Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Текті жырдың төресі

Текті жырдың төресі

Елбасы: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Жаңа жаңғыру ең алдымен тарихи тәжірибе мен дәстүрімізге менсінбей қарау емес. Бұл – халықтың өткенін, қазіргісін және болашақ көкжиегін жалғайтын платформа. Өз өлкеңнің тарихын білу және мақтан ету – қажетті және пайдалы іс» дейді. Шындығында, біздің ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-байтақ еліміздің әр аймағы мен өңірлерінде танып білуге, мақтан етуге болашақ ұрпақтың игілігіне жарату үшін ұлықтауға тұратын тарихи тұлғалар да, киелі мекендер де аз емес.
Сыр өңірі, соның ішінде қазыналы Қазалының киелі мекені күні бүгінге дейін қалың көпшілікке ішке бүккен сырын, тереңнен тін тартқан тұмса тарихын түгел аша қоймаған тарихи-мәдени ескерткіштер де, көпшілікке белгілі әулие-әнбиелер, топқа салсаң тайсалмайтын от ауызды, орақ тілді би-шешендер, ел қорғаны болған батырлар мен арқалы ақын-жырау, жыршылаырмен еж­ел­ден-ақ белгілі болған.
Сондай асыл ерлеріміздің бірі – еліміздің тұтастығына елеулі үлес қосқан, жастайынан халқымыздың бостандығы үшін алысқан, барша қазаққа белгілі ел қорғаны атанған Жанқожа Нұрмұхамедұлының жо­рық жырауы болып отыз жылдай Ресей отаршылары мен Хиуа, Қоқан басқыншыларына қарсы бағытталған азаттық көтерілісінде бірге жүрген, заманының әрі батыры, әрі жырауы – Төремұрат Ешпенбетұлы.
Төремұрат жырау Ешпен­бетұлы шамамен 1810 жылы Қазалы өңірінде дүниеге келіп, 1880 жылы өмірден өткен. Бұхара қаласында оқып, діни білім алған ол Кіші жүз Әлімнің Кішкене руының Құрманай аталығынан шыққан.
Белгілі өнер зерттеушісі, доцент, фольклорист-ғалым Берік Жүсіпов: «...Төремұрат жыраудың өмірі де өз толғауында айтылғандай сом жүректің лаулап жанған айқын көрінісіндей еді. Абай күңіреніп өтсе, Төремұрат лапылдап өтті. Қазақ әскери салтында «Тубегі» деген әскери дәреже болған. Ол қазақ қолының жантелісі, рухы ретінде әспеттелген. Төремұрат жырау Жанқожа батыр қолының тубегі болған. Қоқан қолына қарсы бағытталған шайқастағы айтылған толғауы оның «Ұран күйімен» бірге айтылған. «Ұран күйі» қазақ музыка тарихында әскери марш жанрына жатады. Төремұрат жыраудың ұран сарыны, яғни «Жорық әні» бұрынғы еңбектерімізде «Мұсабайдың әні» деген атпен жаңылыс берілген еді. Соңғы жылдары бұл ән Нұртуған ақынның «Кәнекей тілім, сөйлеші» деген сөзімен халыққа белгілі болып жүр. Ал, Төремұрат жыраудың өз сөзі ұмыт болған» деп жазады.
Жырауды хан құрметтеп, халқы қадір тұтқан. Ел шетіне жау келгенде, халық толқыған сәттерде олардан ақыл-кеңес сұралған. Ел тағдыры сынға түскен, осындай аласапыран кезеңдерде жыраулар елді бірлікке шақырып, ханның да, қараның да көңілін жайландырып, рухтандырып, тығырықтан шығару жолын сілтеп отырған.
Міне, осындай ел басына күн туған қиын-қыстау уақытта өз миссия­сын абыроймен атқарып шыққан Жанқожа батырдың жорық жырауы Төремұрат Ешпенбетұлының есіміне Әйтеке би кентінің орталығынан жыраудың тікелей ұрпағының бірі, еңбек ардагері Әбжами Жанаевтың бастамасымен көше берілгені көпшілік үшін олқылықтың орны толған айтулы оқиға болды.
Осыған орай, 22 маусым күні Әйтеке би кентінің орталық алаңында «Құрманай Төремұрат – жырдың селі» атты жыр кеші өткізіліп, оған Қызылорда қаласы, Арал, Қазалы өңірлерінен қатысқан белгілі жырау-термешілер Айбек Тәңірбергенов, Әлібек Шынжанов, Кеңес Болатбекұлы, Еркебұлан Шынжанов, Ерсейіт Әлиев, Абылайхан Бектасов, Гүлбану Досанова, Асылзат Әбілхан, сонымен бірге жас жыршы Тұрар Айдос қатысып, Төремұрат Ешпенбетұлының шығармаларын, толғауларын, өз арнауын орындады. Белгілі термеші, Қазалы аудандық мәдениет орталығының қызметкері Гүлбану Досанованың аудандық «Қазалы» газетінің жауапты хатшысы, жас ақын Есет Табынбаевтың сөзіне жазылған арнау толғауы көпшіліктің көңілінен шықты.
Төремұрат жыраудың жиен шөбересі Құдайберген Кенжеғараевтың арнау өлеңі де алаңға жиналған жұртшылықты бір серпілтіп тастады. Барша жырауларға жыр кешінде баба туыстарының тағайындаған қаржылай сыйлықтары табысталды. Бұған қоса жорық жырауының құрметіне сол күні өткізілген шахмат турнирінің жеңімпаздарына да қаржылай жүлделер табыс етілді.
23 маусым күні Төремұрат жырау Ешпенбетұлы атындағы көшенің ашылуында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына сәйкес өлкеміздің тарихын біліп, ұлағатты тұлғаларын ұлықтау игілікті іс екенін атап өтіп, салтанатты шараға жиналған тұрғындарға құттықтауын жеткізді.
Сөз кезегін алған еңбек ардагері Әбжами Жанаев Төремұрат жыраудың жалынды жырларынан мысалдар келтіріп, өзі бастаған осы абыройлы іске жұмылған барша ағайын-туысқа, тұрғындарға, қолдау көрсеткен аудан басшылығына алғысын білдірді.
Төремұрат жырау Ешпенбетұлының рухына арнап Қазалы қаласында берілген асқа жиналған көпшілік Жанқожа Нұрмұхаммедұлының кесенесіне аялдап, «Жанқожа батыр» мешітінің бас имамы Берік қажы Сүлейменов баба рухына құран бағыштады. Алыс-жақындағы ағайын-туыстың басын қосып Төремұрат жыраудың іс-шарасын ұйымдастырып жүрген Қазалы аудандық телекоммуникация торабының бастығы Шамшадин Өксікбаев рухани шараға қаржылай үлес қосқан барша ағайынның атынан «Жанқожа батыр» қорына жүз мың теңге аударылатынын жария етті.
Алматы, Қызылорда, Байқоңыр, Арал және өзге өңірлерден жиналған жұртшылық баба рухына арналған садақа дастарқанынан дәм татып, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Ұйымдастыру алқасына алғыстарын жеткізумен бірге бұл рухани шараның бүгінмен шектелмей, осы уақытқа дейін елеусіз қалып келген жорық жырауы Төремұрат Ешпенбетұлы есімін естен шығармау қажеттігін айтып тарқасты.

Әлімжан ӘЛКЕБАЙҰЛЫ,
Әйтеке би кенті.

26 маусым 2018 ж. 2 077 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 52

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930