Қасіретті кезең құрбаны
Бізбен жолыққан Әйтеке би кентінің тұрғыны, «Аманбай ахун» түнеуханасының шырақшысы Жеткербай Әбдіров: «Арғы атам Аман деген кісі қуғын-сүргін жылдарында жазықсыз жапа шеккен жандардың бірі. Ол кісінің діндарлығы туралы әкем Қонысбай жиі айтушы еді. Қазір дария бойындағы «Иланды қорымында» оның атылған жерінен әкелінген топырағы басына қойылған ескерткіш-белгі бар. Мен жолым түсіп барған сайын рухына дұға бағыштап, тәу етіп тұрамын», – дей келе жиған-терген деректерін ұсынды. Барлығын байыппен зерделей отырып, қасіретті кезең құрбанына айналған аяулы азамат туралы көңілге бір үзік сыр түйдік.
Аман Сырдария өзені жағалауындағы «Досбай» учаскесінде 1872 жылы туған. Елгезек те, алғыр шынашақтай бала оң-солын танысымен мешіт босағасынан аттайды. Имандылық үйіндегі Тоқмырза, Аманбай ахундардан дәріс алып, ислам ілімін меңгеруге ден қояды. Кейін ұстаздарының жолын қуып, жас өскіндерге діни тәрбие береді. Бұл салада сауаттылығы және іскерлігімен көзге түсіп, ел-жұртқа танылады.
«Адамның басы – Алланың добы» дегендей, сондай күндердің бірінде тірлік қамымен жүрген оның көңіліне кірбің ұялайды. 1935 жылы асыра сілтеушілік саясаттың әсерімен дін уағыздаушылар тізіміне алынып, қудалауға ұшырайды.
Суыт хабарды естісімен інісі Нәжім сақтық жасап, ағасының кітаптары мен дүниелерін түнемелік өзен жағасындағы «Иланды қорымына» жасырып үлгереді. Басына төнген қауіптен бас сауғалап, отбасымен Арал ауданының «Аманөткел» елді мекеніне көшеді.
«Ер туған жеріне» деген. Арада бір жыл уақыт өткенде өсіп-өнген ортасына оралып, ағайын-туыспен сағына қауышады. Алайда жүрекке шаттық сыйлаған қуаныш ұзаққа бармайды. Бір айналдырған кесір, шыр айналдырып 1938 жылы «Халық жауы» ретінде абақтыға жабылады. Ақырында халықты имандылық пен ізгілік жолына үндеймін деп жүрген есіл ер Қарауылтөбедегі «Тайшы» құмында 56 жасында атылып, опат болады.
Әңгіме арасында Жеткербайға «Атаңыздың қорым басына көмілген құнды дүниелерінің жай-күйі жайында не білесің? Оны іздестіру жұмыстарын жүргіздіңдер ме?» деген сауалымызды қойдық. Салмақты тіл қатқан ол:
– Ел тәуелсіздікке қол жеткізіп, мұсылмандық дін жолға түсе бастаған кезеңде аяулы атамыздың құпия сақталған діни оқулықтарын немере інілерінің бірі Каримолла Тәжмағанбетов тауып, Қазалы қаласындағы «Нұралы» мешітінде Түркиядан келіп қызмет істеген Алдақияр молдаға береді. Сөйтіп ескі заманнан жеткен кітап бүгінгі ұрпақтың кәдесіне жарады.
Аққа – Құдай жақ. Қазақстан Республикасының 1993 жылғы «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбанын ақтау туралы» заң талаптарына сай репрессия құрбаны Аман Үмбетов атамыз да бүгінде толықтай ақталғандар қатарында, – деді.
Ұлт тағдыры жолында тар жол тайғақ кешуден өтіп, өз өмірін сарп еткен асыл боздақтар есімі ешқашан өшпейді.
Сахи БАХИҰЛЫ