Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Көкпар тартқан "кемпір"

Көкпар тартқан "кемпір"

Біз – екі мыңжылдықтың әрі екі бірдей жүйенің куәсіміз. Біз ақсақалдар мектебін көріп, тектеумен өстік. Ал мектеп бізге жауапкершіліктің не екенін ұғындырды. Қалай десек те, шыншыл, адал, еңбекқор болуды ата-анамыз санаға мықтап сіңірді. Әскерге кеткенге дейін ауылда болдым.
Ең үлкен жеңгемнің Сағат атты ағасы қойшы еді. Сол кісіге көмекші болдым. Мені ерекше жақсы көргені сондай, әлгі ағам ешкімге мінгізе қоймайтын Ақтанау дейтін жүйрігін маған ғана беретін. Ойнақшыған сұлу атқа ер салып, кең далада көсіле шауып, желмен жарысқан жас шағымда үлкен театрдың актері атанам, өзім «Қыз Жібектен» көріп тамсанған Құман ағам, Меруерт апаммен бір саxнада жүрем, әріптес болам деп ойлаппын ба...
Ән салғанды жақсы көретінмін. Менің туған жерімнің табиғаты ғажап қой, шіркін! Үйден шығарда ертеңгілікте ішетін шайға қойдың майы мен нанды турап салып соғып алатын едік, солай кешке дейін тоқ жүретінбіз. Бүгінде ғой, өзгенікін жеңсік ас санап, өзімізде бардың қадіріне жете алмай қалғанымыз...
Қойымды алдыға салып күнұзақ тау-тасты жаңғыртып, ән айтатын едім. Ол аз болса, қара даланың төсінде жау да – өзіммін, батыр да – өзіммін, біресе – Төлеген, біресе – Бекежан болып қиялдың жетегінде жүріп, жайылған қойларыма өнер көрсетуден жалықпайтынмын. Бәйге атын сонша қинадың демей, жүйрігін тақымыма қиған сол ағамның «өнер» атты тұяғы жер тарпыған сәйгүлікке мініп Жер әлемді шарласа, атынан аударылып түсіп, ұятқа қалмасын дегені шығар, бәлкім! Қанша дегенмен құлынын баптап тұлпар шығарған қазақтың баласымыз ғой...
Біздің алдымыздағы ағалар да, кейінгі інілер де әскер қатарында болуды өздеріне ұлы міндет санады. Мен де соның бірі болатынмын. Орысша мүлде білмейтін, ауылынан ұзап шықпаған бозбаланы екі немесе үш жылға әскерге жіберген шешелеріміздің ұлдарын сағынып, талай рет көрсетпей көз жасын көлдеткендері біздің буынның жігіттеріне белгілі. Әскери міндетті атқарып елге келген соң да ешкімге айтпаған арманымның жетегінде жүрдім. Бірақ осындай әдемі қиялдан гөрі «актер болатын адамда түр болуы керек, менің фактурам келмейді» деген күдік көңілімді билеп алды. Кеңестік кезеңде жұмыс істемеген адамды учаскелік милиционерлер жазаға тартатынын айтып қорқытатын еді. Қайта қой бағатын ниетімді анам аса ұнатпады, тіпті бұл ойымды құптамады да...
Ол заманда барлық ауылда клубтар бар еді, «Қызыл отаудың» жұмысы дүркіреп тұрған кез. Қазір ғой төбелерінде туы болғанымен терезесінде буы жоқ қаңырап бос тұратын мәдени ошақтарының толып жатқаны...
Біздің ауылдың өнерпаздары әрдайым тек алдыңғы орыннан көрінетін. Менің ән салатыным жерлестеріме белгілі болған соң ауданда өткізілетін мәдени шаралардан қалмай қатысатынмын. Ән де айтам, көрерменді әзілге де қарық қылам. Ол уақытта xалықтық бақылаушы деген қызметтер болды, аудан орталығында сондай жұмыста істейтін ағамнан мендей «өнерпаз» інісі барын білген ауданның бірінші секретарі сол ағам арқылы аудандық Мәдениет үйіне жұмысқа алдырады. Ағам менің қиқаңдағаныма қараған да жоқ. Айтқанына көнбесем өзінің жұмыстан айырылатынын айтып қорқытқанына сеніппін. Оны кейін білдім ғой. Мәдениет үйіне жұмысқа орналасқаннан-ақ дүрмекке ілестім де кеттім.
