Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ұлттық үрдісті үлгі тұтқан

Ұлттық үрдісті үлгі тұтқан

Қазақтың бата беру дәстүрі – ізгі тілек тілеудің әдебі ретінде құрметтеледі. Бұл елдің тұрмыс салтында айқын із қалдырған, ұрпақ үшін тәлім-тәрбие болған тағылымы мол құнды мұра ретінде сақталған.

Бата көбінесе жастарға арналады. Арнайылап көпті көрген құрметті ақсақалдар мен кемеңгерлер, аузы дуалы билер, атақты адамдар, өз ісінің хас шеберлеріне де бата айтқан. Қазақ халқында қонақтар арасында үлкен адам болмаса, көптің рұқсатымен жас болса да бас боларлық жолы мен жөн-жосығы бар адам береді. Ерлер отырғанда әйелге жол берілмейді. Әйелдер арасында сөз білетін бір ер бала отырса, әуелі сол бата беруге тиіс. Ел аузындағы әңгімелер бойынша батырларға, билерге ардақты аналардың да бата берген кезі кездеседі. Оның өз қисыны бар, қуаныш пен тойдың ретіне қарай лайықталып жасалады.
Ұлттық әдет-ғұрыптар мен рухани құндылықтарды жаңғырту – қазіргі таңдағы өзекті мәселенің бірі. Сан ғасырлар бойы ислам дінін ұстанған қазақ халқының рухани өмірі кеңестік кезеңде үлкен соққыға ұшырады. Қалыптасқан дәстүрге орай өскелең ұрпақтың бойына ұлттық болмыс, мәдениет, намыс сынды ұлттық құндылықтар дәріптеліп, сіңіріліп келеді. Ал дәстүрлі қазақ мәдениетіне келер болсақ, байырдан келе жатқан ұғымдардың бірі – «бата» сөзі қазіргі таңда тек алғыс, тілек ретінде қолданылады. Алайда алғыс пен қарғысты кез келген адам айта алады, ал батаны тек арнайы батагөй ақсақалдар берген. Ел арасында мұндай құрметті қариялар баршылық. Соның бірі – Тілеубай Жақсылықов ағайын-туыс қуанышына ортақтасып, ақ батасын беруге әркез дайын тұрады. Бүгінде 84 жасты еңсерген қарт 5 ұл мен 3 қызынан 19 немере, 23 шөбере сүйіп отыр. Теміржол саласының ардагері аудандық, облыстық газеттерді үзбей оқып, кітапты жанына серік еткен. Ол бата беруді әкесі Кенжебайдан үйренгендігін алға тартты.
– Жасың ұлғайған сайын той-томалақ, ас беру рәсіміне барсаң бата беруге мәжбүр боласың. Сол себепті әкемнің беретін батасын қағазға түсіріп алғанмын. Соны сұрағандарға көбейтіп, таратып жеткіземін. Оны өзімде сақтағаннан гөрі халықтың жадында болғаны дұрыс деп шештім, – дейді Тілеубай ақсақал.
Оның айтуынша, бата халқымыздың жақсылық пен жамандық, адалдық пен арамдық, обал-сауап тұрғысындағы моральдық түсініктерінің айғағы. Киелі сөзге айналған бата үш түрге бөлінеді. Ақ бата, теріс бата және серттесу батасы. Ақ бата игі ниеттен туғандықтан ел аузында сақталып, жаңғырып дамып отырды да, жақсылыққа ғана құштар халқымыз теріс батаны ұмытуға тырысты. Ал серттесу батасы – құдалықта, серт пен уәдеде, елшілікте, ел арасындағы маңызды үлкен шараларда жасалатын жол. Ол – хан, ақсақалдар, билер алдында, аруақ орнында да жасалып, қол алысылып орындалатын ғұрып. Оны бұзу, яғни «бата бұзу» қарғыспен тең деп санаған. Сондықтан батаның – нәрестеге, асқа, ұлға, қызға, келінге, жолаушыға, жастарға, сүндет той, наурыз батасы, ораза айт батасы, жарапазан батасы, ас қайыруға арналған саналуан түрлері бар.
Тілеубай ақсақал соңғы кездері бата сұрағанда көп алдына шыққан адам абдырап, тілек айтып кететіндігін тілге тиек етті. Сондықтан жас келгенде ақыл тоқтатып, жақсы ниетке толы бата беруді үйренген абзал екенін жеткізді. Көкірегі қазынаға толы, шаңырақтың алтын діңгегі теміржол саласының ардагері тосыннан барған бізге де риясыз көңілмен ақ батасын берді.
“Аумин!” деп қолыңды жай,
Мен бір бата берейін.
Бергенде бата бүй дейін:
Әуелі Алла қолдасын!
Малдарың менен басыңа,
Еш жамандық болмасын.
Несібең артып күн сайын,
Өзектерің ешбір талмасын.
Жаратқан ие жар болып,
Пендеңе күніңді салмасын.
Жаратушы құдірет,
Жарылқаудың қамын ет.
Бақытты ғұмыр кешуді,
Ұрпақтарға нәсіп ет.
Ғайберен қырық шілтен,
Назарыңды салып өт.
Тар жол тайғақ кешуде,
Жәрдемдесіп алып өт.
Өлілерді Алла иманды ет,
Тірілерге қайыр береке ет, Аумин! – деп нұрлы жүзін алақанымен сипап өткенде бұрынғының ақылман абыздары көз алдымызға оралғандай болды.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
​​​
02 наурыз 2020 ж. 1 830 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 24

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930