Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сүндетке отыру – сүннет

Сүндетке отыру – сүннет

– Қайбір жылдары дінсіздер мен пемінистер (феминист) мұсылмандар одағына барып, баланы сүндеттеуге тыйым салуды талап етіпті. Олардың арасында біздің қазақтар да бар екен. Айналайын-ау, сүндет тойға ағайын-туған, нағашы-жиен, жекжат-жұрағат, дос-жаранның барлығы шақырылады. Осы күні ат шаптырылып, бәйге тігіледі, палуандар күресіп, теңге алатын ойындар ағайынның татулығы мен бірлігін бекемдей түседі ғой. Балаға арналатындықтан тай жарыс, құнан жарыс өткізіледі. Кішкентайды сүндетке отырғызып, қуанышын елмен бөлісу ата-ананың міндеті саналады. Ал сүндет той жасау – көзі тірі ата-әженің парызы. Әрі-беріден соң Пайғамбардың сүннеті емес пе? Тыйым салғаны несі? – деп кейіді айналасындағыларды әңгімесіне ұйытып отырған Бораш ақсақал. Молданың келуін күткен көпшілік басын изеп, “дұрыс айтасыз”, “дәстүрдің қадір-қасиетін білмейтіндер айтады да” деп қолпаштай кетті.

Сексеннің сеңгіріне келген Бораш ақсақал ауылға абыздығымен, дау шешер шешендігімен абыройлы. Бұның алқалы отырыстарда айтатын шешім-тоқтамына қарсы уәж білдіретін адам жоқтың қасы. Бұндағы ауыл тұрғындары да бес уақыт намазын қаза қылмай, жүріс-тұрысымен көпшілікке үлгі болып жүрген көненің көзін қадірлей біледі. Бүгін жеті ұлының тура ортаншысы Әбдірахманның кіндігінен шыққан Расулдың ұлын, шөбересін сүндетке отырғызатынын айтып, көпшілікке хабар берген. Қараша үйдің алдында шеңбер құрған қонақтардың арасында ақсақалдың отбасы мүшелері де жайғасқан. Баласын сүндеттеуге аяп, қыңырлық танытып жүрген Әбдірахманның келіншегі бұл жерде де рәсімнің зияндығы туралы білетінін үлкен атасына айтуға жүрексінсе де, тілін тістеп қала алмады.

– Ата, Димошқа бұл рәсімді жасау туралы ойыңыздан қайтпайтыныңызды білемін. Бірақ қазір балаларды бұлай сүндетке отырғызбайды. Заман дамыған, жеңіл, ауыртпайтын әдіспен жасайтын технология пайда болған. Оны косметикалық жолмен, тоқпен еш зақым келтірмей сүндеттей алады. Рұқсат берсеңіз, қалаға алып барып, өзім сүндетке отырғызып әкелейін. Қажет болса..., – дей бергенде келіннің қылығын «тәрбиесіздік» деп түсінген ақсақал қолын жоғары көтерді де “тәйт” деп тоқтатып тастады. Бұдан кейін сұсты көздерімен Әбдірахманға бір қарады да, үзілген әңгімесін тоқтаған жерінен жалғастыра түсті. Бұл кезде келін қайтадан атасының сөзін бөліп, абырой таппасын түсінген еді. Орнынан көтерілді де, жұбайы кеткен жаққа адымдады.

Сүт пісірім уақыттан кейін келісті сақалы бар, аппақ киім киген ауыл молдасы Балабай қажының қарасы көрінді. Жасы кішілердің бәрі жапа тармағай қос қолдарын ұсынып, молданың алдынан шықты. Балабай қажы Бораш ақсақалға келіп сәлем берді де, жанына жайғасты. Он жас кіші болғандықтан Бораш оны “бала” деп атайтын.

– Молда бала, кішкентайлар сүндетке отырғанда бұрынғылар: “Ашамайлы атқа мін­дің, Мұсылмандық таққа міндің”, – деп жататын. Біз бұл сөздің түпті мағынасын жақсы түсенеміз. Бірақ заман орнында тұрмайды. Сүндеттің сүннетін түсінбейтін буын қуып келеді соңымыздан. Соларға асыл дініміздегі баланы сүндетке отырғызудың маңызынан хабар бер, – деді жүзін сәл жоғары көтерді де, шай құйып отырған келініне қиғаштай қарады.

– Орынды айттыңыз, ақсақал. Қазақы дәстүрмен ұштасқан бұл амал мұсылман үшін еркектерге сүннет саналады. Оны жасауға болмайды деп, қателікке балайтындар жоқ емес. Үлкен қалаларда көздеген мақсаттары бар миссионерлер дәстүр мен дін жөнінде теріс пікірлер таратып жүр. Бұның қаймағы бұзылмаған қазақы ауылдарға да жетіп жатқаны өкінішті. Хадис шәрифте: “Қиямет жақындағанда жаңа пайда болғандар бұрынғы ғалымдарды надандықпен айыптайды” – делінген.

