Жаңа туынды таныстырылды
Аудандық орталық кітапханада 18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне орай Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Бақытжан Ахметбектің «Сыр ескерткіштері» кітабының таныстырылымы өтті.
Оқырман назарына ұсынылған Бақытжан Ахметбектің «Сыр ескерткіштері» кітабына ежелгі Сыр өңірінің киелі орындары, осы өлкеден шыққан топ бастаған отауызды, орақ тілді айтулы би-шешендер, қол бастаған батырлар мен дүлдүл ақын-жыраулар, әулие-әнбиелер, тарихи ескерткіштер мен кесенелер жайлы ғылыми-зерттеу мақалалары топтастырылған. Түркі әлеміндегі ірі тұлға Қорқыт Ата жайлы зерттеулері тың әрі қызықты.
Шараға ардагерлер, білім және мәдениет саласының қызметкерлері, оқырмандар қатысып, ой-пікірлерін ортаға салды.
Сондай-ақ, көпшілікке «Ескерткіштер – ел тарихы» атты кітап көрмесі таныстырылып, Қазалы аграрлы-техникалық колледж студенттері жыр-шумақтарын оқыды.
Кешті қорытындылаған аудандық орталық кітапхана директоры И.Назарова: Сыр бойы – тұнған сыр. Осынау сырға толы өлкені өскелең ұрпаққа таныстыру, таныту – біздің борышымыз», – деп кешке қатысқан барша оқырманға алғысын білдірді.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА