15-19 қыркүйек күндері «Almaty Film Festival» шымылдығын түреді
15-19 қыркүйек аралығында бірінші халықаралық «Almaty Film Festival» шымылдығын түреді. Бағдарламада Қазақстан, Франция, Ресей, АҚШ және басқа да елдердің 10 картинасы ұсынылатын болады. Жеңімпаздар «Гран-при», «Үздік режиссер», «Үздік актер», «Үздік актриса» және «қазылар алқасының Арнайы жүлдесі» номинациялары бойынша анықталады. Ұсынылған жұмыстарды белгілі өнер қайраткерлері бағалайтын болады. Олардың қатарында актриса Настасья Кински, француз продюсері Марк Рускар және Пьер Спенглер де бар. Ал конкурстан тыс бағдарламаға 21 фильм ұсынылған. Оның үздіктерін ЮНЕСКО өкілдері таңдайды. Сонымен қатар балалар киносына да ерекше назар аударылған. Бұл секцияны атақты «Арыстан патша» мультфильмі ашады. Айта кетейік, «Almaty Film Festival» байқауына осы картинаның режиссері Роберт Минкофф те келеді.
Ақан Сатаев, ALMATY FILM FESTIVAL» Президенті:
- Шығармашылық деңгейде қарасақ, біздің фестивальдің басты мақсаты мәдениеттердің тоғысуы деп айтуға болады. Біз халықаралық жоба арқылы шетелдік әріптестерімізді Алматы мен Алматы облысының аумағында бірлесіп кино түсіруге тартқымыз келеді. Бұл бірінші кезекте жекеменшік киноға үлкен қолдау болар еді. Сондай-ақ, халықаралық деңгейге шығуға, отандық киноиндустрияны дамытуға үлкен мүмкіндік.