Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Аманбай ахун – ел ардақтысы

Аманбай ахун – ел ардақтысы

Кешегі социалистік жүйе үстемдік еткен жылдары коммунистік идеология материализмді (құдайсыздықты) кеңінен насихаттады. Халықтың бетке тұтар талай зиялылары мен дін жолында жүрген азаматтардың жолы кесіліп, қуғын-сүргінге ұшыратылды. Сондай қысталаң қыспағын көріп, нәубет тақсыретін тартқандардың бірі, Қазалы өңірінде ислам ілімін таратушы, белгілі діндар – Мырзабекұлы Аманбай ахун.

Аманбай 1858 жылы Сырдария өзенінің бойындағы «Әлсейіт» ушаскесінің оңтүстік беткейінде дүниеге келген. Шыққан тегі – Кішкененің Асан аталығы. Оның Қожамберлісінің Райы.

Аманбай тоғыз жасқа келгенде әкесі мен шешесі өмірден озады. Айтуған ағасының үйін паналап, қамқорлығы мен тәрбиесін көреді. Өмірге деген құштарлығы айрықша, зерделі де зерек өрен үй шаруасынан қолы қалт еткенде Қазалы қаласында ашылған патшалық Ресей мектебінде алты айдай оқып, білім алады. Інісінің бойындағы талап пен талпынысты байқаған ағасы «Сен келешекте көкірегің ояу, білімдар болғың келсе мұсылманша оқы. Ежелгі ата-бабалар жолын ұстанып, ұрпақ тәрбиесін дамытуға атсалысамын десең талабың оң болсын!» – деген ниетін білдіреді.

Бойын зор мақсат билеген он екі жасар балаң жігіт шығыстың атағы жер жарған сәулетті шаһары – Бұхараға аттанады. Үкілеген үміт оты жанып, осындағы медреседе бес жыл оқиды. Діни білімі жөнінде шатырхат алып, кіндік қаны тамған туған жер төсіне қайтып оралады. Ұзамай бұл жақсы жаңалықты дарияның батыс бетіндегі ағайындар естіп: «Аманбай саған мешіт салып береміз. Біздің ортамызға кел. Халыққа мұсылманша білім бер, олардың санасын оят!», – деп қолқа салады. Сөйтіп ауылы аралас ағайынның талап-тілегі мен ыстық ықыласын қабылдаған ол Исламды, Құранды, шариғатты көпшілік арасында таратушы білімдар дін өкілі ретінде танылды. Адамдарды имандылық, әділдік, адалдық, тазалық, адамгершілік пен қайырымдылыққа шақырды. Ізат, Сахи, Аман, Шарапат, Әбдірауып, Дабыл, Сқақ, Сәли, Балтабай, Төремұрат, Әбдірейім, Тоққожа, Нағыман, Төлебай, тағы басқа да көптеген елге танымал молдаларды тәрбиелеп, мұсылман дінінің берік орнығып, нығая түсуіне ұйытқы болды. Жоқ-жұқа, жетім-жесір жандарға аялы алақанын созып, қамқорлық танытты. Ахундық дәрежеге көтеріліп, исламның білікті ағартушылары қатарынан орын алды.

Қазақстан басшылығына партияның қанқұйлы жендеті Ф.И.Голощекин келген тұстары Боташ баласы Сухамберлі болыс салдырған мешітте имамдық етіп, дүйім жұртты мұсылманшылық қағидаларын танып-білуге уағыздап жүрген Аманбай ахун қуғын-сүргінге ұшырайды. Алланың үйі – мешітке келушілерге қатаң тиым орнатылып, есігіне қара құлып салынады.

Діндар кісі «халық жауы» деп жазықсыз жазаланып, Қазалы түрмесіне жабылады. Дін білімінің талантты өкілі Аманбай ахун атаның кейбір кереметтері түрме күзетшілерін таңқалдырып, көңілдеріне үрей ұялатады.
Ол кісі бес мезгіл намазын оқыр алдында абақты есігіндегі құлып өздігінен ашылып кетеді. Сәждеге бас қойып, мұсылмандық парызын өтеп бөлмесіне кірісімен, қайта құлыпталып қалады. Бұл таңғаларлық жайт кейін түрме басшыларының құлағына жетіп, ешкімге артық ауыз сөз айтпайтын тақуа жанға жанашыр пейіл танытады. Облыс орталығынан арнайы шақырумен келген ұлттық қауіпсіздік мекемесінің офицері, башқұрт жігіті ахунмен жылы тіл табысады. Күзет басшыларына қажетті құжаттарын дайындаттырып, абақтыдан босап шығуына көмектеседі.