Бірде Шопандар слетіне қатысуымыз керек болды. Төрт ауданның – Нарынқол, Кеген, Ұйғыр, Еңбекшіқазақ ауданының өнерпаздары атақты Шәлкөде жайлауына жиналдық. Шопандардың тойы көкпарсыз, ән-күйсіз өтуші ме еді... Көп шопанның бірінің киіз үйіндемін. Үй иесі дастарқанды жасап, бәрін дайындап кеткен екен. Ұйқымнан оянғанда көзім керегеде ілулі тұрған кимешек пен камзолға түсті. Кемпір-шалдың дауысын салып айналамды азан-қазан қылып жүрген кезім. «Саxналық ойынға киермін» деп салып әкелген әйелдің көйлек-көншегі өзімде де бар. Жаюлы тұрған дастарқан басында шайымды ішіп отырғанда да әлгі кимешек көңілімді аудара берді. Не түлен түрткенін кім білсін, айналама қызық көрсеткім келді ме, ойланбай-ақ әдемілеп тұрып кимешекті кемпір болып киіндім. Есіктің алдында ерттеулі тұрған қойшының атын мініп, сол кейпіммен тойды бетке алдым. Көзім анадайдағы көкпаршыларға түсті. Далаңдап әлгілерге қарай шаба жөнелгенім сол, көйлектің етегі желп-желп етіп, көкпаршыларды былай қойып, басқа жұрттың назарын аудартсын. О заманда бұ заман көкпарға шапқан кемпірді қай қазақ көрген? Алдына лақты өңгерген көкпаршыларға етегім желпілдеген күйі шауып бара жатырмын. Үн-түнсіз шапсам бір жөн ғой: «Қасиетіңессейін, әкел андағы лақты! Бер маған!» – деп кемпірдің дауысымен ойбайды салып бұзып-жарып көкпаршылардың ортасына бір-ақ кірдім. Көкпаршының жақ ашуға шамасы келмей ұстата салған лағын алдыма өңгерген күйі алды-артыма қарамай құйындаттым дейсің. Ел аң-таң! Көкпаршыларда өң-түс жоқ, ертегідегі ойда-жоқта пайда болатын жалмауыз кемпірдей етегі желпілдеген күйі құйындатып кеп көкпарын тартып алған кимешекті «кемпірге» бірдеңе деуге шама қайда? Тойға жиналған сол кездің атқамінерлері бар, топталған көпшілік бар, өз ауылымның адамдары бар, солар танып қоймасын деген оймен қалың жұртқа жақындамай, көз алдарында не болғанын түсінбей оңашалау тұрған екі-үш жігіттің алдына лағымды тастай бере: «Ұйғыр ауданының бірінші секретаріне атадым», – дедім де шаба жөнелдім. Қайта киіз үйге оралып кимешекті орнына қойып өз жөніммен түк болмағандай әріптестеріме қосылдым. Ешкімге ештеңе айтпадым.
«Ой, Бекжан, сен қызықты көрмей қалдың, бір кемпір көкпаршылардың лағын жұлып әкетті ғой».
«Кемпір болса да қайратты екен, қай жақтың кемпірі болды екен», – деп көргендер біраз даурығысып, сол күні «көкпаршы кемпір» елдің аузында жүрді. Миығымнан күліп қоям, қайдағы тартып алған, етегі желмен желпілдеп жағы тынбаған күйі: «Берде-бер! Әкел бері!» – деп келе жатқан кимешекті кемпірдің қолына көкпаршының өңгерген лағын сөзге келмей еш қарсылықсыз өзі ұстата салғанын қайдан білсін жиылған ел...
Мына бір кимешекті көргенде сол оқиға қазір болғандай көз алдымнан жүріп өтті. Соны көріп куә болғандар әлі де ұмытпапты. Соның бірі – әріптесім Бауыржан Қаптағайдың бауыры Айыпжан аға. Бұл да менің өмірімнің езу тартқызып, жүрегіме жылылық сыйлайтын сәулелі сәтінің бірі еді.
01 сәуір 2019 ж. 1 504 0

Баба рухы ардақталды

10 қазан 2024 ж. 50

Талғардағы трагедия

10 қазан 2024 ж. 62

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031