егіншіліктің құты ретінде бағалаған. Жұмсартып, сапасын арттырып отыру үшін қайыстан жасалған заттарды майлайды. Тұрмыста теріден жасалған қайыс арқан, тұсамыс, ноқта, жүген, үзеңгі баулары, шідер сияқты заттарды, тіпті етігін майлап отырса, құрғап кеуіп кетпей, жарықшақтанбай ұзақ уақыт пайдалануға жарайтын болады. Ет желініп болған соң майды осындай бұйымдарға жағады. Бірақ қамшы майлауға тыйым салынады. Қамшыны майлау – дау-жанжал, ұрыс-керіске бастайды деп есептелген.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
05 қыркүйек 2020 ж. 1 473 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930