Сондықтан бұл рәсімнің қажеттілігін түсінуіміз керек. Жеті мен он екі жастың арасындағы уақыт балаларды сүндетке отырғызу үшін ең тиімді жас саналады. Келешекте бала денсаулығының мығым болуына, жұқпалы аурулардан сақ болуына көп көмеген тигізеді. Бұны дәрігерлер мен ғалымдар дәлелдеп берген. Қазақта әлі сүндеттелмеген 1 мен 4 жас аралығындағы бүлдіршінді алдын ала дайындаған. Неге десеңіз, бұл уақытта сүндеттелмегендіктен, кіші дәретке отырған сайын оның шүмегінің ұшында, яғни, кесіліп тасталуы тиіс артық еттің арасында зәр қалады. Ол тазаланып тұрмаса, инфекциялық ауруларға душар етеді. Осыны жақсы түсінген қазақ, баланың шүмегіндегі зәрді сығып тастап отырған. Осылайша, біріншіден, жұқпалы аурудың алдын алса, екіншіден, зәр іш киімге тиіп, былғамауды қатты қадағалаған, – деді молда.

Бұдан кейін келер жылы мектептен сабақ алуға баратын Дидарды сүндетке отырғызуға дайындық басталып кетті. Қонақтардың жанына келген балақай қорқынышын жасырмай: “Ата қатты ауыртады ма, содан кейін еркек боламын ба?” деп жиналғандарды күлкіге қарық қылды. Бірақ ер екен, атасының “бұйрық” сөзінен кейін айрықша сабырлық танытып, молда алдына төселген ақ көрпеге жайғасты. Балабай молда Дидарды әңгімемен алаңдата отырып, алдын ала дайындығын пысықтап алды. Оң жағындағы көрпенің астына жасырған бәкісін алды да, әп сәтте шаруаны бітірді. Дидардың көзінен жас көлденең құлай берді. Оның жаны қиналып, жылағанына жүрегі елжіреген анасы теріс бұрылып, көзін шылай берді. Шөбересінің жанында отырған Бораш ақсақал кесеге толтырылған таза күлді сүндеттелген жеріне төңкеріп қойды. Маңдайынан иіскеді де, екі қолын қашықтан әкеліп түйістірді.

– Қол жайыңдар халайық, сүндетке арнап,
Құдай құлы Мұхаммед Үмбетке арнап.
Қырық парыздың біреуі осы дейді,
Исламда атқарар міндетке арнап.
Айың жарық, күндерің ашық болсын,
Пәлі-құла Қырық кез қашық болсын.
Жүрегіне Алладан нұр құйылып,
Өміріне жететін несіп болсын.
Бұл сүндет Әлми сақтан порым болған,
Бұл Жұмай ақ тілеумен орындалған.
Ғайып Ерен, Қырық Шілтен қорғап жүрсін,
Азамат бол, Қыдыр ата қолыңды алған. Әумин! – деп қос қолымен бетін сипады. Жиналғандар да “әумин” десіп, кезектесе ақсақалға құтты болсын айтты.

Бұл кезде Дидардың өкісік дыбысы ақырындап, ұйқыға кеткен еді. Бір-екі сағаттан кейін-ақ жүріп кетуге болатын, баланың денсаулығына зиянсыз рәсім дегенмен де, оның орындалу барысы шынашақтай балаға жеңіл тимеді. Ет желініп болғаннан кейін Бораш оны оятып алып, өзінің тәуір көретін кең көйлегін кигізді. Ал меймандар “әп бәрекелді”, “азамат болдың”, “жігіт екенсің” деген сияқты қошемет айтып, көрімдікке көмкеріп тастады. Ауылдағы апа-әжелер тәттілерін ұсынып, аға-жеңгелер ақша берді. Шешесі тігіп берген әмиянға ұқсас қалта бір мезетте томпайып шыға келді. Бұл әрине оның көңіл-күйін тіптен көтеріп жіберді. Екі аяғын адымдап, көше бетке шықты. Оны көрген көршілер, жолай өтіп бара жатқан адамдар бар, ескерусіз қалдырмады. Көрімдіктерін берді. Дидардың жанына ерген жүгірмектер тәттілерін қолқалап, оларға да бір бөлігін үлестірді. Келісім бойынша көрімдіктен дәм татқан бала да сүндетке отырғанда Дидармен бөлісуі тиіс.

“Тойдың болғанынан боладысы қызық” деген рас екен. Ертеңгі қонақасыға дайындалып, мал сойғалы отырған ағалар, бауырсақ пен тәтті тоқаштың әуресімен қазан маңын торуылдаған апа-жеңгелер, сақалдары самайынан төгіле кеңес құрған аузы дуалы ақсақалдар мен ескі әндерді жарыса айтқан әжелердің әрбірі сырттан қараған жанның көңілін жадыратып жібереді. Әбдірахманның келіншегі де таңертеңгі орынсыз сөзіне өкінетін секілді, атасын жағалай жайғасқан меймандарға қайта-қайта барып, қалауларын сұрайды. Әлі салқындап үлгермеген шайды зыр жүгіріп, жаңартып береді. Ұлының жігіт болып, келер жылы мектепке баратынына мәз. Әке-шешеге баласының жаңа белесті бағындырғанынан асқан жетістік жоқ шығар, сірә.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
14 тамыз 2019 ж. 2 268 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 60

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930