Бұршақ салу санадан өшіп барады
Айдар тағу, қонақ кәде, бастаңғы және тағы басқа да ұлттық салт-дәстүрлердің кейбірі халық арасында кеңінен пайдаланылып жүрген болса, көпшілігі ұмыт қалып барады. Қазіргідей мобильді уақытта заманауи жастар біле бермейтін салт-дәстүрлер жетерлік. Ата-бабалардан мұра ретінде қалған үрдістер әрдайым игі мақсаттар үшін қолданылған.
Осындай салт-дәстүр бойынша тығырықтан шығар жол таппай, уайымға салынғанда “ақсарбас атауды” қолға алатын болған. Жанын шүберекке түйген жан қауіп-қатерге ұшырағанында: «А, Құдайым оңдасын! Мені осы қиындықтан құтқара гөр! Ақсарбас!» деп құдайы атайтын болған. Мұндай жағдайда «Ақсарбас!» деп үш рет айқайлаған. Сосын қауіп-қатерден аман қалғанында әлгі адам ауыл аймағын шақырып, құдайы берген. Көнекөз қариялардың айтуынша, ақсарбасқа бозқасқа қой, көкқасқа жылқы, қызылқасқа сиыр шалынады. Адам ақсарбас атағанда қай малын айтса, соны Құдай жолына құрбандыққа шалуға тиіс.
Тағы бір керемет үрдіс “босаға майлау”. Жастар жеке отбасын құрғанда немесе жаңа үйге кіргенде жақын-жуықтары келіп, босағасына май жағады. Бұл «жаңа қоныс берекелі, майдай жұғымды болсын» деген ұғымды білдіреді. Босаға майлаған адамға кәде беріледі. Көктемде бірінші шайқаған майды отбасындағылар ауыз тимей тұрып, есік жақтауын, табалдырықты, киіз үйдің ас-су сақталатын жақ босағасындағы киізді майлау ырымы да жасалады.
Қазақтың ежелден келе жатқан мойнына бұршақ салу ырымы бар. Ертеде баласы жоқ адамдар немесе ұрпаққа зар болып жүргендер мойнына көгеннің бұршағын салып, Алла Тағаладан перзент сұрап жалбарынған, жылаған. Мойынға бұршақты бала тілегенде ғана салады.
Бұл тағдырға мойынсұнып, Тәңірге шын беріліп, оның барлық әміріне көнудің және ақ тілеудің белгісі. Мұндай көрініс әсіресе ертедегі жырларда жиі кездеседі. Оның соңы тілегі орындалып қуанышқа кенеліп жатады.
Ал филология ғылымының докторы Рабиға Сыздықтың “Сөздер сөйлейді” кітабында “бұршақ салу” салтының бірқатар түйіні тарқатылып, түсіндірілген. Оның баяндауынша, «Қамбар батыр» жырында өзіне таласқан қалмақ ханы Мақтымды Қамбар жеңіп сұлатқан соң, қыз Назымның көңілі орнына түседі. Оны жыршы “Мойнынан алған сықылды, Бұрынғы салған бұршағын” деп суреттейді.
Жырды бастырушылар мойнына бұршақ салу деген тіркесті «Бұрынғы кезде басына қатты қайғы түскен адам тілек тілеп, мойнына тас байлайтын әдет болған. Қайғысы жойылғанда мойнына салғанын алады екен» деп түсіндіреді. Бұл ескі наным-сенімге байланысты жасалатын ритуал. Бірақ мұндағы бұршақ деп тұрғаны тас емес. Ертедегі діни наным-сенім бойынша Тәңірден, әулие-әмбиеден бір нәрсені қатты тілегенде адамдар мойнына көбінесе шылбыр, арқан, жіп, белбеу салған. Оған «Қыз Жібек» жырында Сансызбай мен Қорен қалмақтың жекпе-жегінде Сансызбайдың мерт болмауын Жібек сұлу құдайынан тілегені айтылған:
Көксандалдың шылбырын,
Мойнына орап салады,
Бір құдайға зар етіп
Мінәжат қып тұрады.
«Қозы Көрпеш» жырында да “Мойнына кісесін сап жалынды енді” деген жолдар келтірілген.
Ал бұршақ деген «көгеннің желісіне өткізілген, лақ, қозы байлайтын шағын бүлдірге жіп, бір жақ басы – түйіншек, екінші жақ басы – ескен жіптің тұйық ілмегі». Демек бұл жердегі бұршақ сөзінің аспаннан жауатын бұршаққа да, кішкене-кішкене құмалақтай, яки тастардай затқа да еш қатысы жоқ. Сондықтан “бұршақ” сөзінің орнына “шылбыр”, “кісе” сияқты өзге де “жіптер” қолданылған.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА