Тарихы терең өткел
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқан тұста өткен тарихымыздың беймәлім қырларын бүгінгі ұрпаққа жеткізу – бұлжымас борыш.
Мәселен, мен туып-өскен Бекарыстан би ауылының өзінде көптеген тарихи орындар бар. Қазіргі таңда Сырдария өзенінің бұрынғы «Әлсейіт қайығы» аталып кеткен жерден үлкен көпірдің құрылысы жүріп жатыр. Ал, Әлсейіттің кім екендігінен көпшіліктің біразы хабарсыз.
«Жерімнің аты – елімнің хаты» демекші, ұлы бабалар Әлсейіт пен Мәнәйыт өз заманының бетке ұстар батырлары, әрі әулетіне дәулеті сай азаматтар болған. Ел ішінде аса жауапты істер тындырып, ру арасындағы жер дауы жесір дауына да араласып, бедел жинаған от ауызды, шешен тілді Әлсейітті замандастары айрықша ардақ тұтқан. Сол кездері көшпелілік пен отырықшылық түйісіп, қазақтың тұрмыстық жағдайында біршама өзгерістер пайда болған.
Сондай айтулы аумақ қалың Асан қоныстанған Сырдарияның арғы беті мен бергі беті еді. Сырдарияның қос жағалауының табиғаты айрықша, сулы да, нулы жер. Қазіргі Жанқожа батыр ауылының үстімен жүретін ескі жолмен төтелеп тартса Қазалы қаласы да аса қашық емес.
Халық аузындағы аңызға сүйенсек, сонау жылдары қыс қатты әрі ұзаққа созылып, көктемгі жаңбырға ұласқан. Сырдария арнасынан асып, дарияны жағалай қоныстанған Қожамберлі ауылын түгелдей су шайып кеткен. Сұлутамға (қазір Әйтеке би кенті) қатынас тек қысты күні ғана мұз үстімен жаяулап, шанамен жүргізілген. Көктем мен күз мезгілінде «абыржыға» қалып, жолаушылаған жандардың дариядан арлы-берлі өтуі біраз ауыртпашылық әкеледі.
«Жақсыдан – шарапат» деген. Халықты бұл қиындықтан Әлсейіт құтқарады. Ол арнайы қайық соқтырып, жол жүрген адамдарды өзеннен өткізуді ұйымдастырады. Сол жер ел алғысына бөленген азаматтың есімімен кейін «Әлсейіт қайығы» аталып кетеді. Бұл аумақты тұрғындар әлі күнге қасиет тұтады.
Бүгіндері осы «Әлсейіт қайығы» бойында заманауи талапқа сай жабдықталған ауқымды көпірдің құрылыс жұмысы аяқталып, халық игілігіне берілетін күн де қашық емес.
Ендігі біздің тілегіміз сол көпір болашақта Әлсейіт бабаның есімімен аталса дейміз. Бұл өмірден өткен әруақтарға құрмет және ел, жер тарихын сақтаудың шынайы белгісі болар еді.
Базарбай НАҒЫМАНОВ,
еңбек ардагері
еңбек ардагері