Астарлы “Алма ағашы”
Өткен аптада Р.Бағланова атындағы мәдениет орталығында Әлімбек Оразбековтің «Бір түп алма ағашы» спектаклі сахналанды. Өмірдің өзінен алынған шығарманы жерлесіміз, жас режиссер Ақтөре Оразалы қойды.
Қойылымды өмірден алынған деуімізге негіз жоқ емес. Бұл тіршіліктің түрлі қиындықтарына қарамастан, әрбір саналы адам қоғамдағы, отбасындағы өзінің рөлін ұмытпауы тиіс деген игіліктен туған дүние екені анық. Көңілді мұңға бөлейтін көріністер, ағайындар арасындағы алауыздық, жалпы алғанда тұрмыстың боямасыз шындығы патша көңілді көрерменді айрықша сезімге бөледі. Сондықтан болар оған назар аударған көрермендер көздеріне жас алды. Шытырман оқиғалы туындыны шынайы бейнелеген Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрының өнер майталмандарына көпшілік зор ықыласпен қол соғып, қошемет көрсетті.
Әркім ата-анасын ұмытпасын, бауырмал болсын, отбасы мейірімінен ажырамасын деген тұжырымды ұстанған спектакльді №170 мектептің мұғалімдері мен оқушылары, олардың ата-аналары тамашалады. Игілікті іске жақында ғана аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы болып келген Болат Жолтаев мұрындық болды. “Бір мектеп – бір спектакль” деген жоба аясында өткен шараны бірігіп өткізуге білім ордасының директоры Нұрлан Имашев бастаған ұжым қызу қолдау білдірді.
Шындығын айтқанда бұл күні мәдениет орталығында ине шаншар орын болмады. Тіпті қосымша орындықта отырғандар да кездесті. Біз балалармен бірге спектакльді тамашалауға келген көрерменнің бірін әңгімеге тарттық. Өзін №170 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Анар Күрлен деп таныстырған ол көкейіндегі пікірін ақтарыла жеткізді.
– Біздің мектепке аталған шараға байланысты ұсыныс түскенде бірауыздан қолдадық. Себебі, мұндай мүмкіндік күнде туа бермейтіні белгілі. Сондықтан болар барлық билет әп-сәтте өтіп кетті. Ал, қойылымның өзіне келер болсақ, айтарға сөзім жоқ. Тамаша әсер алдық. Балаларға да ерекше ұнады. Әртістердің өнеріне сүйсінгеннен болар олар бір сәт көздеріне жас алса, бір уақ риясыз күлкіге кенелді. Мұндай қойылымдар алдағы уақытта жалғасын тауып жатса, міндетті түрде тағы да қатысатын боламыз, – деді.
Спектакль аяқталған соң театр актері, “Серпер” сыйлығының иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Бақытбек Темірбеков ризашылығын білдіріп, №170 мектептің директоры Н.Имашевқа Н.Бекежанов атындағы драма театр директорының Алғыс хатын табыстады.
Жеңісбек СОВЕТҰЛЫ