Мешіт ұстап, ислам дінінің жұртшылық арасында таралуына белсене араласып, белгілі имамиад өкілдерінің қатарында есімі тілге оралатын Аманбай ахун 1942 жылдың желтоқсанында фәни дүниеден озды. Оның сүйегі ақ жауып, аруланып дария жағасындағы «Иланды» қорымына қойылды.

Біз бұдан бірнеше жыл бұрын әруақты, текті бабаның өмір жолын зерттеу барысында ол туралы кейбір ел аузында жүрген әңгімелер мен тың деректерді жинақтадық. Көпті көрген көнекөз қариялармен ашық әңгімелесудің орайын келтірдік.
Сол жолы Бекарыстан би ауылында тұрған, сексеннің сеңгіріндегі Әмзе Смағұлов:
– Оң-солымды тани бастаған 12-13-дегі ойын баласы едім. Ахун атаның көзін көрдім. Ол шағын шымыр денелі, ақ сары өңді, жарасымды сақалы бар қария-тын. Ел жұрт оған ерекше құрметпен қарады.
Әкем Смағұл Алдақияров 1936-1941 жылдары колхозда ферма меңгерушісі болғанда мешіттің іргесін қоныстандық. Сонда бізбен түйедей құрдас бір қыз байқамай мешіттің орнына шығып ойнап, бет-аузы қисайып кеткенін көрдік. Кейін Шөмішкөл ауылындағы Шернияз молдадан көп уақыт ем-дом алып, жазылып шықты. Сол ескі мешіттің орнын әруақты бабадан қалған тәбәріктей көріп, айрықша қастер тұтамыз. Ауыл тұрғындары ұйымдасып, өз күшімізбен айналасын темір шартақпен қоршап, мал аяғы баспайтындай етіп қойдық,– деп жүрегінде сақталған сырды жеткізген еді.

– Мен жас кезімде Сухамберлі болысқа көп жыл атқосшылық жасаған туыс ағамыз Бекет баласы Қияшаның әңгімелерін көп тыңдадым,– деген болатын Жақсылық Спандияров. – Солардың айтуы бойынша, Аманбай ахун қызмет істеген мешіт шамамен 1899 жылдары салынған. Оған Боташ баласы Сухамберлі бастамашы болса, Кенжебай тегі Қосуақ, Есқара, Ербоз, Боранбай ишан, Бекбасар, Бекболат, Тілеуберген, Меңдіқара, Сүлеймен, Асқар молда, Жақып молда, Әбдіхалық қария сияқты көптеген азаматтар қолдау көрсеткен.
Диін Бөлекбаев:
– Ертеректе осы ауылда Қожамберлі руының Мешітбай деген ақсақалы өмір сүрді. Сол кісі әкем Бекболат өзі егіп, өсірген талдарынан мешітті жөндеуге ағаш беріп, Аманбай ахуннан бата алады. Мен содан кейін өмірге келіп, Мешітбай атаныппын деп отыратын жарықтық,– деген естелігін айтты.

– Мешіт жабылып, жұмыс істеуін тоқтатқаннан кейін 1934-1935 жылдары балаларға білім беретін мектеп болды, – дейді тоқсанның бел ортасына жеткен Қабақ Смағұлов қария. – Біз сол жерде Жәлкен Қонақбаев, Махамбет Қылышбаев атты мұғалімдерден сабақ оқыдық. 1936 жылдан бастап мешітке көңіл бөлінбей, мал ұстайтын қой қораға айналды. Сөйтіп Кеңес үкіметі киелі шаңырақтың қадірі мен қасиетін әбден қашырды.
Осындай тұжырым пен пайымды пікірден Аманбай ахунның ерекше текті, киелі, аузы дуалы, асыл адам болғанын аңғардық. Кешегі тоталитарлық жүйе кезіндегі «Дін – апиын» деген атеистік теріс ұғымның сол жылдардағы алдыңғы буын – ағалар мен соңғы толқын – жастарды жаппай имандылық ізінен алшақтатып, санасын улай түскенін сезіндік.
Аманбай ахунның Әлима атты қызы, Қайрулла, Нуфтулла есімді ұлдары болған. Қайрулладан – Мінажадин, Тәжадин, Мұхиядин, Әлида, Нуфтулладан – Ләзиза, Зинадин, Сыражадин, Сәлима, Әлимадан – Әбіләкім, Райхан деген ұл-қыз тарайды. Қазірде бұлардан өрбіген ұрпақтың әрқайсысы өз алдына бір-бір шаңырақ құрып, үрім-бұтақтарын жайып отыр.

– Аманбай атаның екі ұлы – Қайрулла мен Нуфтулла Ұлы Отан соғысына қатысып, елге аман-сау оралды. Қайрулла 1976, Нуфтулла 1952 жылы өмірден өткен. Әкемнің ағасы Қайрулла шаруашылықта көп жыл егіс бригадирі болып істеді. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін молдалықты ұстанды. Ауылдастары құрметпен мақсым атайтын. Ол «Құранды жас күнімде әкемнен үйрендім» деп айтатын. Нуфтулла әкем соғыстан кейін мектепте мұғалімдікпен айналысып, ұрпақ тәрбиелеуге араласты.

Қашан да – жақсының аты өшпейді. Мен алпысыншы жылдардың ортасында Кеңес армиясы қатарында азаматтық борышымды өтеп жүргенімде Қарақалпақстан елінен «Кезінде ағамнан дәріс алып едім» деп бір інісі Аманбай атаны әдейі іздеп келіп кетіпті. Қазір осындай атамыздың шәкірті атанған азаматтардың да қатары азая бастады.
Бүгінгі ұрпақтың уақытында атамыздың халық игілігі үшін еткен еңбегін елеп, оның атына мешіт атауын бергеніне мың да бір рахмет. Бәрімізді әруақты баба рухы желеп-жебеп жүрсін! – деп ағынан жарылды бізбен кездесуінде Аманбай ахунның немересі, Жанқожа батыр ауылының тұрғыны Зинадин Нуфтуллаев.

Тәуелсіз ел атанып, көк байрағымыз көкке көтерілгелі бері өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріле бастады. 1992 жылы ауылдағы соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Қали Мәкеновтің бастамасымен Бекарыстан би ауылы орталығындағы ескі балалар бақшасының бір бөлмесі мешіт болып ашылды. Бас молдалыққа Төлебай Кәленов сайланып, мешітке Аманбай ахун атын беру жөнінде ұйғарым жасалды. Осылайша белгілі діндардың рухы тіріліп, елдің ортасына қайта оралды. Бір жылдан соң аудандық тұтынушылар одағының төрағасы Кәримолла Тәжмағанбетов мекеме есебінде тұрған тігін цехы ғимаратын кооперация жарнашылары жиналысының шешімімен мешіт үйіне бергізді.

Ауыл мешіті содан бері көпшілікті имандылыққа шақыратын қадірлі мекенжайға айналды. Өткен жылдар аралығында қастерлі орында Молдабек Жұмағалиев, Бақыт Нұржанов, Болат Зейнуллин бас молдалық атқарып, жамағатты мұсылманшылыққа үндеу жолында үлгілі жұмыстар атқарды. 2008 жылдың мамыр айынан бері «Аманбай ахун» мешітіне Ерболат Қалиев бас молдалық етіп келеді.
Бұрынғы тігін цехы ішіне орналасқан мешіттің материалдық жағдайының төмендігі тұрғындарды көп алаңдататты. Бұл мұқтаждықты көріп-біліп жүрген осы ауылдың төл перзенті, Байқоңыр қаласында тұратын кәсіпкер Базарбай Нағыманов жаңа мешіт құрылысын салуға бел буды. 2007 жылдың көктемінде «Аманбай ахун» атындағы қоғамдық қор құрып, қалың жұртты ізгілікті шараны қолдауға шақырды.
Көз – қорқақ, қол – батыр. Ойға алған жұмыс сәтті басталып, оның іргетасы қаланды. Ұтымды ұйымдастырушылық пен тынымсыз еңбектің арқасында кең де, сәулетті, күмбезді мешіт құрылысы жылға жуық уақыт ішінде жедел бой көтеріп, көптің пайдалануына берілді. 2008 жылдың 23-24 тамызы күндері Бекарыстан би ауылында Аманбай ахун бабаға ас беріліп, жаңа мешіттің ашылу салтанаты өткізілді.

«Ескі көздер бара жатыр азайып,
(Олар жайлы ойламаудың өзі айып).
Ей тірілер,
Соларды бір еске алып,
Тебіренейік, толғанайық, жазайық!» – деп заманымыздың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев жырлағандай ұлтымыздың текті ұлы Аманбай ахун баба жайлы қалам тербей отырып, артық-кем кетіп жатсақ оқырман қауымнан кешірім өтінеміз. Сонымен бірге ата өмірі мен ісіне тереңірек үңілуді болашақта өскелең ұрпақтың жадынан шығарып алмауларын еске саламыз.

Сахи ҚАПАР,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

14 тамыз 2019 ж. 1 724 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 61

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930