Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ауыл күні аталып өтті

Ауыл күні аталып өтті

Ауыл – исі қазақтың қарашаңырағы, түп-тамыры. Береке мен бірліктің нышанына баланатын елді мекендегі еңселі істер ескеріліп, туған жерге тағзым ету үшін төл перзенттердің бас қосқаны қандай көрікті көрініс... Осы мақсатта игіліктің тұрағына айналған Қожабақы ауылында жақында ауыл жастарының бастамасымен «Ауылым – алтын бесігім» атты іс-шара ұйымдастырылды.

Ауыл күні осы мекеннен шыққан композитор Кемеңгер Өтеп ұйымдастырған гала концертпен шымылдығын ашты. Шарада сөз алған ауыл әкімі Әбілғазы Томаев Қожабақы халқын қуанышты сәтпен құттықтап, оның өткізілуіне атсалысқан азаматтарға тұрғындар атынан ризашылығын білдірді. Олардың қатарында қаржылай көмек қолын созған жеке кәсіпкер Ақтан Ембергенов, «Агро Өркен» ЖШС басшысы Нұркен Әлиевтер бар.
Думан келер күні «Ауылым – алтын бесігім» атты шарамен жалғасын тапты. Онда ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілек Махамашов ақ батасын берсе, қожабақылықтар атынан Орынбай Жолдыбай сөз алып, алғысын жеткізді.
Жас айтыскер ақын Тоқтар Аман¬кел¬діұлының арнауы көпшілікті тәнті етті. Шараны өткізуге белсене атсалысқан Әлімхан Сүндетовке Алғыс хат табысталып, шапан жабылып, құрмет көрсетілді.
Түс ауа бастауын алған спорттық сындар қонақтар мен ауыл жұртының делебесін қоздырды.
«Батпан көтеру» сайысына 1969 жылғы марқұм болған құрбы-құрдастары атынан сол жылғы азаматтар жүлде тіксе, 1972 жылғы ауылдықтар өздерінің мекеп бітіргеніне 30 жыл толуына бағытталған жүлдені арқан тартысына берді. Мектеп бітіргендеріне жиырма жыл толған 1982 жылғылар өз қаражаттары есебінен ат шабатын орынға сахна жасақтаса, он жылдық иелері – 1992 жылғы жастар аға буынның ізгі жолын жалғап, «Қол күрес» ұлттық ойынына демеушілік жасады. Сондай-ақ 1974, 1984 жылы туылған түлектер «Жаяу жарыс» және «Мойын арқан» ұлттық ойындарының өтуіне ұйытқы болды.
«Батпан көтеру» сайысында жүзден жүйрік танылған Тасарық ауылының спортшысы Заманбек Бекқожа бірінші орын алса, екінші орын бекарыстанбилік батпаншы Дәулет Тілеубергенге бұйырды, үшінші орынды Қожабақы ауылының спортшысы Алмат Есенаманов місе тұтты.
«Арқан тарту» сайысында алдыңғы жүлделерді қос бірдей алаң иелері «Қожабақы-1», «Қожабақы-2» командалары өзара бөлісті. Ал Бекарыстан би ауылынан келген жастар үшінші орына ие болды.
Күш сынасып, білек бәсекесін қыздырған қол күресшілер сынында бірінші орынға Ақтан батыр ауылының азаматы Әділет Өмірбек лайық деп танылса, екінші, үшінші орындарды Тасарық ауылының тумасы Мұхтар Ізімғали, Қожабақы ауылының үмітартары Бақыт Мырзабеков жеңіп алды.
Шашасына шаң жұқпаған желаяқтар қатысқан «Жаяу жарыста» алаң иелері, қожабақылық оғландар Нұрлыбек Қазыбек, Жайнар Әмірханұлы, Мақсат Темірбай ешкімге дес бермеді.
«Мойын арқан» сайысында алғашқы қос орынды Қожахмет Асаубаев пен Бақыт Мырзабеков есімді қожабақылықтар қанжығаласа, үшінші орын Бірлік ауылының намысын қорғаған Тұрар Мұратбаевқа бұйырды.
Ұлттық ойын аяқталған соң ауылдағы «Ділімбет ишан» мешітінде қонақасы дастарқаны жайылып, марқұмдар рухына құран бағышталды.
Мұнан соң келушілер жекелеген азаматтар атынан жүлде мен бағалы сыйлықтар тігілген «Аламан» «Құнан» «Тай» бәйгесін тамашалады. Қылқұйрықтылар аламанында Аранды, Тасарық, Қожабақы, Ү.Түктібаев, Абай, Кәукей, Бөзкөл ауылдарынан келген шабандоздар топ жарып, қара үзді.
Осылайша тойланғанына үш жыл болса да, биыл алғаш рет кең көлемде аталып өткен ауыл күнінен көпшілік қимастықпен тарқасты.
Дінислам НӘШЕНОВ

03 мамыр 2019 ж. 2 143 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930