Қазалыда "Заң мен тәртіп" идеологиясы аясында мәжіліс өтті
Қазалы ауданында аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың тапсырмасына сәйкес «Заң мен тәртіп» идеологиясын жүзеге асыру мақсатында Қазалы аудандық прокуратура қызметкерлері, аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция тобының инспекторлары, білім беру ұйымдарының басшылары мен орынбасарлары, ауылдық округтердегі заңгер мамандар және жастардың қатысуымен арнайы мәжіліс өтті.Жиынға аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов төрағалық етіп, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі мемлекеттік органдардың бірлескен іс-қимылының маңыздылығы жайында айтып өтті.
-Қоғамдық қауіпсіздікті сақтау – мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның тұрақтылығы мен дамуына тікелей ықпал ететін стратегиялық міндет. Бұл бағытта прокуратура органдарының үйлестіруші және қадағалаушы рөлі айрықша маңызға ие. Қазіргі кезеңде қоғамдық тәртіпті сақтау саласындағы талаптар күшейіп, халықтың құқықтық мәдениеті мен құқық қорғау жүйесіне деген сенімі артып отыр. Осыған байланысты әрбір құқық қорғау органының әрекеті заңдылыққа, кәсібилікке, жедел әрекет етуге және алдын алу шараларының сапасына негізделуі қажет. Біздің ортақ міндетіміз – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде барлық ресурстарды тиімді біріктіру, құқық бұзушылықтың кез келген көрінісіне жол бермеу және азаматтардың құқықтары мен тыныштығын қорғау, - деді Дәурен Оңғарбайұлы.
Жиында аудан прокурорының міндетін атқарушы Биқожа Жұмаш «Заң мен тәртіп» қағидатына кеңінен тоқталып өтсе, аудандық полиция бөлімінің бастығы Асылбай Аңсатов жастар мен кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықты болдырмау мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы, ал, аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов білім беру ұйымдарында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы атқарылатын шаралар туралы баяндады.Жиынды қорытындылаған Дәурен Оңғарбайұлы «Заң мен тәртіп» идеологиясын жүзеге асыру мақсатында әрі қарайда жұмыстар атқарыла беретіндігін жеткізіп, барша жиынға қатысушыларды қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелеріне байланысты бірлесе жұмыс атқаруға шақырды.














